Ресми хат жазбақ түгілі құжат толтыра алмайтын азаматтар бар – Олжас Ордабаев

9302

Жоғары оқу орнын аяқтаған түлектердің жартысы жұмыссыз жүр.

Ресми хат жазбақ түгілі құжат толтыра алмайтын азаматтар бар – Олжас Ордабаев

Қазір жоғары оқу орнын тәмамдаған жастар үшін мамандық бойынша жұмысқа орналасу қиын. Себебі университет оларға 4 жылдан кейін қажетіне асатын дағдыларды үйретудің орнына теориямен шектеледі. 

Бүгінгі таңда жұмыс берушілерді білім бағдарламаларының өзектілігі мен сапасы алаңдатады. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегіне жүгінсек, жұмыс берушілердің 68%-ының оқу бағдарламасына көңілі толмайды. Еліміздің 60-тан астам жоғарғы оқу орнын аяқтаған түлектердің жартысы жұмыссыз жүр.

Мезгіл мәселесі Білім және ғылым министрлігіне қарасты Аdal Bilim жобалық кеңсесінің алаңында талқыланды. Басқосуда "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев пікір білдірді.

Ол университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші төмендеп кеткенін тілге тиек етіп, бұл пандемияның салдары болуы мүмкін деген болжам жасады.

"Білім бағдарламасының 32%-ы ғана жұмыс берушілердің көңілінен шығады.  15,6% іске жарамсыз, қалған 52% түбегейлі өзгертуді қажет етеді. 29 университеттің білім бағдарламасының 80%-ы өзекті емес. Дәл осы жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі төмен. "Мобильді жұмыспен қамту орталықтары" жобасы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 220 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсеттік.  Олардың арасында жоғары және орта білімі бар 25-46 жастағы еңбекке қабілетті азаматтар болды. Өкініштісі дипломдары жұмысқа орналасуға көмектеспеді. Өйткені олардың 45%-ы қоғаммен қарым-қатынас орнату, командамен жұмыс істеу, өз ойын ашық жеткізу, сыни ойлау сынды еңбек дағдысы жоқ. Жұмыс берушілердің айтуынша, оларға оқу барысында ақпаратпен жұмыс істеуді үйретпеген. Жұмысқа орналасқысы келген адамдардың басым бөлігі ресми хат жазбақ түгілі құжат толтыруды білмейді", – деді Олжас Ордабаев.

Қанат Махамбет


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу