Ресейлік химиктер Павлодардың өніміне де, мамандарына да қызығып отыр

2765

"Алтайский Химпром" ААҚ павлодарлық мұнай-химия саласы мамандарымен ынтымақтастықты жандандырғысы келеді.

Ресейлік химиктер Павлодардың өніміне де, мамандарына да қызығып отыр

"Ең алдымен "Каустик" АҚ, "БО-НА" кәсіпорыны және жергілікті мұнай өңдеу зауытымен ынтымақтастық жасау мүмкіндігі қызықтырды", – деді ресейлік кәсіпорынның бас директоры Евгений Шумейко abctv.kz-ке.

Әу баста ресейліктер "Каустик" АҚ шығаратын тұз қышқылын сатып алуды ойға алған болатын. Павлодарлық кәсіпорын жылына 45000 тонна (айына 3700 тонна) тұз қышқылын өндіреді. Ал "Алтайский Химпром" ААҚ кәсіпорны болса, өзіндегі тапсырысқа қарай айына 70-140 тонна тұтынады.

"Қай кезде де бірнеше шикізат көзін ұстаған жөн. 2014 жылға дейін кәсіпорындар арасында байланыс болған, кейін рубль мен теңге арасында үлкен айырмашылық туындаған соң банкрот болдық та, біз үшін шикізатты Қытайдан сатып алу тиімді болды. Өкінішке қарай, сол кезде байланысты үзіп алдық. Енді оны қалыпқа келтіреміз деп ойлаймын. Павлодар бізге логистика тұрғысынан тиімді. Ара қашықтық небәрі екі жүз шақырым ғана, бұл өнімнің өзіндікқұнын арзандатады, оның үстіне бізде теміржол инфрақұрылымы жақсы дамыған. Алдын ала талқылап алдық, енді ұзақмерзімді ынтымақтастық орнауға тиіс. Ең бастысы, өндірілетін өнімінің сапасы мен бағасы біздің көңілімізден шығып отыр", – деді Евгений Шумейко.

Ресейлік компания дезинфекциялау құралдарын шығарумен айналысатын "БО-НА" ЖШС-пен бірлескен өндіріс ашуды қалайды. Ал кәсіпорынның қай елдің аумағында орын тебетіндігі тиімділік тұрғысынан шешілетін болады.

"Бізде технология, ал "БО-НА" -да тұтынушылардың белгілі көлемі бар. Нарық үлкен болған сайын, тұтынушы да көп. Біз концентрат дайындаумен, ал қазақстандық компания қаптаумен айналысуы мүмкін. Мен Павлодарға келгенде, нарықты Қазақстан жаққа қарай ұлғайтудың мүмкіндігін байқастауды мақсат еттім. Оған қоса шекаралас ауданбыз, логистика жағынан өте ыңғайлы орналасқанбыз", – деді кәсіпорынның бас директоры. "БО-НА" ЖШС бұл идеяны жақсы қабылдағанмен, шешім қабылдауға асығар емес.

Ал "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС-ын ресейліктер өздерінің өнімін тағы бір тұтынушы ретінде қарастырады. Бұл жерде әңгіме ресейліктер шығаратын химиялық реагенттер жайында болып отыр.

"Мұнай саласына арналған осы нарықтың негізгі бөлігін екі әлемдік компания еншілеп тұр. Біз баламалы өнімді арзан бағамен ұсынамыз. Егер мысал келтіретін болсақ, онда қазіргі уақытта Каспий маңы аймағындағы бір қазақстандық компаниямен жұмыс жасауды бастадық, жөнелтетін өнімнің алғашқы легін шығарып жатырмыз. Дәл осындай жапондық өнімнің бір тоннасы 4,5 млн теңгеден сатып алынған болатын. Ал біз ресми сауда арқылы екі миллион теңгеден ұсынып отырмыз. Айырмашылық бар деп ойлаймыз. Әрине, өніміміз алдымен зертханалық сынақтан өтіп, кейін болашақ тұтынушыға таныстырылды", – деді Евгений Шумейко.

Сонымен қатар ресейліктердің көзі павлодарлық кадрларға да "түсіп отыр". Әсіресе, қолдану аясы тар бейінді мамандыққа оқып жатқан студенттерге қығып отыр. Павлодарда мұнай және химия саласы үшін мамандар дайындайтын үш колледж бар. "Алтайский Химпром" ААҚ бас директорының айтуынша, олар тіпті студенттерді тәжірибеден өткізуге де дайын. Мәселенің барлығы кәсіпорынның ауылдық аймақта орналасуына байланысты болып отыр. Ірі өндірістік қалалар алыс орналасқан, сондықтан кадрларды алатын да жер жоқ.

Қазақ жерінде өткен алтайлық және павлодарлық бизнесмендердің кездесуін облыстық "Атамекен" кәсіпкерлер ұлттық палатасы ұйымдастырды. Павлодар облысының ұлттық палата директоры Серік Байсейітовтың айтуынша, Ресей мен Қазақстан арасындағы өзарақатынас саяси және экономикалық тұрғыдан жылдам дамып келеді.

"Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы мен Ресей арасындағы сауда айналым 1,2 млрд доллар болған. Біздің тауарларымыз өндіріс, оның ішінде мұнай-химия, химия, отын, энергетикалық кешендерге арналған. Павлодар облысы – бұл индустриалдық аймақ, бірақ соған қарамастан қазір бізде ауыл шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу жақсы дамып жатыр. Бүгінгі күні Алтай өңірі біздің кәсіпкерлер әзірге шығармай отырған дайын өнімді көптеп шығаруда. Алтайлық және павлодарлық бизнесмендердің жемісті іскерлік келіссөз жасап, тығыз өзара әрекет етуін қалаймыз", – дейді палата директоры.

Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу