Республикалық бюджеттен 25,1 млрд теңге бөлінеді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6979

Қомақты қаржы азаматтық қызметшілердің жалақысын өсіруге жұмсалады.  

Республикалық бюджеттен 25,1 млрд теңге бөлінеді

2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап тәрбиешілер, мейірбикелер сондай-ақ санитарлар психоэмоциялық және дене жүктемесі үшін қосымша ақы алады. Жоспар бойынша, стационарлық,  жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде жұмыс істейтін мамандардың жалақысы 60%-ға өседі. Бұл үшін 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 25,1 млрд теңге бөлінеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ашық нормативтік құқықтық актілер порталына үкіметтің "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың және  қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" қаулысының жаңа жобасын орналастырды. Мұндағы мақсат 2015 жылдың 31 желтоқсанында жарияланған қаулыға енгізілетін толықтырулар мен өзгерістерді талқы таразысына салу.

"Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінде білікті кадрлар тапшы. Себебі әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы мардымсыз. Ал олардың жұмысы ауыр әрі мазасыз. Әлеуметтік қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсеткен кезде психоэмоциялық және дене жүктемесін қатар алып жүреді. Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне біліктілігі жоғары мамандарды тарту үшін олардың жалақысын өсіру қажет. Бұл үшін психоэмоциялық және дене жүктемесі үшін қосымша ақы төленуге тиіс", – деп жазылған заң жобасының жаңа нұсқасында.

Белгілі болғандай, әлеуметтік қызметкерлердің басқарушы персоналының жалақысы – 30%-ға, негізгі персоналдың  еңбекақысы – 35%-ға, қатардағы  әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы – 40%-ға өседі. Ал тәрбиешілердің, мейірбикелердің және санитарлардың кесімді айлық жалақысына психоэмоциялық және дене жүктемесі үшін қосымша 60% үстемеақы қосылады.

Үйде және уақытша болу ұйымдарында қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің басқарушы персоналының жалақысы – 15%-ға, негізгі персоналдың еңбекақысы – 20%-ға, әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы -  35%-ға, санитарлардың айлығы – 20%-ға ұлғаяды.

Айта кетейік, биыл 1 маусымда азаматтық қызметкерлердің жалақысын өсіру үшін республикалық бюджеттен 144,3 млрд теңге бөлінді.

"Жоғары білімді және 2 жыл жұмыс өтілі бар жоғары санатты әлеуметтік қызметкердің жалақысы 2019 жылдың 1 маусымына дейін 81 830 теңге болды. Үстемеақы қосылғаннан кейінгі айлық жалақы 98 961 теңгені құрады", – деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Орта білімі, бес жыл жұмыс өтілі бар, бірақ санаты жоқ тәрбиешілердің де жалақысы көбейіпті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі: "1 маусымға дейін бес жыл еңбек өтілі бар тәрбиешілер 58 984 теңге айлық алды. Қазір оларға 76 114 теңге беріліп жатыр", – деп мәлімдеді.

Біле жүріңіз, 2019 жылдың 1- маусымынан бастап денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейтін 1,1 млн адамның жалақысы өсті.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу