Ресейлік релоканттар барған елдерінде үлкен проблема тудырды

3525

Релокацияның Қазақстан экономикасын өсіруге неге ықпал етпегені анықталды.

Ресейлік релоканттар барған елдерінде үлкен проблема тудырды Фото: inbusiness.kz

Биылғы жылдың басында көршінің ақпарат құралдары шетелге ауған ресейліктердің өзге елдердің жалпы ішкі өнімінің өсімін жеделдеткені туралы жаһанға жар салды. Мұны ресейлік сарапшылар "релоканттар эффектісі" деп атады.

Ал бүгінде Мәскеудің репрессиясынан және мобилизациясынан қашқандардың өзге елдерге қиындық әкелгені анықталып отыр. Бұл жерде мәселе олардың өзге елдерде тыңшылық, диверсанттық қызметтермен айналысуы мүмкіндігі турасында ғана емес.  

Көші-қон комитетінің дерегінше, өткен жылғы 21 қыркүйектен бері Қазақстанға 937 мың РФ тұрғыны келген. Айналасы 20 миллионға жетпейтін халқы ғана бар еліміз үшін бұл өте көп. Олардың бәрі елге ақша аударғанда, бизнес пен жаңа жұмыс орындарын ашқанда, республикамыздың дамуына тың серпін берілетін еді. Бірақ олай болмады.

Ресейлік босқындардың үштен екі бөлігі әскерге алу науқаны аяқталған соң еліне қайтты немесе ары қарай өзге елдерге кетті. Нәтижесінде биыл Қазақстанда шамамен 298 мың РФ азаматы тұрып жатыр. Олардың 30 мыңдайы ғана жұмысқа орналасқан. Үлкен бөлігі жұмыспен қамту орталықтарына жұмыссыз ретінде тіркелген. Қалғаны не жұмыссыз, не заңсыз түрде, салық төлемей, еңбек етіп жүр.

Халықаралық сарапшылар өз елінен қашқан ресейліктердің қалың легінің өзге елдерге экономикалық ықпалын оң бағалап отырған жоқ. Әрине, олар Грузия мен Арменияның ЖІӨ-сінің елеулі өсуіне түрткі болды. Алайда осы және басқа елдерге РФ мигранттары инфляция әкелген, қымбатшылықтың күшеюіне серпін берген.

Алдымен, ресейлік ақпарат құралдары мақтан тұта жазған Кавказ елдеріндегі экономикалық өсімнің күрт ұлғаюын талдасақ.

Дүниежүзілік банктің болжамынша, Арменияның экономикасы 2022 жылы 4,8%-ға артады деп күтілді. Іс жүзінде Арменияда экономикалық өсім 12,6%-ды құрады. Бұл – бүкіл әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. РФ ақпарат құралдары бұған ресейлік релоканттар әсер етті деп насихаттап жүр.

ЖІӨ-сінің болжамы мен нақты өсімі арасында үлкен айырмашылық болған, сондықтан ресейлік сарапшылардың түрлі бұрмалауына "сылтау тауып берген" тағы бір ел – Грузия. Грузия Ұлттық банкінің дерегінше, 2022 жылы РФ азаматтары осы елге 3,6 млрд доллар аударыпты. Дегенмен, бұл сомаға туризм мен экспорт та кіреді. Былтырдан бері Мәскеу Грузияны батыстық санкцияларды айналып өтіп, тыйым салынған тауарларды тасуда делдал болатын "прокладка ел" ретінде пайдалануда. Нәтижесінде, Грузия ЖІӨ-сі 10,1% ұлғайды.

Демек, әлгі соманы тегіс релоканттар әкелді деуге болмайды.

Қырғыз республикасында жыл қорытындысында экономикалық өсім 7% болды. Жергілікті Ұлттық банктің мәліметінше, 2022 жылы Ресейден Қырғызстанға жалпы алғанда 2,8 млрд доллар қаражат аударылған. Мұны да көршінің сарапшылары ресейлік миграцияның игі ықпалы қатарына жатқызып жүр. Сонымен бірге бұл сомаға еңбек етіп, тапқан-таянғанын Ресейден Отанына аударатын қырғыз мигранттарының үлесі қомақты.

Дүниежүзілік банк 2022 жыл қорытындысында Оңтүстік Кавказ өңірінің ЖІӨ-сі 4,2% өседі деп жорамалдаған. Шынында 7%-ға артты. Халықаралық қаржылық ұйым мұны өңірдің пандемия туындатқан рецессиядан құтылуымен, туризмнің дамуымен түсіндіреді. Әрине, осы өңір арқылы тасқындап жатқан ресейлік "сұр импорттың" де сүбелі үлесі бар.

Армян экономисі Сурен Парсян өз елінің экономикасы тым шағын екеніне назар аудартады, сол себепті РФ релоканттары, әсіресе IT сала мамандары шынымен де Арменияның ЖІӨ-сінің өсіміне ықпал етті. Ресейліктер былтыр бұл республикаға 1,75 млрд доллар әкелген. Ал бұл армяндар үшін аста-төк қаражат: Арменияның бүкіл ЖІӨ-сінің көлемі 19,5 млрд доллар ғана.

Салыстырсақ, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанның ЖІӨ-сінің көлемі 2022 жыл қорытындысында 229 миллиард долларды құрады.

Калифорния университетінің профессоры Олег Ицхокидің пікірінше, Оңтүстік Кавказ, Түркия, Сербия, Мексика, Батыс елдеріне негізінен ауқатты, ең құрығанда жинақтары бар ресейліктер барды. Эмигранттар олардағы жергілікті тауарлар мен қызметтер нарығында сұраныс тудырды. Бұл ЖІӨ-де көрініс берді.

Қазақстаның жайы басқаша. Отандық волонтерлардың мәліметінше, мобилизациядан Қазақстанға қашқандардың көбісі осындағы туыстарын жағалап келген. Үйінен, арқадорбасына ауыстырып киетін киімін ғана толтыра салып, зытқандар көп болды. Олардың мүскін түрін, мүшкіл халін көріп, аяған қазақстандық волонтерлар ресейлік мигранттарды тамақтандырды, түрлі керек-жарақ заттарымен қамтамасыз етті, қайырымдылық қорлар арқылы баспана тауып берді. Өткен ғасырдағы сияқты өз шаңырақтарына алғандар да жетерлік.

"Релокант деген жасанды термин, шынында олардың бәрі – қашқындар мен қоныс аударушылар ғана. Босқын да емес: көрші елде қарулы жанжал болып жатқан жоқ. Олар Қазақстан экономикасының өсуіне елеулі өзгеріс әкеле алмады. Өйткені көбісінің ауқаты төмен болды. Үлкен көлемі еліміздің солтүстік аймағындағы туыстары мен тектестерін пана тұтып келді. Әсіресе, Батыс өңірлерімізде, Павлодарда, Петропавлда жергілікті орыстілділер қатарымыз толады деп ресейліктерді қуана, құшақ жая қарсы алғанына куә болдық. Бизнесмендер, түрлі ұйымдар оларды қолдауға қаражат, гуманитарлық көмек бөлді. Яғни, олар үшін Қазақстанның өзі шығындалды. Алматы мен елордаға ІТ мамандар келді. Оларды Astana Hub технопаркінен кездестіруге болады. Бірнеше компаниясы да релокацияланды. Бірақ олар бізде тапқан табыстарын негізінен шетелге шығаруда. Бұдан елге пайда шамалы. Оның үстіне Қазақстан экономикасы шикізатқа құрылған. Азды-көпті өңдеу өнеркәсібі дамуда. Осы салаларға қомақты инвестиция салмаса, ресейлік айтишілер және басқасы ЖІӨ өсіміне серпін бере алмайды", – деді экономист Марат Ерғозин.

Ұлттық экономика министрлігі "Ресейлік релоканттар ел экономикасына қандай ықпал етті?" деген сұрағына нақты жауап бере алмады.

"Ренессанс Капиталдың" РФ пен ТМД бойынша бас экономисі Софья Донецтің айтуынша, барлық елдердің арасында ең ұтылғаны – Қазақстан болды.

"Тек Қазақстанда ғана 2022 жыл қорытындысында ЖІӨ өсімі болжамдағыдан ерекшеленбеді. Бұл біріншіден, қазақ экономикасының ауқымымен және құрылымымен байланысты. Мысалы, Грузияның жан басына шақандағы ЖІӨ-сі 6,6 мың доллар, Арменияда 6,5 мың доллар ғана. Қазақстанда бұдан екі еседей көп. Екіншіден, Қазақстан билігі қызмет көрсету салаларына емес, өнеркәсіпке арқа сүйейді. Ал релоканттар қазақстандық өнеркәсіптің дамуына үлес қоспады", – деді Софья Донец.

Орыстарды арқа тұтатын Сербия да былтырдан бері көптеген ресейлік келімсекті қабылдауда. Алайда Сербия ЖІӨ-сінің өсімі Дүниежүзілік банктің болжамындағыдан екі еседей төмен болып шықты. Мысалы, Сербияның экономикасы 2022 жылы 4,5%-ға артады деп күтілді, шынында өсім небары 2,5% болды.

Ресейлік экономикалық шолушы Тимур Хайрутдинов ресейліктердің ағыны өзге елдерде тауарлар мен қызметтердің қымбатшылығын тудырғанына назар аудартады. Мәселен, Қазақстанда инфляциядан тарихи рекорд орнады: 2022 жылы 20,3%-ға жетті. Биыл да қымбатшылық ұшынып тұр.

"Ресейліктердің ең үлкен легінің бірін қабылдаған Түркияда оның тарихындағы ең жоғары инфляцияның бірі тіркелген. 2022 жыл қорытындысында Түркияда инфляция ауқымы 72,3% құрады. Бірақ сарапшылар мұны түрік лирасы бағамының әлсіреуімен және Орталық банктің төмен пайыздық ставкасын сақтауымен байланыстырады. Қырғызстанда инфляция деңгейі 14,7% болды. Грузия ұлттық статистика қызметінің дерегінше, бұл елде инфляция 12%-дан асты", – деді Тимур Хайрутдинов.

Экономист және Ресейлік экономикалық мектептің бұрынғы ректоры Рубен Ениколоповтың айтуынша, ресейлік иммигранттардың инфляцияға ықпалын олардың тұтынатын тауарлары мен қызметтерінің бағасының өсуінен байқауға болады. Атап айтқанда, олар барған елдерде тұрғын үйлердің бағасы, баспананы жалға беру құны, алкоголь өнімдері, азық-түлік, киім-кешек, темекі өнімдері, жиһаз, қоғамдық тамақтандыру бағалары қымбаттап шыға келген.

Профессор Олег Ицхоки РФ тұрғындары қоныс аударған барлық елдердің баспана арендасының шарықтауын бастан өткергенін қаперге салды. Мәселен, Тбилисиді баспананы жалға беру құны шамамен 70%, Арменияда 57%, Сербия мен Қазақстанда кем дегенде 24%, Түркияда 16,4% қымбаттаған.

Өткен жылы Президент Қ.Тоқаев Смайылов Үкіметіне ресейлік релокациядан барынша пайда табудың қамын жасауды тапсырған болатын. Алайда ел Үкіметі тиісті жоспарды сол бойы ел назарына ұсынбады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу