Ресейлік пропаганда жасырын есірткі нарығын неге насихаттауда?

1862

Интернеттің жабық сегменті – Даркнеттегі есірткі саудалайтын заңсыз маркетплейстердің пиарына RT (Russia Today), ресейлік хакер-патриоттар, блогерлер жұмылдырылыпты.

Ресейлік пропаганда жасырын есірткі нарығын неге насихаттауда? Фото: inbusiness.kz

Мәскеудің Украинаға шапқыншылығы өрістеген шақта, 2022 жылғы сәуірде тосыннан сау ете қалған Германия полициясының арнайы жасақтары алып Data center-ге лап қойды. Тінту жүргізілген серверлік орталықта Hydra деректері сақталған еді. Бұл – сол кезде ресейлік есірткі нарығының монополисті болатын: ғаламтордың ресейлік (ішінара қазақстандық) бөлігінде есірткінің түр-түрін сататын сайттардың, порталдардың, әлеуметтік желілердегі пабликтердің, телеграм-арналардың көбі соған қарайтын. Оның үстіне ол құйылатын криптовалюта көлемі жөнінен әлемдегі ең ірі даркнет-маркетплейс саналды.

Германияның күш құрылымдары Hydra серверлерінің өз аумағында орналасқанын бір жыл бұрын біліпті. Содан арнайы операцияны егжей-тегжейлі ұйымдастырған, жасырын ақпарат жиған. Бұрындары Берлин Еуропадағы Мәскеудің басты одақтасы болғаны мәлім. Содан сақтық танытса керек.

Немістердің батыл қимылға көшуіне РФ-тың Украинаға баса-көктей кіруі, соған байланысты Еуропалық Одақтың Ресейге қарсы қатаң санкциялар енгізуі серпін берген. Сәуірде банк секторындағы санкциялар нәтижесінде ресейлік карталардан жасалған төлемдер өтпей қалып жатты. Содан Hydra өз деректерін санкцияға қосылмаған өзге елдерге көшірудің қамын жасай бастайды. Олар "қоныс аударып" үлгергенше, германиялық құқық қорғау органдары қоршап алды.

Hydra-ның интернеттегі ресурстары жаппай істен шықты. Осыдан кейін ресейлік Даркнетте төл соғысы басталды. Алпауыт Гидрадан босаған орынды басуға бірнеше маркетплейс жанталасып, таласуда. Себебі, жеңістің олжасы мол: тек 2020 жылдың өзінде Hydra криптовалюталардың көмегімен 1,37 миллиард долларға есірткі сатқан. Ғаламтор арқылы өрбіген есірткі нарығын қайта бөліске салуға агрессивті кіріскен ойыншылар ештеңеден тайынбайтынын паш етті. Бұл жерде бақталастың "закладчиктеріне", курьерлеріне қастандық жасау, ұрып, не өлтіріп кету, болмаса, полицияға анонимді хабарлап ұстап беру сияқты криминал шыңырауына тереңдемей-ақ қоялық. Әңгіме олардың "түнек интернеттен" күнгейге қалай шыққанында болып отыр.

2022 жылғы 19 желтоқсанда сегізаяқтың сұлбасы бейнеленген қап-қара жаңа автобус Мәскеудің төріндегі Кутузов даңғылымен ағындап келіп, Үкімет үйінің жанында бірден екі жолақты бұғаттап, кесе-көлденең тұра қалды. Автобуста Kraken маркетплейсінің логотипі және QR-код бейнеленген. Оны сканерлеген адам интернеттегі есірткі саудаланатын сайтқа өте алады.

Бұл қылықтың қаншалықты қауіпті екенін мынадан түсінуге болады: Кутузов даңғылы – басты "үкіметтік трасса" саналады, онымен үнемі В.Путин Кремльден Ново-Огарёводағы резиденциясына сапарлайды.

Автобусты 18-19 жастағы үш бозбала айдап әкелген. Олардың ешқайсысында жүргізуші куәлігі жоқ көрінеді. Қоғамдық көлікпен жолды жауып тастаған олар оның кілтін өздерімен бірге ала кеткен. Бұған қоса, жұрт назарын аудартып, жан-жақтан жинау үшін автобустың айналасына файерлер жағып, лақтырды.

"Есірткілерді насихаттайтын" автобусты РФ бас қаласының орталығынан алып тастау үшін шамамен 20 минуттай уақыт кеткен. Ол жерге журналистер келіп, түсіріп үлгерген. Мұның есірткінің заңсыз саудасы екенін түсінбеген бірқатар телеграм-арналар оны жаңалық ретінда талғажау етіп, таратты. Кейін белгілі болғандай, әлгі науқанды жүзеге асырған үш жігітке жалпы сомасы 800 мың рубль уәде етіліпті. Бүгінде олар сот процесін күтіп отыр: оларға РФ Қылмыстық кодексінің "көлік құралдарын немесе қатынас жолдарын жарамсыз ету" бабы бойынша айып тағылды.

Бұл әрине, жалғыз оқиға емес. Кейбір көзіқарақты тұрғындар Москва-Ситидегі алып экраннан Даркнетте есірткі саудасымен айналысатын маркетплейске тікелей сілтеме жарнамаланғанына назар аудартты. Бұған дейінгі жылдары есірткі жарнама әлдебір дуалдарда немесе асфальт жолдарда бояулы баллонмен, трафарет арқылы "соль", "спайс" немесе басқа бір асығыс жазу жазып, сілтеме беруден аса алмайтын. Енді Украинаға соғыс ашамын деп басы бәлеге қалған Мәскеудің және бүкіл ресейлік биліктің байтал түгіл бас қайғы болған жайы бар. Осының түсінген наркобарондар батыл қимылдап жатыр. Нәтижесінде 2022 жылғы қарашада бай-бағыланға арналған сән-салтанатты Москва-Ситидің төрт қырлы алып жарнамалық текшесінде Kraken атауы жарқырап жазылып, сілтемесі берілген. РФ құқық қорғау органдарының дерегінше, Kraken Ресейде, ТМД өзге елдерінде есірткі сатуға маманданған басты маркетплейс атағына үміткерлердің бірі. 

"Новая газета. Европа" басылымының мәліметінше, Hydra жабылғалы бері Мәскеу, Петербор, Краснодар қалаларында жаңа 4 маркетплейс өз жарнамаларын кем дегенде 13 рет ұйымдастырды. Мысалы, өткен жылдан бері ресейліктер көпқабатты тұрғын үйдің балконында алып баннер ілініп, жанында жұртты жалт қарату үшін файерлар жағылғанын хабарлаған. Басынан аяқ боялып, брендтелген қымбат көлік қалаларды аралап жүрген. Бұдан бөлек жарнамалық бағаналардан видео-жарнамалар берілген.

Наркомафияның пиар-соғысына ресейлік билікке жақын ақпарат құралдары да тартылды. Былтырғы 9 қазанда Кремльдің басты халықаралық пропагандалық арнасы RT-да Killmilk лақап атын жамылған "Killnet хакерлер тобының негізін қалаушымен" сұхбат жарияланды. Соғыс басталғалы бұл "хактивистер" "Ресей жауларына қарсы" DDoS-шабуылдар ұйымдастырып келеді. Оларды ресейлік ақпарат құралдары өз жаңалықтарында үнемі әңгіме етеді, қаһармандардай дәріптейді.

Бірақ ресейлік хактивистердің жұмыстарын сонша жемісті һәм жеңісті деп айту қиын. Мысалы, биылғы қаңтарда олар Нидерланды мен АҚШ ауруханаларының сайттарын уақытша істен шығарды. Ақ үйдің сайтына үстемелеткен шабуыл жасады, салдарынан ол сайт небары жарты сағатқа жұмысын доғарып, қайта жүктеліп, жұмысын жалғастырды. Дегенмен, осының өзі ресейлік пропаганданың бас тақырыбына айналуға жетті. Өз Telegram-арналарында бұлар өз жұмыстарына және ресейлік армияны жабдықтауға ұдайы ақша жинайды екен. 

Әлемнің көптеген елдеріне тарайтын RT арнасына сұхбатында Killmilk сөз арасында Solaris маркетплейсін ауызға алды: қолдау көрсетіп отырғаны үшін оларға алғысын айтты және "Ресейдің достары" деп атады. Бірақ бұл доссымақтар есірткі сатумен айналысатынын нақтылауды "ұмытып" кетті. Осыдан кейін Solaris Killnet-ке шамамен 50 000 долларды криптовалютада аударған.

Killnet хактивистері есірткі нарығының бөлісіне белсенді қатысып, өз достарын насихаттап қана қоймай, олардың қарсыластарына шабуыл жасап келеді. Мысалы, RuTor форумын талқандауға күш салды.

"Новая газета. Европа" зерттеуінде айтылғандай, Hydra жабылғалы басталған тайталастан ресейлік пропаганда құралдары, әсіресе, телеграм-каналдар табысқа қарық болған. Олар аналитика, жаңалықтар, мемдер сыртында енді есірткі жарнамасымен айналысады.

"Бұрынғы жылдары телеграмм-арнаға жарнама табу мерекеге тең болатын. Бүгінде жарнама сатып алу мұңға айналды: барлығының жарнамалық орындары бірнеше ай алға оза сатылған. Жарнама жасырын түрде де жүреді, мысалы, жеке пост жарияламайды, күлкілі мемнің бір тұсына сілтеме басады. ПАВ-дарды (психобелсенді заттарды насихаттайтын телеграм-арналар) басқаратындардың бәрі дерлік жақсы табыс табады. Көптеген админ төл пәтерін сатып ала алды. Мысалы, 15 000 жазылушысы бар арна заңсыз маркетплейстар жарнамасынан айына бір жарым миллион рубль ала алады. Жарнама нарығында даркнет-форумдардың бірі он есе көп төлейді. Айталық, арна әр жарнамасына 200 мың рубль сұрайды. Олардың админдеріне шығады да, екі миллион лақтырады. Бұл ретте тіпті қанша пост шығуға тиістігін нақтыламайды. Егер белсенділік танытып, көңілінен шықсаң, тағы төгеді. Олардың құлына айналасың. Қауіпті ынтымақтастық, бірақ кірісі ұлан-дария, содан көбісі келіседі", – деп баяндады ресейлік басылымға осындай арналардың бірінің әкімшісі.

Алтын көріп, жолдан тайды ма, есірткінің жанама жарнамасы "Яндекс" беттерінде, видео-хостингтерде, белгілі блогерлер жүргізетін ірі телеграм-каналдарда пайда болып жатыр. Мысалға, ресейлік танымал тиктокер Некоглай стримге Mega маркетплейсінің логотипі бейнеленген футболкамен шыққан.

"Лига безопасного интернета" ұйымының басшысы Екатерина Мизулина есірткі сататын дүкендер мен маркетплейстарды жарнамалайтын телеграм-арналардың, блогерлердің тізімін жасап, жариялады. Соның негізінде РФ құзырлы органдары күрес жүргізеді. Біразын бұғаттап тастады. Қазақстанда да осы күреспен айналысатын белсенділер бар. Құзырлы органдарымыз белсендірек қимылдаса, жөн. Ұлт пен ұрпақты азғындайтын бұл уағыз бен зұлымдықтың Қазақстанға кең таралуына тегеурінді тосқауыл қою стратегиялық маңызды жұмыс болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу