Бүгін дүйсенбі ATP рейтингі жаңартылды. Қазақстандық теннисші Александр Бублик ATP рейтингінде ресми түрде 10-орынға көтеріліп, әлемнің үздік ондығына енген алғашқы қазақстандық атанды. Бұл тарихи жетістікке ол 11 қаңтар күні Гонконгта өткен ATP 250 турнирінде жеңіске жету арқылы қол жеткізді.
Өткен жылдың көктемінде Александр Бублик әлемдік рейтингте 82-орында тұрған. Сол кезеңде ол бірнеше сұхбатында мансабында уақытша үзіліс жасау туралы ойы бар екенін де айтқан еді. Алайда жағдай күрт өзгерді. Жаттықтырушысымен бірге Лас-Вегасқа жасаған сапары мен Финиксте өткен ірі Челленджер турнирінің финалы оның спорттық жолындағы шешуші бетбұрысқа айналды.
Осы сәттен бастап Бублик жоғары деңгейде тұрақты өнер көрсете бастады. Ол "Ролан Гаррос" турнирінде тарихи ширек финалға шығып, Қазақстан ерлер теннисі үшін бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.
Сонымен қатар, Галле, Китцбюэль, Гштаад және Ханчжоу қалаларында өткен турнирлерде чемпион атанды. Париждегі Мастерс жарысында жартылай финалға дейін жетіп, маусымның Қорытынды турниріне алғаш рет бірінші қосалқы ойыншы ретінде тіркелді.
Айта кетейік, Бубликпен қатар өзге де қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингтегі орындары белгілі болды. Александр Шевченко 104-орын, Тимофей Скатов 195-орын, Дмитрий Попко 222-орын, Бейбіт Жұқаев 265-орын, Михаил Кукушкин 293-орын, Денис Евсеев 379-орынға жайғасты.