Ресейлік институт бітірген солтүстікқазақстандықтар елге оралмайды

2885

Петропавл қаласының қала құрылысы кеңесінің отырысында демографиялық мәліметтер сөз болды.

Ресейлік институт бітірген солтүстікқазақстандықтар елге оралмайды

Атап айтар болсақ, Солтүстік Қазақстан облысының орталығындағы халық саны 2050 жылы қазіргі 220 мың адамнан 320 мың адамға артатыны айтылды. Шындығына келер болсақ, бұл үлкен күмән тудырады. Петропавл соңғы 30 жылда халық санын жоғалтқан еліміздегі жалғыз облыс орталығы. Қала – егде тартқан адамдар саны көп, ал балалар саны ең аз облыс орталығы.

Биылғы жылы қаладағы халық санының табиғи өсімі 300 адамнан әрең асады, ал көші-қон сальдосы кері көрсеткіш көрсетіп отыр және бірінші көрсеткіштен екі есе асып түседі. Мұның барлығы бес жылдан бері еліміздің оңтүстігінен халықты көшіру бағдарламасын есепке алғанда болып отырған жайт. Жалпы қала мен облыста сыртқы эмиграция мен басқа өңірлерге көшу жоғары екені байқалып отырғаны бірінші рет емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстың кей аудандарындағы ресейлік ЖОО-ға түскен орта мектеп түлектерінің саны 70%-ға жеткені туралы ақпарат болған еді. Ал бүгінгі күні Петропавлдың өзіндегі ресейлік ЖОО-ға түскен кейбір орта мектеп түлектерінің саны 80%-ға жетіп отыр. Ресейлік институттарды бітірген солтүстікқазақстандықтардың басым бөлігі елге оралмайды.

Халықтың кету ағыны тоқтамай тұрған және табиғи өсімінде проблема бар қаланың демографиялық келешегі қандай болуы мүмкін? Оның үстіне, Петропавл субтропикте орналаспаған. Бұл өңірде қыс ұзақ және суық. Халық санының  45%-ға өсуі жайлы әңгіме болуы да мүмкін емес.

Мақсат Имандосов 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу