"Ресейлік релокант Қазақстандағы абақтыда жынданып кетті"

3398

Ресейлік әйел соғысқа қарсы шыққаны үшін Алматыдағы изоляторға қамалды.  

"Ресейлік релокант Қазақстандағы абақтыда жынданып кетті" Фото: Наталья Нарская/TV2

Азаптауға қарсы қазақстандық коалицияның мүшесі, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Мұрат Адам дабыл қағып, Бас прокурорға, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге үндеу жолдады.

Ол "Психикалық сырқаты бар РФ азаматы Наталья Нарскаяға азаптаудың қолданылмауын бақылауға алуды" сұрады. Оның айтуынша, Нарская қазіргі кезде Алматыдағы тергеу изоляторында экстрадициялау алдындағы қамақта отыр. 

"2022 жылдың қыркүйек-қазанынан бері Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Ресей азаматы, Мәскеудің тумасы Наталья Нарскаясы экстрадициялық қамауға алуға санкция беріпті. Нарская Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Алматыдағы №72 мекемесінің тергеу изоляторына жабылды. Вокалдан сабақ беретін педагог сонша не бүлдіріп қойды? Бар айыбы – Ресейдің Украинаға шапқыншылығына қарсы сөз айтып, сұхбат берген! Сол үшін елінде қуғын-сүргінге ұшырады. Әріптес адвокаттар және коалициядағы құқық қорғаушылар маған мән-жайды түсіндірді: әйел Қазақстанда тығылып қалмаған, шақыру бойынша полицияға өзі келген. Полиция оны бірден тұтқындаған. Содан бері бір жылға жуық уақыт бойы абақтыда отыр", – деп қапаланды адвокат Мұрат Адам.

Ол кеше прокуратураға жазбаша өтініш пен адвокаттық сұраулар жіберді. Өйткені Нарскаяға білікті заңгерлік көмек көрсетейін десе, қолдарында экстрадициялық қамауға не негіз болғаны туралы ешқандай ресми ақпарат жоқ екен. Тіпті оған мемлекеттің тегін қорғаушы берген-бермегені де белгісіз. Егер мемлекет есебінен адвокат берілсе, ол неге тергеу сотының санкциясына қарсы шағым түсірмеген? Ол жағы да беймәлім көрінеді.

"Мұның бәрін әзірге білмейміз, енді байыбына барып, анық-қанығын анықтайтын боламыз. Бүгінде өткір, тіпті төтенше проблема әшкереленіп отыр. Өзге қамалғандардың айтуынша Наталья Нарскаяны азаптауда. Өйткені, оны карцерге қамап тастаған, тұтқындағылар оның шыңғырған дауысын естиді. Құқықтанушылар Натальяның "психиатриялық жай-күйі ауыр" деп хабарлады. Ондай жай-күймен изоляторда ұстауға болмайды. Шұғыл түрде психикалық денсаулық мекемесіне ауыстырып, медициналық көмек көрсетілуі шарт. Олай жасалмаған соң, оның психикалық ахуалы нашарлай береді. Оның ышқына қышқырған дауысынан бүкіл изолятордағылардың құлағы тұнып, жаны түршігетін көрінеді. Құқықтанушылар, журналистер Нарскаяның өз денесіне жарақатты өзі түсіретінін де жеткізді", – деді Мұрат Адам.

Сол себепті, ол алдымен Наталья Нарскаяның психикалық денсаулығына қатысты Ресейден мәлімет сұратыпты. Келген жауапта оның шынында да 2016 жылдан бері психикалық дерттен (шизофрения) зардап шегетіні жазылған. Адвокат анықтаманы Бас прокуратураға жазған өтінішіне қоса тіркеді.

Ендеше науқас адамды изоляторда ұстау арқылы Қазақстан өзі қосылған азаптауларға қарсы конвенцияны бұзған болып шығады.

Мұрат Адам Алматы қаласының прокуратурасына жеке қабылдауға жазыла алмағанына налыды. Содан соң, ол Наталья Нарскаямен жеке кездесуге тырысыпты. Бірақ әріптестері "тұтқынның психикалық жай-күйі ауыр болғандықтан, ол адвокаттармен кездесуге шықпайтынын", жалпы "бірқатар жағдайда бөтен адамдарды көрсе, тап беретінін" баяндаған екен. Ресейге алып кетеді деп қорқатын болса керек.

Сондықтан адвокат мәселе көтеріп, қазақстандық құзырлы органдардан ресейлік әйелге уақытылы заңгерлік және медициналық көмек көрсету үшін өз өтінішін қарауды тездетуді өтінді. Оны қорғауға да дайын екенін мәлімдеді.

Егер Қазақстан педагог Наталья Нарскаяны Ресейге аластатса, онда көрші азаматшасын "экстремизмге үндеу" деп аталатын ауыр баппен соттап, түрмеде түбіне жетуі мүмкін.

Ресейлік Sota қоғамдық-саяси басылымы "Нарскаяның есінен ауысуына қамаудағы азабы себеп болды" деп тұспалдады. Sota алматылық изоляторда былтырғы жылдың соңынан бері қамауда отырған қазақстандық қоғам белсендісі Бағдагүл Андрееваға сілтеме жасап, осы мәселені көтерді. Оның дерегінше, ресейлік әйел бір жыл бұрын емес, биылғы шілдеде қамауға алынған.

"Нарскаяның үнемі шыңғыратынын және карцерге жабылатынын сол изоляторда отырған журналист Әйгерім Тілеужан да өз адвокаты арқылы растады. Мәскеулік вокал бойынша педагог Н.Нарская 2022 жылы Алматыға көшті. Биылғы шілдеде ол тіркеуге тұрған баспанаға оны іздеп, полиция қызметкерлерлері барады. Өзін жергілікті құқық қорғау органдары іздегенін ести сала, Нарская 22 шілдеде полицияға өзі барып, мән-жайын білмек болады. Ол өз үстінен қылмыстық іс қозғалғанын және іздеуде жүргенін білмесе керек. Полиция бірден Нарскаяның қолына кісен салды. Содан соң Нарская сот шешімімен он екі айға экстрадициялық тұтқынға алынып, изоляторға қамалды", – деп жазады ресейлік Сота интернет-басылымы.

Ресейде Наталья Нарская "экстремизмге үндеу" (РФ қылмыстық кодексінің 280-бабының 2-бөлімі) бабы бойынша айыпталуда. Бұған оның ресейлік армияның Украинадағы сұмдық әрекеттерін сынауы және "арнайы әскери операцияға", яғни Украинаға шапқыншылыққа қарсы мәлімдеме жасауы себеп болыпты.

Бұдан бөлек, "Очевидцы" телеграм арнасының мәліметінше, Нарская экстремистік ұйым қызметін ұйымдастырды (РФ ҚК 282-бабының 2-бөлімі) деген күдікке ілікті. Бұған оның ресейлік "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде соғысқа қарсы постар жазуы негіз болған деседі.

Былтыр Мәскеу көршісіне соғыс ашқанда, 29 жасар қыз Люберцы қаласының әкімшілігіне хат жазады. Онда Нарская ресейлік әскердің қарау қарекеттерін батыл айыптаған. Бұл туралы ресейлік "Важные историй" басылымына оның туысқаны әңгімеледі. Содан кейін жергілікті депутаттар педагогтің үстінен полицияға шағым жазған.

"Наталья "арнайы әскери операцияның" дұрыс еместігін, өзі соғысқа қарсы шығатынын жазды. Артынша оған полиция келді. Ол тәртіп сақшыларына есігін ашпай қойды, есік сыртынан сөйлесті. Екі күннен соң тез жиналып, Қазақстанға қоныс аударды. Одан да алыс кететін бе еді, бірақ шетелдік паспорты жоқ болған соң тек іргедегі Қазақстан ғана қалды", – деді Нарскаяның туысы.

"Очевидцы" жобасына сұхбатында Қазақстанға жеткен Нарская сонда қалуды қалайтынын, Ресеймен барлық байланыстарын үзгісі келетінін мәлімдеді.

Туысқанының айтуынша, Нарскаяға сонау 2011 жылы "шизофрения" диагнозы қойылды, кейін ол психдиспансерге есепке тіркелген. Қыздың ұстамасы ұстап, жындыханаға бірнеше рет түсіпті. Ол ағайындарының ешқайсысын тани алмай қалатын күйге жеткен.

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгения Балтатарованың айтуынша, изоляторда да Нарскаяның жүйке жүйесі қатты сыр берген: ол изолятордың басшылығымен, адвокаттармен сөйлесуден бас тартты. Өзіне мемлекет есебінен тегін заңгерлік қорғаушыны ұсыну үшін қажетті қолхатқа да қол қоюдан ат-тонын ала қашыпты. 

Sota болса, Нарскаяның "ауруы" изоляторға қамалғаннан кейін қозғанына назар аудартады: "салдарынан ұстамасы күшейген кезде киімін шешіп, қасындағы адамдарға тап-тап бере берген соң, Натальяға медициналық көмек көрсету орнына карцерге қамап тастаған".

Н.Нарская өз туыстарымен соңғы рет 22 шілдеде ғана байланысқа шықты. Сонда әкесін туған күнімен құттықтаған. Кейіндері туысқандары Нарскаяны өз бетінше іздестіреді. Әкесінің қайтыс болғанын хабарламақ болған. Бірақ олар байланыса алмады.

Қазақстан өзінен пана сұраған барлық ресейліктердің өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.

Биылғы тамызда Қазақстан F.A.C.C.T. (бұрынғы Group-IB) желілік қауіпсіздік бизнесін дамыту жөніндегі басшысы Никита Кислицинді Ресейге экстрадициялауға келісті. Кислицин республикада АҚШ сұрауымен 22 маусымда тұтқындалған еді. 2020 жылы Америка оны Formspring әлеуметтік желісінен ұрлаған деректерді сатуға талаптанды деп айыптады. Group-IB мұны жоққа шығарды. Оның үстінен Ресей соты да үкім шығарып, сырттай тұтқындады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу