Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) ресейлік спортшыларға халықаралық жарыстарда өз елінің туы, гимні және символикасымен қатысуға рұқсат берді. Бұған дейін, биыл мамыр айында IJF осындай шешімді Беларусь спортшыларына қатысты қабылдаған еді.
Федерация мәлімдемесінде Ресейдің әлемдік дзюдода маңызды орын алатыны және оның толыққанды оралуы жарыстардың деңгейін көтеретіні айтылған. Сондай-ақ IJF спортшылар үкіметтердің немесе мемлекеттік органдардың шешімдері үшін жауапты болмауы керек екенін атап өтті.
Украина дзюдо федерациясы бұл шешімге қарсылық білдіріп, оны жүзеге асырмау үшін барлық мүмкін шараларды қабылдайтынын мәлімдеді.
Халықаралық дзюдо федерациясы ресейлік спортшылар үшін міндетті бейтарап мәртебені алып тастаған алғашқы халықаралық спорт ұйымы.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін спортшыларға шектеулер енгізілген болатын. Сол жылы ақпанда IJF Владимир Путиннің Халықаралық дзюдо федерациясындағы құрметті президент және елші ретіндегі мәртебесін тоқтатты.