Ресейдің қарсыласында күтпеген жерден билік транзиті басталды

1554

Осы аптада Финляндия әлемдік ақпарат айдынына жаңалықтардың басты бір жеткізушісіне айналды.

Ресейдің қарсыласында күтпеген жерден билік транзиті басталды

"НАТО-ның есігі басқа елдерге де ашық!"

Бүгін Финляндия НАТО-ның 31-ші мүшесі атанды. Бірқатар мүшелердің наразылығына тап болған Швецияға қарағанда, финдер елі Солтүстікатлантикалық Альянстың барлық отыз мүшесінің, соның ішінде Мәскеумен ынтымақтастығын жалғастырған Түркия мен Венгрияның да қолдауына ие болды.

Финляндия осы жолды барынша тез жүріп өткен жалғыз мемлекет болып отыр. Бұған дейін республика Мәскеудің қырына ілікпеу үшін бейтарап ел мәртебесін қатаң ұстанып келген. Алайда Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағаннан кейін бейтараптылықта түк мән мен құндылық қалмады.

Ұлттық қауіпсіздік үшін әскери блокқа қосылуды жақтайтын тұрғындардың үлесі күрт артты. Қоғамдық пікірге ден қойған Президент Саули Ниинистё 15 мамырда НАТО-ға мүше болуға өтінім беру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Ол туралы Мәскеуді де хабардар еткен. 17 мамырда Эдускунтаның, яғни фин Парламентінің 188 депутаты қолдап, 8-і қарсы болып, басым дауыспен өтінім құпталды.

18 мамырда, Брюссельде Финляндияның НАТО-дағы елшісі Клаус Корхонен мен Швеция елшісі Аксель Вернхофф екеуі НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенбергке өз елдерінің өтінімдерін табыстады. 5 шілдеде Финляндияның НАТО-ға кіруі туралы хаттамаға қол қойылды. Содан кейін бұл хаттаманы әскери одаққа мүше барлық отыз елдің парламенттері ратификациялап шығуға тиіс болатын. Егер біруі қарсы болса, фин елі НАТО мүшесі атана алмайды.

2023 жылғы 31 наурызда НАТО-ның барлық мүшесі Финляндияның ұйымға қабылдануын мақұлдап, хаттаманы ратиефикациялап болды. Рәсім бойынша алдымен барлық ел АҚШ Үкіметін өздерінің оң шешімдері туралы ресми хабардар етуге тиіс, тек сонда ғана Финляндияның мүше болу процедурасы аяқталады. Себебі, Америка НАТОны құру туралы 1949 жылғы Вашингтон келісімінің депозитарийі болып табылады. 3 сәуірде ондай хабарламалар барлық елден алынған.

Сондықтан ертесіне, яғни бүгін Финляндияның Альянс құрамына кіргені ресми мәлімделді. Уикипедияның барлық дерлік тілдегі нұсқаларында 2023 жылғы 4 сәуір Финляндияның НАТО құрамына толыққанды қабылданған күні ретінде тіркелді.

Осылайша, Финляндия Солтүстікатлантикалық шарт ұйымының ХХI ғасырдың үшінші онжылдығындағы жаңа кеңеюін бастап берді. Ресми тілде бұл "тоғызыншы кеңею" деп аталады.

ХХI ғасырда НАТО-ның бесінші кеңеюіне 2004 жылғы 29 наурызда Болгария, Латвия, Литва, Румыния, Словакия, Словения және Эстонияның одаққа кіруі түрткі болды. Алтыншы кеңею барысында  2009 жылғы 1 сәуірде әскери блокқа Албания мен Хорватия, жетінші кеңеюде – 2017 жылғы 5 маусымда Черногория, ал сегізінші кеңеюде, яғни 2020 жылғы 27 наурызда Солтүстік Македония НАТО-ға мүше болды.

Енді міне, НАТО-ның Брюссельдегі штаб-пәтерінде оның жаңа, 31-ші мүшесі атанған Финляндияның туы салтанатты түрде көтеріліп отыр. Бұл елдің тутұғыры әліпби ретіне сәйкес Эстония мен Франция арасында орналасты.

"Финляндияның қауіпсіздігі үшін, Еуропадағы солтүстік елдердің қауіпсіздігі үшін тамаша күн туды. Бұл тұтас НАТО-ның тарихында қалатын ғажап күн. Бұл НАТО-ның есігі ары қарай ашық болып қала беретінін паш етті", – деді НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг.

Мәскеу Киевті үш күнде тізе бүктіріп, Батысқа өз дегенін жасатпақ болды. 2021 жылы, соғыс қарсаңында ол ультиматум жариялап, НАТО-дан 1997 жылғы шекарасына дейін шегінуді талап етті. Егер Батыс бұл талапқа бас игенде, онда әскери одақтан төртінші кеңею кезінде кірген Венгрия, Польша, Чехияны қоса алғанда, 14 елге шығуға тура келетін еді. Енді Кремль "тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылыптыдан" да жаман күйге түсіп отыр.

Өйткені біріншіден, Батыстың әскери блогы Ресейге барынша таяп келді және бүгінде Петербордың іргесіне жетіп, дәл үстінен төніп тұр.

Екіншіден, бұған дейін НАТО-ның Ресеймен ортақ шекарасының жалпы ұзындығы 1 215 шақырым болатын. Қазіргі кезде бұл шекара екі еседен астам артты: орыс-фин шекарасы 1271,8 шақырымға созылып жатыр. Бұдан тек қазақстандық-ресейлік шекара ғана үлкен. РФ–Финдяндия мемлекеттік шекарасының басым бөлігі ну орман, терең көлдер мен батпақтар арқылы өтеді. Бірақ сегіз бақылау-өткізу пункттері бар автокөлік жолдары да жетерлік. 

Бұл шекара алда бұдан да мықты қорғала түседі. Бүгін Euronews Финляндияның Ресеймен шекарасын үлкен дуалмен қоршауға кіріскенін хабарлады. Оның дерегінше, басталған жоба бюджетке жүздеген миллион еуроға түспек. Ал ұзын дуал құрылысы 4 жылға созылуы мүмкін.

Финляндия шекаралық қызметі соғысқұмар, қанқұйлы көршісімен арадағы мемлекеттік шекараның кейбір осалдау телімдерін заманауи дабылдатқыш құралдарымен жете жабдықталған мықты дуалмен қоршау бастамасын көтерді. Оның жалпы ұзындығы 130-ден 260 шақырымға дейін жетеді деп күтілуде. Дуал Санкт-Петербургпен іргедегі шекарада да пайда болады.

Елі сүйген Санна ханым неге сүрінді?

Сонымен бірге Финляндияда билік транзиті басталып кетті. Өткен жексенбіде бұл елде сайлау додасы ұйымдастырылды. Оның түпкілікті қорытындысы ертең, 5 сәуірде жария болмақ. Бірақ қазірдің өзінде мемлекетте іс жүзінде билік ететін Премьер-министр Санна Мариннің жеңіліс тапқаны белгілі болып отыр.

Yle телерадиокомпаниясының хабарлауынша, парламенттік аламанда оппозиция алға озды: "Ұлттық коалиция" оңшыл-центристік партиясы жеңіс тұғырына көтерілді.

Үкімет басшысы және Социал-демократиялық партияның (СДП) лидері Санна Марин жеңілгенін мойындады. 98% дауыс саналғанда Петтери Орпо жетекшілік ететін Ұлттық коалицияның 20,8% дауыс жинағаны анықталды. Бүдан бөлек, ультраоңшыл, яғни ұлтшылдардың "Финндер" партиясы сайлаушылардың 20% даусын және 46 депутаттық орынды қанжығалады. СДП тек үштікті тұйықтамақ: дауыс беру құқығы бар финдердің 19,9%-ы ғана соны таңдаған.

Нәтижесінде, Орпоның партиясы парламенттегі 200 орынның 48-ін иемденеді. Әйткенмен, бұл мандат саны оған өз бетінше Үкіметті қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Себебі, оппозицияға 100 мандаттан асатын коалиция құруға тура келмек. Орпо коалиция құру үшін барлық партиялармен келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Ал партиясы 43 мандатқа қол жеткізген Марин болса, тек қана Орпомен одақтасуға келісетінін жариялады.

Қалай болғанда, билік басына жаңа Үкімет басшысы келмек. Президент Саули Ниинистёмен бірге Финляндияның НАТО-ға мүшелігіне бастамашы болған Санна Марин ел тізгінен айрылып қалғанымен, жаңа билік те әскери блокты берік жақтауын жалғастырады. Өйткені халық соны қалап отыр.

Оның үстіне бүгіннен бастап, Альянс жарғысының атақты 5-ші бабы Финляндияға да таралады: ұжымдық қорғаныс бойынша міндеттеме аясында "НАТО-ның бір мүшесіне шабуыл оның барлығына шабуыл ретінде қарастырылады". Яғни, Украинадан айырмашылығы сол, егер РФ Финляндияға басқыншылық жасаса, онда оны тойтаруға НАТО-ның өзі кіріседі. Әйтпесе, осы ұйымға қосыла алмағандықтан, Украина мысалы, батыстың қаһарлы ұшақтарынан, алысқа ұшатын зымырандарынан және басқасынан қағылып тұр.

Сарапшылар фин еліндегі сайлаудың бір қызықты парадоксына назар аудартады. Марин Үкіметі бұрынғы барлық билік ішіндегі ең танымалы болып қалды. Ол коронавирус пандемиясын да абыроймен еңсере алды. Украинаға лайықты көмек көрсете алды. Іргесіндегі соғыстан өз экономикасына келген салдарларды жұмсарта білді. Енді міне, елді Солтүстікатлантикалық Альянсқа енгізді.

2022 жылдың соңында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде финдердің 68% іс басындағы Үкіметтің қызметіне көңілдері толатынын жеткізген. Бұл соның алдындағы Үкіметтің кетер алдындағы нәтижесінен екі есе жоғары.   

Бұған қоса, Санна Мариннің өзі жаһандық танымалдылыққа ие болды. Жас, сұлу, сымбатты, үнемі күлімсіреп, шуақ шашып жүретін фин Премьеріне шетелдік БАҚ фотографтары сүйсіне қарап, суретке түсіруге ынтығып тұратын. 36 жасында Премьер болған Санна Еуропа тарихындағы ел басқарған ең жас лидер әйелдің біріне айналды. Сонымен бірге ол негізінен әйелдерден тұратын Үкіметті құрып, жаһандық феминистер қозғалысының жаппай сүйіспеншілігіне бөленді. Санна министрлік портфельдердің 19-ының 11-ін нәзік болмыс иелеріне таратып берді. Билеуші коалициядағы басшылық лауазымдардың басым көпшілігін де өз тектестеріне ұстатты.

Бір ғажабы, "әйел Үкімет" іскер болды, қаншама қиындық кезіксе де, барлығын дерлік еңсеріп, ең күрделі мәселелерді шеше алды.

Мәселен, шектеу шаралары мен экономиканы қолдаудың білікті комбинациясын жүзеге асыру арқасында Финляндия Батыс елдері арасында COVID-19 пандемиясынан барынша аз зардап шеккен елге айналды.

Былтыр Мәскеу Еуропаға басқыншылығын бастағанда Хельсинкиге отыз жылдай уақыттан бері ұстанған бейтараптық саясатын шұғыл өзгертуге тура келді. Кремльдің сұрауымен Венгрия мен Түркия Финляндияның да әскери блокқа кіруін бұғаттап тастай жаздады. Алайда Марин кабинетінің дипломатиялық күш-жігері, үздіксіз, тынымсыз келіссөздері арқасында олар да көнді.

Дегенмен, әлеуметтік зерттеулер дәстүрге берік скандинавиялық осы елдегі қоғамда әйелдер Үкіметінен шаршау байқалатынын әшкереледі. Бұған Ресейдің соғысы кесірінен жаһанды жайлаған, бұрын-соңды болмаған қымбатшылық та үлес қосты. 2022 жылдың қорытындысында Финляндиядағы инфляция 7%-ды құрады. Бұл соңғы 40 жылдағы ең үлкен көрсеткіш. 2023 жылғы ақпанда азық-түлік бағаларының 1964 жылдан бергі ең жоғарғы қымбатшылығы тіркелді: 16,1%.

Электр қуатының бағасы да 2022 жылы 31%-ға шарықтады. Әрине, бұл жалпыеуропалық деңгейден (37%) төмен. Бірақ қарапайым финдердің санасында осы қиындықтардың бәрі Марин Үкіметін елестететін еді.

Саяси жанжал да Санна ханымның беделіне селкеу түсірді. Әлеуметтік желіге тарап кеткен видеода Санна Мариннің алкогольді сусын ішіп, би билеп, ән айтып, ойын-сауыққа беріліп жатқан сәті бейнеленген. Финляндия әділет канцлері жүргізген ресми тергеу бұл қылықтан ешқандай заң талабы мен әдеп нормалары бұзылмағанын анықтады. Алайда фин электоратының консервативті бөлігі алдында Мариннің беделі төмендеді. Сарапшылардың біразы билік партиясы болған СДП-ның жеңілуіне сол видео ықпал етті деп санайды.

Мұның бәрі кез келген халықтың билік жолын таңдаған тұлғаларынан пендеге тән қылықтар көрсетпеуін талап ететінін білдіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу