Республика күні ұлттық мерекелер күнтізбесіне қалай оралды

1196

Биыл 25 қазанда Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде екінші рет тойланып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Республика күні ұлттық мерекелер күнтізбесіне қалай оралды Фото: canva.com

2022 жылы 29 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды. 

Аталған заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып белгіленді. 

2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған Республика күні 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен алынып тасталған. Дегенмен былтыр маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

"Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек", – деді Мемлекет басшысы.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. 

"Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттік егемендік туралы Декларация 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен қабылданды. Онда ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді.

Сондай-ақ алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. 

Осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16 желтоқсанда – "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заң қабылданды.   

Айта кетелік, Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына еніп отыр. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.   

Мерекеге орай қазақстандықтар бір күн демалады. Биыл бұл мереке сәрсенбіге сәйкес келеді. Сондықтан бес күн және алты күн жұмыс істейтіндер де бір-ақ күн демалады. Демалыс басқа күндерге ауыстырылмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу