Ресейге жұмыс іздеп барған қазақстандықтар тосын талаптарға тап болды

2284

Еңбек мигранттары көрші елде нені ескеруге тиістігі жарияланды.  

Ресейге жұмыс іздеп барған қазақстандықтар тосын талаптарға тап болды Фото: canva

Президент кешегі жолдауында Үкіметке білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін қолданысқа енгізуді жүктеді. Ол кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын қайта қарауды тапсырды.

Ресми мәлімет кейінгі жылдары жұмыс іздеп шекарадан әрі ауған Қазақстан азаматтарының саны күрт өскенін тіркеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, кейінгі 2 жылда ғана 331,5 мың қазақстандық еңбек мигрантына айналып, шетел асқан. Соның ішінде 2023 жылы – 191 000 адам, 2024 жылы –140 521 адам табыс табу арманымен жатжұрттарға аттанды.  

Бұл жерде негізгі бағыт – көрші Ресей болып қалуда, содан кейін Оңтүстік Корея, Түркия, Ұлыбритания, БАӘ, Еуропа мен АҚШ орналасқан. Бір ғана 2024 жылы 101 622 қазақстандық еңбек мигранты мәртебесінде Ресейге жұмыс істеуге кетті. Сарапшылар олардың түрлі қысым көріп жатқанына назар аудартады.

"2025 жылы Ресейде мигранттарға тікелей қатысты көптеген өзгеріс болды. Осы бір ғана жылда РФ-қа кірумен және оның аумағында жұмыс істеумен байланысты қаншама қағида қайта қаралды. Жыл басынан бері шектеулердің тұтас топтамасы күшіне енген болатын. Оған жазда және күзде жаңа кедергілер қосылды", – деп хабарлады Asia-Plus порталы.

Әрбір мигранттың бүкіл қозғалыс маршруті жазылады

Бұдан былай солтүстік көршіге жұмысқа орналасу үшін барған Қазақстан азаматтарының барлық жүріс-тұрысы, күн сайынғы қозғалыс бағдары арнайы ұялы қосымшада жазылатын болады.

Осы арқылы РФ кейбір еңбек мигранттарының түнгі бостекі жүрісін тыйып, жасалатын қылмыстарға қатыстылығын тексеруді мақсат етіп отыр. Келімсектердің тұрған жерін қадағалайтын жоба пилоттық режимде Мәскеу мен Мәскеу облысында іске қосылды.  

2025 жылғы 1 қыркүйекте осы екі өңірде жаңа көші-қон есебі бойынша 4 жылдық сынақ басталды. Оған сәйкес, егер сіз РФ-қа жұмыс істеу ниетінде барсаңыз және ресейлік азаматтығыңыз жоқ болса, онда RuStore ресейлік қосымшалар дүкенінен "Амина" атты ұялы қосымшаны жүктеп алуға мәжбүрленесіз.

Сізден осы ресейлік қосымшада тіркеуден өтуді талап етеді. Соны жасағаннан кейін сіздің геолокацияңыз автоматты түрде РФ Ішкі істер министрлігіне беріліп тұрады.

Сонымен бірге, шетелдік және қазақстандық мигранттарға бұдан былай геолокациясын өшіруге, сондай-ақ қайда барғанын жасыру үшін ұялы телефонын басқа біреуге беруге не қалдырып кетуге тыйым салады.

Егер "Амина" сіздің бір орыннан ұзақ уақыт бойы жылжымағаныңызды көрсетсе, ол жерге полиция наряды жіберілуі мүмкін. Егер смартфоныңызды бөгде біреуге ұзақ уақытқа бергеніңізді әшкерелесе, үлкен айыппұл салып, елден депортациялайды және 5 жыл бойы (болашақта өмір-бойға) Ресейге кіруге тыйым салады.

Егер ұялы қосымша арқылы сіз туралы деректердің РФ ІІМ-іне түспегеніне 3 жұмыс күнінен асып кетсе, сізді автоматты түрде есептен алып тастайды және "бақылауға алынған тұлғалар тізіліміне" ("реестр контролируемых лиц") енгізеді. Осыдан кейін құзырлы органдар тауып алып, елден аластайды.

Ресей "Амина" қосымшасын тек еңбек мигранттары ғана емес, РФ-қа турист ретінде немесе оқуға барған, бірақ 90 күннен артық қалған қазақстандықтар да орнатуға тиістігін ескертеді. Әзірге тек кәмелетке толмағандардан оны жүктеп алу талап етілмейді.

Айтқандай, "Амина" қосымшасын орнатқан мигранттар әлеужеліде оның жұмыс істемейтініне, жиі істен шығатынына шағымдануда. 

Жатжұрттықтарға жаңа алым енгізілді

Биыл еңбек мигранттарына арналған жаңа баж алымы енгізілді, ал, ескі алым-салықтардың мөлшері арттырылды.

Мысалы, енді жұмысқа арналған патентті және жұмыс істеуге рұқсатнаманы рәсімдеу немесе қайта рәсімдеу 4 200 рубльге (шамамен 29,4 мың теңгеге) түседі.

Егер жұмыс берушінің қосымша сұратуымен немесе басқа себеппен патенттің немесе рұқсатнаманың дубликаты қажет бола қалса, сондай-ақ мекенжайының ауысуы не басқалай осы құжаттарға өзгерістер енгізу талап етілсе – әрбір жағдайға 2 100 рублден (шамамен 14,7 мың теңгеден) төлеуге тура келеді.

Ресейде уақытша тұру мерзімін әрбір созу – бұдан былай 1 000 рубль (шамамен 7 мың теңге), ал, жұмыс істейтін жері бойынша есепке тұру – 500 рубль (3,5 мың теңгедей) тұрады.

Мигранттардың мемлекетке алым-салығы мұнымен бітпейді. Жұмысқа рұқсатнаманы ұзарту немесе патентті қайта рәсімдеу үшін 4 200 рубль (29,4 мың теңгедей), мерзімі ұзартылған рұқсатнаманың көшірмесін беру не оған өзгерістер енгізу үшін – 2 100 рубль, тұрғылықты жері бойынша тіркеуге қою үшін – 1 000 рубль (бұрын 420 рубль болатын) сұралады.

Қысқасы, РФ-та жұмыс істеу және тұрақты тұру үшін қажетті құжаттармен байланысты кез келген іс-әрекеттерге ақы талап етіледі және олардың сомасы 1,5-2 еседен көп қымбаттап кетті.  

2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап, ресейлік шекарашылар себебін еш түсіндірместен, шетелдіктің елге кіруіне тыйым салып тастай алады. Мысалы, оған сіздің кезекте өзіңізді қалай ұстағаныңыз, қатты сөйлегеніңіз, ренжігеніңіз, тіпті сыртқы кейпіңіз ұнамай қалуы мүмкін.

Бұрын Қазақстан азаматының Ресейге кіруіне неге рұқсат етілмегені жөнінде РФ ІІМ-і ресми түсініктеме беретін. Енді одан бас тарта алады.

Көрші мұндай қадамға неліктен барды? Себебі бұлыңғыр: №114 федералдық заңның 27-ші бабында мұның "Ресей федерациясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында" жасалатыны ғана көрсетілген.

Ресейлік заңгерлер бұл тұжырым бұрыннан визасыз режим аясында Ресейге еш қиындықсыз барып-келіп жүрген адамдарға да қатысты болуы мүмкін екенін ескертеді. Паспортыңыздағы мөрлер үлкен рөл атқармайды.

Бұл талап Қазақстан қоғамында үлкен резонанс тудырды. Ақпарат құралдары мұның бейресми "визалық режимді" енгізуге ұқсайтынын жазды. Өйткені шетел азаматтары, соның ішінде Қазақстан тұрғындары көрші елге бармас бұрын тиісті қосымшаны орнатып, сол арқылы алдын ала рұқсат алуға міндеттелді.

2025 жылғы 30 маусымнан бастап, Қазақстан азаматтары да "Госуслуги RuID" ұялы қосымшасы арқылы РФ-қа баратыны туралы кем дегенде 72 сағат бұрын құлағдар етуге міндетті. Шұғыл жағдайларда ғана, мысалға, науқас болса немесе Ресейдегі жақын туысы қайтыс болса, кірерден 4 сағат бұрын хабарлама беруіне рұқсат етіледі.   

Аталған қосымша арқылы өтініш берілгеннен кейін онда әрбір қазақстандықтың өзіне арналған QR-коды түзіледі. Соны шекараны кесіп өту кезінде ресейлік шекарашыларға көрсету қажет.

Қазақстандықтардың саусақ таңбасы жиналады

Жаңа талап бойынша 2025 жылғы 30 маусымнан РФ-қа визасыз кіретін шетелдіктер, соның ішінде қазақстандықтар міндетті түрде "цифрлық профилін" жасауға тиіс. Әуежайлар не өзге шекаралық өткізу бекеттері арқылы өту кезінде ол РФ-қа өзінің биометриялық деректерін – бет-жүзінің фотосуретін және саусақ таңбаларын тапсыруға міндеттелді.

Бұл деректер "Госуслуги RuID" мобильді қосымшасына енгізіледі. Содан соң осы жүйеде шетелдіктің цифрлық жеке кабинеті жасақталады. Цифрлық профиль Ресейдің құзырлы органдарына елге нақты кімнің кіргенін және ол туралы егжей-тегжейлі ақпаратты білуіне мүмкіндік береді. Бұдан 6 жасқа дейінгі балдырғандар ғана босатылды.

Ресейде болу мерзімі азайтылды

Қазақстан және РФ арасындағы визасыз режим қазақстандықтарға Ресейде енді ұзақ уақыт тұрақты тұруға құқық бермейді. Бұл режим тек қысқа мерзімге, айталық, туристік мақсатта немесе іссапар жасауға баруды ғана жеңілдетеді.

Бұрын Қазақстан азаматтарына қатысты "90/180" ережесі әрекет ететін. Яғни, РФ аумағында жарты жыл бойы 180 күн үзіліссіз өмір сүруге рұқсат етілетін. Содан соң Отанына оралып, Ресейге қайта кіруге тиіс еді.

Алайда 2025 жылдың 1 қаңтарынан бұл мерзім өзгерді: қазақстандықтар Ресейде 1 жыл ішінде небәрі 90 күннен аспайтын мерзім бойы бола алады. Осы мерзім түгесілген соң РФ аумағын өз еркімен тастап шығуға тиіс. ҚР азаматы РФ-қа келесі жылға шейін қайта бара алмайды. Кетпесе, депортацияланады және 5 жылға қайта кіре алмайды.

Қарапайым тілмен айтқанда, қазақстандықтардың Ресейде тұру мерзімі бір жыл үшін 90 күнмен шектелді.

Отбасымен қауышу мезеті әрі ысырылды

Қысқа мерзімге Ресейге кіріп-шығып жүргісі келмейтін қазақстандық ерлер – ресейлік әйелдерге үйленетін, қазақстандық ханымдар ресейліктер арасынан күйеу табатын тәжірибе бар. Сонда 1 жылдан кейін Ресейде уақытша тұру ықтиярхатын оңайлатылған тәртіппен алуына болатын. Бұл – "отбасымен қауышу" деп аталады.

Дегенмен, биылдан бастап, РФ азаматымен некеге тұрғандардың уақытша тұруға рұқсат алу үшін қажетті мерзімі ұзартылды. 2025 жылдың 25 қаңтарынан бастап, жеңілдетілген тәртіппен ықтиярхат рәсімдеу үшін РФ азаматымен 1 емес, 3 жыл бойы некеде болу талап етіледі.

Құзырлы орган қызметкері жалған некені анықтау үшін енді шетелдіктен ресейлік жұбайымен бірге өткізген демалысының фото, видеосын көрсетуді, оның жеке басына қатысты өзгелер білмейтін, жалпы емес деректерді айтуды сұрауы мүмкін.

Заңсыз мигранттарға жаза күшейтілді

Биылдан бастап, күш құрылымдарына заңсыз мигранттарды іздеп тауып, жазалауда бұрын-соңды болмаған құзыр-құралдар берілді. Мысалы, РФ полициясына бұрынғыдай соттың шешімін алмай-ақ, келімсектерді өз бетінше елден қуып шығуына өкілеттік берілді.

Бұған қоса, РФ аумағында заңсыз жүргені үшін айыппұлдар арттырылды. РФ-ке кіру және одан шығу қағидаларын бұзу, сондай-ақ елде болу немесе тұру шарттарын бұзу үшін айыппұл 5 000 рубльге (шамамен 35 мың теңгедей) дейін ұлғайтылды. Бұрын ең жоғарғы айыппұл 2 000 рубльден аспайтын.

Сондай-ақ 2025 жылдан бастап шетел азаматтарын жұмысқа алған ресейлік жұмыс берушілерге бақылау қатайтылды. Оған сәйкес, компаниялар мен жеке кәсіпкерлер мигранттарды жұмысқа қабылдағаны және босатқаны туралы РФ ІІМ-іне 3 күн ішінде хабарлауға міндетті.  Хабарламаса, ұмытып кетсе, жазаланады.

Бұдан бөлек, жұмыс берушілер өз жұмысшысының патенті, жұмысқа рұқсатнамасы және басқа құжаттарының жалған емес, дұрыстығын өзі тексереді және сол үшін жауап береді.

Сарапшылар Ресейдегі тыйымдар, шектеулер мен талаптар мұнымен бітпейтінін және жаңалары тоқтаусыз қосылып жатқанын ескертеді. Ендеше көршіге аттанған қазақстандықтар абай болғаны, ақырын жүріп анық басқаны абзал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу