Ресейлік вакцинадан иммундық жауап

9086

Ғалымдардың пікірінше, Sputnik V екпесінің тиімділігіне көз жеткізу үшін оны сынақтың үшінші фазасынан бәрібір өткізу қажет болады.    

Ресейлік вакцинадан иммундық жауап

Ресейлік ғалымдар кешігіп барып, Sputnik V экспериментальдық вакцинасы сынағының алғашқы нәтижелерін жариялады. Өткен айда үкімет мақұлдаған бұл препарат жаппай өндірілмес бұрын бірнеше адамға ғана егілгені үшін  үлкен сынға ұшыраған еді.

Жұма күні әйгілі Lancet журналында жарық көрген баяндамада ресейлік вакцина жасаушылар "спутниктің" қауіпсіздігін айтып, екі аптаға созылған зерттеудің екінші кезеңінде сынаққа қатысқан 40 адамның барлығында вирусқа қарсы антидене қалыптасқанын мәлімдеді. Дегенмен, авторлар қатысушылардың жағдайын 42 күн ғана бақылағанын мойындап отыр.

Сынақтың бір бөлігіне тек ерлер тартылды және зерттеуге негізінен 20-30 жастағы адамдар қатысқан. Сондықтан, COVID-19-дан  көп қауіп төнген егде жастағыларға бұл вакцинаның қалай әсер ететіні әзірге толық белгісіз.

Халықаралық эксперттер ресейлік екпенің тиімділігі мен қауіпсіздігіне абайлап баға беріп отыр. Алайда, ресейлік ғалымдар жұма күні журналистерге бірінші сынақ қорытындысын жариялай отырып, бірқатар батыл мәлімдемелер жасады.

РФ қорғаныс министрлігімен ынтымақтаса отырып, осы вакцинаны жасаған Мәскеудегі Гамалея институтының директоры, профессор Александр Гинцбург айтқандай,  ресейлік вакцина COVID-19-ды жұқтыруға қарсы "жеткілікті иммундық жауап" беруге әбден қауқарлы.

"Біз бұл вакцинаның вирустан қорғау тиімділігі өз деңгейінде 2 жылдай, тіпті одан да ұзақ сақталады деп айта аламыз", - деді Гинцбург өз сөзіне ешқандай дәлел келтірместен.

Lancet жариялаған баяндамаға жүгінсек, Sputnik V екпесін сынау жұмыстары Ресейдің екі ауруханасында жүргізіліп, оған дені сау 18-60 жас аралығындағы адамдар тартылған. Және де сынаққа тіркелгеннен кейін оларға өздерін оқшаулау туралы талап қойылды. Вакцинацияланғаннан соң қатысушылар зерттеудің алғашқы 28 күнін госпитальде өткізген.

Ресейлік ғалымдардың сөзінше, сынаққа қатысқан 40 адамның барлығында инфекцияны бөгеуде шешуші рөл ойнайтын антиденелер мен молекулалар пайда болған. Сонымен қатар, бұл вакцина  организмде вирустың шабуылына ұшыраған клеткаларды жоюға қабілетті болып шықты. 

Екпенің жанама әсері екпе салынған жердің ауыруынан, дененің қалшылдауынан, бастың, бұлшық еттер мен буындардың ауруынан байқалған.

Джонс Хопкинстің Блумберг атындағы қоғам денсаулығы мектебінің докторы Наор Бар-Зеев мен оның әріптестерінің айтуынша, ресейлік вакцинаны сынау "үміттендіргенімен, тар көлемде" ғана жүргізілді.

Британияның Сассекс университетінің ғылыми саясатты зерттеу бөлімінің аға оқытушысы Охид Якубтың ойынша, шектеулі сынақ реттеуші органдардың ресейлік вакцинаны мақұлдауына жеткіліксіз болуға тиіс еді.

"Аз ғана жүргізілген зерттеулер препараттың қауіпті тұстарын анықтауға мүмкіндік бермейді", - дейді Якуб "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Sputnik V вакцинасын Ресей үкіметі тамыздың 11-де мақұлдағанын әлемге жар сала жариялады. Оны президент Владимир Путиннің өзі мемлекеттік телеарна жаңалықтарында хабарлап, сынаққа қызының да қатысқанын айтты. Содан бері жаңа екпені өздеріне салдырғанын жоғары лауазымды бірнеше адам мәлімдеді. Олардың қатарында Мәскеу мэрі Сергей Собянин мен қорғаныс министрі Сергей Шойгу бар.  Дегенмен, Собяниннің сөзінше, ресейліктердің жартысына жуығы отандық вакцинаның толық жетілдірілгеніне күмәнмен қарайды. Ал, екі ай бұрын мұндай скептиктердің қатары 90 пайыз болыпты.

Ресей денсаулық сақтау министрлігі өткен айда мәлімдегендей, Sputnik V вакцинасын үшінші фазада сынауға 40 мыңдай ерікті қатысады. Бұл тәжірибе келесі аптада басталады деген болжам бар.

Британияның Саутгемптон университетінің ғаламдық денсаулық жөніндегі аға ғылыми қызметкері Майкл Хедтің ойынша, ресейлік вакцинаға үміт зор болғанымен, ол әрі қарай зерттеуді қажет етеді.

Лондондағы гигиена және тропикалық медицина мектебінің микробтық патогенез профессоры Брендан Рен CNN телекомпаниясына берген сұқбатында айтқандай, ресейлік вакцинаны зерттеу қорытындылары туралы Lancet журналында жарық көрген деректер  көңілге үміт ұялатқанымен, Sputnik V екпесінің Covid-19 вирусын жоя алатынына көз жеткізу үшін кең ауқымды сынақ өткізу бәрібір қажет болады.

Тамызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресейлік вакцина туралы толық дерек алу үшін Мәскеумен келіссөз жүргізе бастағанын жеткізді. Бірақ, осы ұйымның баспасөз хатшысы Маргарет Харрис жұма күні мәлімдеме жасап, ресейлік препарат жайында нақты ақпарат алмағанын хабарлады.

Өткен аптада Ресей Тікелей Инвестиция Қоры мәлімдеме таратып, Қазақстанға Sputnik V вакцинасының 2 миллион дозасын сату туралы алдын-ала келісім жасалғанын атап өтті. Алайда, бұл уағдаластықтың жалпы құны әзірге беймәлім. Қазақ үкіметі мәлімдегендей, ресейлік екпе "ковидтен" көп қауіп төнген азаматтарға тегін таратылады.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу