Солтүстік көршіде ақпараттық дүмпу болды. Ресей, сондай-ақ "Халал" өнімді таңдамайтын Қазақстан тұрғындары арасында танымал ресейлік колбасалар мен сосискалар брендтерінен қауіпті қоспалар табылып жатыр.
"Сарапшылар елдегі күрделі ахуалға байланысты мұндай тәжірибе Ресейде жаппай таралуы мүмкін екенін еске салады. Сондықтан одан қорғанудың жалғыз жолы – бұл өнімдерді мейлінше сирек қолдану. Мамандардың айтуынша, колбасалар мен сосискалар – онсыз да пайдалы тамақ емес, оларды негізгі ас ретінде қолдануға болмайды", – деп кеңес берді ресейлік "Секрет фирмы" (Secretmag) басылымы.
Басылымның мәліметінше, бұл өнімдерден қауіпті қоспалардың – микробты трансглютаминазаның анықталуы оларды тіптен қауіпті ете түсті.
Бұл қоспаға дүниежүзінде, соның ішінде Ресейде де тыйым салынған. Алайда әлем тарихында болмаған ең көп халықаралық санкциялардың астында қалып, сорлай бастаған РФ-те экономикалық дағдарыс күшейе түсуде. Сондықтан өндірушілер микробты трансглютаминазаны өнімдеріне бәрібір көптеп қоса бастаған.
"Россельхознадзор қызметкерлері барлық дүкендерде еркін сатылатын танымал брендтерді тексерді. Зерттеу көрсеткендей, көбінде 2020 жылғы қаңтардан бері тыйым салынған "микробты трансглютаминаза" бар болып шықты. Бұл арзанқол ферментті ресейлік өндірушілер шикізатты мейлінше үнемдеу мақсатында пайдаланады. Ол сондай-ақ жануарлық және өсімдіктік ақуыздарды өзара желімдейді, өнімнің түрін жақсарта түседі. Сондықтан оны "ет желімі" деп атайды", – деп жазды ресейлік Mash.
Қауіпті қоспа бұл жолғы зерттеу кезінде келесі ресейлік брендтерден табылды:
- "Стародворские колбасы",
- "Стародворье",
- "Вязанка",
- "Баварушка",
- "Ядрёна копоть",
- "Крестьянское хозяйство Макарова И.М.",
- "Знать",
- "Колбасы от Макарова",
- "Мясная коллекция МК",
- "Великолукский мясокомбинат",
- "Комбинат "Дубки",
- "Мясоперерабатывающий комплекс "Атяшевский",
- "Алтайская Буренка" жауапкершілігі шектеулі қоғамы (ЖШҚ),
- "Мясокомбинат Митэк",
- "Останкинский мясоперерабатывающий комбинат" АҚ,
- "Брянский Мясокомбинат" АҚ,
- "ПК "Айсберг-Люкс" және басқасы.
"Известияның" жазуынша, бұл – заң бұзушылардың ұзын тізімінің бір бөлігі ғана.
Россельхознадзор микробты трансглютаминаза "Сосиски для детей" деп жазылған өнімдерден де табылғанын ескертеді.
Сорақысы сол, қатерлі қоспа ресейлік өзге өнімдерден де табыла бастады. Мысалы, ол "Алтайская бурёнка" сүзбесінің (творог) құрамында бар болып шықты. Бұл сүзбені бағасының арзандығы үшін бірқатар мектептер бастауыш сынып оқушыларын тамақтандыру үшін көтерме көлемде сатып алады.
Бұл жаңалық ресейлік шенеуніктерді де шошынтты. Сол себепті "Россельхознадзор" мекемесі "Роспотребнадзордағы" әріптестерімен күш біріктіріп, Ресейде жасалатын басқа да азық-түлік өнімдерін тексеріп, лабораториялық бақылау мен зерттеу аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Өз кезегінде "Роспотребнадзор" өндіріс шығынын азайту, сондай-ақ өнімнің бағасын қымбаттатпау үшін ресейлік өндірушілердің түрлі өнімдерде осы ферменті – микробты трансглютаминазаны жиі қолдана бастағанын растады.
Биолог Ольга Багрянцева "ет желімінің" адам ағзасына қандай зияны барын айтып берді. Оның түсіндіруінше, бұл фермент иммунитетті төмендетеді, ас қорыту жүйесін зақымдайды, Паркинсон, Альцгеймер және қатерлі ісік ауруларына әкеп соқтыруы мүмкін.
"Азық-түліктегі "ет желімі" жазылмас дерттерге душар етеді. Адал емес өндірушілер колбасаны, нанды, сүт өнімдерін жасау кезінде "ет желімін" кең ауқымда пайдалана бастады. Бұл қоспа мейлінше аз шикізат жұмсап, барынша көп тамақ өндіруге, ақуыз-белоктарды өзара желімдеуге, өнімдерге қажетті құрылым-қалып беруге көмектеседі. Осы арқылы компаниялар ақша үнемдейді, тауарларының сыртқы сипатын әдемі етеді. Бірақ бұл тұтынушы үшін өте зиян. Ол ас қорыту жүйесін құртып, иммунитетті нашарлатуы мүмкін. Тіпті целиакияға, яғни, глютенді қорыта алмаушылыққа, сондай-ақ Паркинсон, Альцгеймер сияқты жазылмайтын ауруларға соқтыра алады", – деді биология ғылымдарының докторы Ольга Багрянцева.
Ресейлік "Постньюс" басылымы "ет желімінің" барған сайын кең белең алып жатқанын жеткізді. "Роспотребнадзор" мамандары былтырғы 2023 жылы қауіпті ферментті 25 түрлі ресейлік өнімнен тауыпты. Бұл 2022 жылғыдан 2 есе көп.
Биыл жағдай одан да ушыққан. Биылғы жылдың тек бірінші жартыжылдығында 28 брендтің өнімінен микробты трансглютаминаза табылған. Оларды ресейлік бизнес көбіне колбаса, сосиска және сүзбе-ірімшікте пайдаланады.
Нутрициолог Алена Чернова РФ өндірушілерінің микробты трансглутоминазаны ас ақуыздарын өзара біріктіру үшін қолданатынын жеткізді: бұл өндіріс процесін жеделдетеді, өнімді шығару мерзімін азайтады, тауардың өзіндік құнын арзандатады.
"Ет желімін бірқатар микроағзалар өндіреді. Өндірістерде бұл фермент өнімнің жалпы массасын ұлғайту, өсімдіктік және жануарлық ақуыздарды жабыстыру мақсатында қажетке жаратылады. Оны бүгінде тіпті байларға арналған аса қымбат молекулярлы асүйлерде де пайдалана бастады. Бұл оларға кішкентай, сәулетті композициялар мен көлемді текстуралар жасауға мүмкіндік береді", – деді нутрициолог Чернова "Добро.Медиа" басылымына сұхбатында.
Ендеше бұл микробтар бай-кедей демей, енді барлығына қауіп төндіріп тұрғандай.
Алена Чернова ресейлік өндірушілердің микробты трансглутоминазаны тек ет өнімдерінде ғана емес, сонымен қатар ірімшік (сыр), сүзбе (творог), йогурт өндірісінде де пайдаланатынын ескертті.
"Известия" газеті "ресейлік колбасалар мен сосискалар тыйым салынған ет желіміне толғанын" жазды. Басылым сарапшыларға сілтеме жасап, тұтынушылардың ет желімінің бар-жоқтығын жеп отырып, дәмінен сезе алмайтынын қаперге салды. Ферментті тек зертханалық зерттеу арқылы анықтауға болады.
Масқарасы сол, ресейлік өндірушілер азық-түліктің құрамында микробты трансглютаминазаның барын көрсетпейді. Ал, ол қосылған өнімдердің сыртқы көрінісі керісінше, оның "қымбат тауар" етіп көрсетеді: сыртқы түрі әдемі, консистенциясы біркелкі болып келеді.
"Бұл ферментті адал емес өндірушілер негізінен ірімшік, йогурт, сүзбе, ет өнімдерін өндіруде қолданады. Сол арқылы өнімнің құрамында ылғалды ұстап қалады. Соның есебінен өнімнің массасы 25%-ға дейін жасанды түрде арттырылады. Сондай-ақ микробты трансглютаминаза жануарлық және өсімдіктік ақуыздарды біріктіріп, желімдеу үшін пайдаланылады", – деп мәлімдеді "Роспотребнадзор" (РФ Тұтынушылардың құқықтарын және адамның әл-ауқатын қорғау саласындағы бақылау жөніндегі федералдық қызмет).