"Хартс" клубының бас директоры Эндрю Маккинли "Тобылдың" жартылай қорғаушысы Ислам Чесноковпен келісімшарт жасалғанын хабарлады.
– Біз Ислам Чесноковпен келісімшартқа қол қойдық. Ол біздің командаға ауысады. Оны тек қаңтар айында ғана тіркей аламыз. Бірақ ол желтоқсанның басында жаттығу процесіне қосылады. Бұл тамаша жаңалық деп ойлаймын. Өйткені ол командадағы атмосфераға және Эдинбургке үйреніп үлгереді. Алда бізді керемет қыс айлары күтіп тұр. Сондықтан бұл қаңтардағы маңызды оқиғалардың бірі болмақ, – деді Маккинли.
9 турдан кейін "Хартс" Шотландия чемпионатында көш бастап келеді. Команда басты бәсекелесі "Селтиктен" 8 ұпайға озып тұр.
Ал, Ислам Чесноковтың 2025 жылғы Қазақстан Премьер-лигасындағы көрсеткіштеріне тоқталсақ, ол "Тобыл" сапында 25 матч өткізіп, 9 гол соғып және 4 нәтижелі пас берген.