Ресейлік экономист: "Бәрі ыдырап барады – халықты сабырға шақыра алмаймын"

12212

Порталымызға Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, экономист Наталья Зубаревичтің санкциялардан кейінгі Ресей экономикасы жайлы пайым-пікірін беруді жөн көріп отырмыз. 

Ресейлік экономист: "Бәрі ыдырап барады – халықты сабырға шақыра алмаймын"

Қазақстанмен саудасы, экономикалық серіктестігі біте қайнасқан Ресей әлем тарихында ең көп санкция енгізілген елге айналды. Ол елдегі шынайы картина қандай? Батыс елдерінің санкциялары ондағы өндіріс ошақтарына қалай әсер етіп жатыр? Экономикасы шамадан тыс соққы алған елдің келешекте не күтіп тұр? Оқып көрелік.

"Металды енді қайда өткіземіз"

"Ресейдің картасына көз салып, дәл қазір санкциялардың салдарынан экономикасы қатты соққы алатын қалаларымызды шолып шықтым. Атап айтқанда, метал өндіретін қалаларымыздың көбі, әсіресе Еуропаға жақын қалалар санкция салқынын бірінші сезеді. Өйткені "Северсталь" компаниясына қарасты Череповец комбинатының өнімін Еуропаға шығара алмайды. Новолипецк комбинатына арналған жайма прокаты да Еуропаға экспорттауға бейімделген. Яғни қазір бүкіл ресейлік металл өндірушілердің төбе шашы тік тұрған сәт келді. Ал өзіңіз білетіндей, меткомбинатта он мыңдаған адам еңбек етеді. Сол себепті бұл бағыттағы бизнес тығырықтан қалай шығатыны мүлде белгісіз", – дейді экономист RTVI арнасына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, ресейлік билік шын мәнінде өз аяғын көздеп тұрып өз оғымен атып отыр. Қазірдің өзінде қайың баланстарының, қағаз жасауға арналған шиптердің, фанерлердің экспортына шектеу қойған. Ал бұл фактор Карелияның экономикасына теріс әсерін тигізеді. Финляндияға экспорт тоқтағандықтан, Карелиядан бөлек Архангельсте де, елдің солтүстік батысында көп сұрақ туындайды.

"Приморский аймағындағы Терней ауданында номенклатураның экспортына тыйым салынғандықтан, олар Жапония мен Оңтүстік Кореядан алып отырған ақшасынан айырылды", – дейді ол.

Аграрлық саладағы қиындықтар

Экономист сонымен қатар Ресейдің оңтүстігіндегі өндіріс ошақтарына назар аударады.

"Оңтүстікті алып қарайық. Аграрлық саламыз біз үшін алынбас қамал саналатын. Бірақ бидай экспортына тыйым салынды. Құдайға шүкір, биыл батыстағы әріптестер дәнді материалдары 2022 жылы Ресейге жеткізілетінін, алайда 2023 жылы жеткізу немесе жеткізбеу мәселесі Украинадағы жағдайға байланысты болатынын хабарлады. Бізде күнбағыс майы, қант қызылшасы бойынша дән материалдарының жартысы Батыс елдерінен әкелінеді. Қазір тауар өндірушілер қиын жағдайда қалды. Мен өнім шығарсам, пайда әкелем бе өзі деген сұрақ олардың санасын сансыратып тұр. Өйткені біз ол шығаратын өнімнің бағасын әкімшілік шаралармен қымбаттатпай ұстап отырмыз. Ал сол тауар өндірушіге қажетті қызметтердің бәрі қымбаттап барады", – дейді ол.

Наталья Зубаревич автоөндіріс жайлы бәрі айтылып кеткенін еске салады. Кореялықтар мен жапондар кетпеген күннің өзінде комплект саймандар Ресейде жоқтың қасы. Бұл сала толық бір орында тұрып қалғалы тұр. Автоваз Лада гранта көлігін ғана шығарып жатыр. Ал КамАз өндірісі тоқтап қалған. Өйткені оның кабинасын ресейліктер Daimler компаниясынан алып келген.

"Мен бүкіл еліміздің географиясын картадан көрсетіп, қай қаланың қандай өндірісі тоқтайтынын, қай сала шатқаяқтап қалатынын айтып бере аламын. Екатеринбургтың жанындағы көлік шығаратын Синара компаниясы, Тверьдегі Трансмашхолдинг (француздармен бірлесе вагон шығаратын, 100 мыңнан астам қызметкері бар компания) бәрі тоқтайды. Ал бұл Тверьдегі ең керемет зауыттардың бірі осы Трансмашхолдинг болатын. Ондағы адамдар айлықты көп алып келді, әлеуметтік жағынан жақсы қамтылды. Енді олардың күні не болады? Уралдағы вагон зауыты жабылды. Онда да сол жағдай", – дейді сарапшы.

"Батысты жауап-санкцияларымен қорқыта алмаймыз"

Наталья Зубаревич экономикада бәрі ыдырап бара жатқанына алаңдайды

"Біздің билік Батыс елдерін біз онда "минералды тыңайтқыштарды оларға сатпай қояйық", – деп "жазалағалы" жатыр екен.

Алайда дәл осы минералды тыңайтқыштармен Новгород, Перьм аймағы, Тульск облысы күн көріп отыр емес пе!? Батыс елдеріне минералды тыңайтқыш сатпаймын деп, анасына ерегескен балаға ұқсап, аязда құлағыңызды үсітіп аласыз ғой. Ал адамдар қалай күн көреді? Ресейде өндірілетін минералды тыңайтқыштардың 80 пайызы экспортқа шығады. Экспорт тоқтаса, кәсіпорындар жабылады", – дейді экономист.

Ресейде осылайша экономикалық жағдай күннен-күнге ушығып барады. Әзірге түрлі-түсті металлургия саласы тыныш. Дерипаска (олигарх) санкцияға ілінсе де, Гонконг арқылы ілдебайлап өнімін сатып жатыр. Палладийге де санкция жетпеген.

"Уранға да. Бірақ уранның өзін біз негізінен қазақтардан өндіріп жатырмыз ғой. Осы жақта ептеп өңдегенімізбен, бәрібір оны қазақтардан алып отырмыз. Ол елде Росатомның өз кеніштері бар. Ресейдің экономикасы – алып пеш секілді. Сол пешті бір пауза күтіп тұр. Ал шынтуайтында, ол пеш сәл ғана сәттің өзіне тоқтамауға тиіс. Ал біз сол пешті қолмен бітеп жатырмыз. Пешті бітейді екенсіз, кейін оны қайта іске қосуға бірнеше ай бойы уақытыңызды кетіресіз. Сол себепті осы шығынның бәрін есептей отырып, айналамдағы адамдардың осындай қиындықтарды қалайша түсінбейтінін таңғаламын. Экономикасы соққы алатын қалаларды санап шығу мүмкін емес", – дейді ол.

"Әскери коммунизм енгіземіз бе"...

Экономистің мұнай-газ саласындағы таныстары маневр жасайтын бір ай ғана уақыт барын айтқан екен.

"Яғни Ресей экономикасы үшін екінші тоқсан – Х тоқсаны болғалы тұр. Экономика тұрғысынан "майдан" даласына көз салып отырып, адамдарды енді тыныштандырып, сабырға шақырып отыра алмаймын. Болып жатқан жағдайлардың масштабын сезіп, біліп отырмын. Бизнеске қысым жасап, бағаларды реттеп, аз ғана уақытты билік ұтуы мүмкін. Алайда кез келген тауар өндіруші шығындалу үшін жұмыс істемейді. Әскери коммунизм енгіземіз бе? Соған таяп қалдық", – деп алаңдайды ол.

Наталья Зубаревич журналистің "енді келешегіміз не болады" деген сұраққа былайша жауап берген.

"Осы жағдайлардан кейін тоқсаныншы жылдар есіме түсті. Мен ол кезде естияр адам едім. 1992 жылы түп тереңге батып кеткен секілді сезіндік. Одан кейін сол күй 1993 жылы жалғасты.1994 жылы "қара дүйсенбі", "қара бейсенбілер" көбейіп кетті. 1995 жылы шын түп тереңге құлдиладық. 1996 жылы сәл өсім байқадық та, 1998 жылы дефолтты өткердік. Осыған қарамастан адамдар тірі қалды. Сол себепті мен қиялға беріліп, бірдеңе болжағым келмейді. Адам деген бейімделуге аса шебер тіршілік иесі. Сол себепті ештеңе дей алмаймын.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу