Республика күніне орай Nomad TriClub кәсіпқой спортшылардың қатысуымен дода ұйымдастырды

1393

Іс-шара РТС Holding демеушілігімен ұйымдастырылған.  

Республика күніне орай Nomad TriClub кәсіпқой спортшылардың қатысуымен дода ұйымдастырды

Nomad TriClub әуесқой триатлон клубының директоры Тимур Әбіловтың айтуынша, жүзуден сайыс Қазақстан Республикасы күніне орайластырылды. Жүзумен айналысуға ынталы жастар мен кәсіпқой спортшылардың басын қосу туралы ой жаттығулар барысында туған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Тимур Абилов

Мерекелік шара спорт әлемінде танымал термин "прикидка" түрінде өткізілді. Оның мәні – спортшылар халықаралық, республикалық сынды додаларға қатыспас бұрын жаттықтырушы алдында барын салып өнер көрсетеді, нәтижесі арнайы журналға жазылады. Сол арқылы спортшының дайындығы пысықталады. 

"PTС Holding демеушілік ететін біздің Nomad TriClub клубында осындай кезекті дайындық жұмысы жоспарланған еді. Осы жерде маған неге спорт саласында еңбегі сіңген немесе бүгінде көк туымызды желбіретіп жүрген кәсіби спортшыларымызды шақырып, қарпайым шараны жастарға үлгі болар бір мерекелік дүниеге айналдырмасқа деген ой келді", – деп бөлісті Тимур Әбілов.

Нәтижесінде, бұл идея кәсіби спортшылар арасында қолдау тауып, жүзеге асырылды. Еліміздің бетке ұстар спортшылары әуесқой спортшылар алдында өнер көрсетуден тартынбай, белсенділік танытты. Мысалы, Nomad TriClub-та өнер көрсететін кәсіби триатлет, Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының мүшесі Дарын Қонысбаевты атап өтуге болады. Сондай-ақ бір кездері ұлттық құраманың қақпашысы болған бұрынғы кәсіби ватерполист Руслан Ермұхаметов спорт мансабымен 2020 жылы қоштасқанымен додаға қатысудан бас тартпады.

Қатысушылар қатарында 10 жылға жуық Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен кәсіби синхронист, синхронды жүзуден әлем чемпионатының финалисі Алина Маткова да болды. Қазір ол Руслан Ермұхаметов сияқты жалынды жастарды үлкен спортқа дайындаумен айналысады. Іс-шараға тағы бір жаттықтырушы Екатерина Руденко да қосылды. Ол Олимпиада ойындарының төрт дүркін қатысушысы екенін атап өтпеуге болмас. 

Жүзуден өткен сайыста Екатерина Руденко Олимпиаданың жалғыз қатысушысы болған жоқ. Жарысқа триатлоннан Олимпиада ойындарының үш дүркін қатысушысы Nomad TriClub жаттықтырушысы Андрей Глущенко қатысты. Кезінде Украина атынан халықаралық додаларға қатысқан спортшы қазір Қазақстанда жұмыс істейді.

"Бір сөзбен айтқанда, әдеттегі жаттығуды ерекше шараға айналдырғымыз келді. Оған қоса қыс мезгілінде сумен байланысты спорт түрлерінің тоқырауы басталады, далаға шығып, мықты деңгейдегі сайыстар ұйымдастыра алмайсың. Сондықтан болар жүзу қауымдастығы мұндай бастаманы жылы қабылдады. Бізге қазір бой жазып, арасында сайысқа түсіп, өзімізді алдағы жазғы маусымға дайындау маңызды", – дейді Тимур Әбілов.

Оның айтуынша, жарысқа 20-дан артық адам қабылданған жоқ. Спортшылар үшін тегін болған шара барлығының көңілінен шықты. 

"Қатысушылар 50 метрге, 200 метрге жүзуден бақ сынады. Әр қашықтықтың өзіндік қызығы мен шыжығы бар, мысалы 50 метрде бірден бар күшіңізді салу керек болады, әдетте тәжірибелі жүзушілер 1-2 рет қана тыныс алып жүзіп өтеді. Ал 200 метр қашықтықта күшіңізді бүкіл дистанцияға дұрыс бөлу маңызды. Сондай-ақ мерекемізді одан әрі қыздыра түспек болып, сайыстар қатарына фристайлды – ватерполистерге арналған қысқа бағдарламаны қостық. Көбіне жүзумен айналысатын, су полосына қатысы жоқ жандар үшін бұл сайыс жаңалық болды, ал суда арқан тарту ешкімді бей-жай қалдырмады", дейді Тимур Әбілов.

Сондай-ақ қанша уақыт ішінде адам су астында 25 метрді жүзіп өтетінін анықтайтын суға сүңгу бойынша жарыс ұйымдастырылды. Ватерпол жаттығуы қолдағы доппен 50 метрге жүзу де көрермендердің қызығушылығын оятты. 

"Жалпы қатысушыларға іс-шараның форматы өте ұнады. РТС Holding демеушісіне алғыс айтамыз. Біз бұл шараны жүлделер, грамоталар мен медальдар үшін өткізген жоқпыз, басты мақсат сумен байланысты спорт түрлерін ел арасында кеңінен насихаттау", деп түйіндеді Тимур Әбілов.

Сондай-ақ ол қазір 2016-2017 жылы туған балаларға арналған Nomad Junior балалар триатлон клубына қабылдау жалғасып жатқанын еске салды.

Идеяның авторы Nomad Tri Club негізін қалаушы және идеологы Тимур Қарабаев.

"PTС-Holding пен Gasenergy_kz компанияларына шын жүректен ризамын, сондай-ақ Тимур Қарабаевқа Қазақстанның әлеуметтік саясатындағы белсенді ұстанымы үшін ерекше ризамын. Олимпиада ойындарында лицензиялар мен медальдардың жоқтығы үшін Үкіметке ренжудің орнына болашақ жеңістер мен медальдардың негізін қалаңыз! Дайын, атағы шыққан спортшыларды жинағанша, өзіміздің қара домалақ балаларымыздан жарық жұлдыз жасау кез-келген адамның қолынан келе бермейтін ерлік. Біз болашақ чемпион триатлоншыларды дайындаймыз. Олар әлі елорданың, кейінірек елдің атынан шығып, көк туымызды желбіретеді", деп атап өтті Тимур Әбілов.

"Жоба егжей-тегжейлі кәсіби жаттықтырушылардың арқасында жоғары спорт деңгейімен сәйкестендірілді.  Балалардың жасы мен тұрып жатқан жерінен бастап, спортқа икемділігі мен Қазақстан мен әлемнің үздік орындарында оқу-жаттығу жүргізу - барлығы қарастырылған. Спорттан алғыңыз келер мүмкіндіктің бәрін сыйлаймыз кең бассейн, дәрігерлік қадағалау, оңалту шаралары, арнайы жабдықтар, үздік жаттықтырушылар. Біздің клубтың PRO спортшысы, ұлттық құраманың мүшесі Дарын Қонысбаев балаларымызға үлгі болатынына сенімдімін. Ал ол өз кезегінде көрген-білгенімен бөлісуге дайын", деп түйіндеді Тимур Әбілов.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу