Республика күніне орай Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің түкпір-түкпірінен, көрші елдерден келген оқу-ағарту саласының 68 майталманын марапаттады, деп жазады Inbusiness.kz.
Ғани Бейсембаев салтанатты шараның шымылдығын ашып, білім беру жүйесінің педагогтары мен қызметкерлерін Республика күнімен құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
"Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен оқу-ағарту ісінің майталмандарын бір жерге әдейі жинап отырмыз. Президенттің өзі 5 қазан күнін "Ұстаздар күні" деп жариялап, сол күні ағартушыларды марапаттау арқылы тағы бір мәрте ұстаздардың беделін көтере түсті, сол кезде Министрлік атынан да әріптестерімізді бір қошеметтеу керек еді деген ой келді. Сондықтан осы екі мерекемен оқу-ағарту саласының мамандарын шын жүректен құттықтаймын!" — деді министр.
Республика күні мерекесіне орай еліміздің білім беру саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі үшін ҚР Білім министрлігінің ведомстволық наградаларымен еліміздің барлық өңірлерінен алпыстан астам білім беру қызметкерлері марапатталды. Бұл мектептердің, гимназиялардың, лицейлердің мұғалімдері, колледждердің, интернаттардың оқытушылары және өңірлердегі білім беру саласына елеулі үлес қосқан білім басқармаларының қызметкерлері.
"Парасат" орденімен Ы.Алтынсарин атындағы КЕАҚ бас ғылыми қызметкері Жаумбай Қараев марапатталды. "Құрмет" орденін білім беру жүйесінің 4 қызметкері, "Ерен еңбегі үшін" медалін 12 қызметкер алды, тағы үшеуі Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, еліміздің барлық өңірлерінен 48 педагог түрлі марапатқа ие болды. Оларға "Еңбек ардагері" медалін, Ыбырай Алтынсарин медалін, "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" медалін, ҚР Білім Министрінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын, "Білім Министрлігінің Еңбек сіңірген қызметкері" табысталды.
"Мұның бәрі біздің азаматтарымыздың, оның ішінде күн сайын қазақстандық білім беру жүйесінің дамуына үлес қосатын педагогтардың, оқушылар мен студенттердің жетістіктерінің арқасы. Осы жылдың өзінде біздің балалар түрлі халықаралық олимпиадаларда 241 медаль жеңіп алды, 23 оқушы әлемдегі ең беделді жеті олимпиаданың үздіктерінің қатарында болды. Қазақстан құрамасы EuroSkills-ке алғаш қатысып, 2 медаль және 4 үздік медальон жеңіп алды. Біздің жастар осы қарқынмен халықаралық ареналарда еліміздің туын желбірете берсін", - деді министр.
Мереке соңында елордалық би ансамбльдері мен мемлекеттік академиялық филармония әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт өтті.