Режеп Тайып Ердоғанның ұлы Қазақстанға келді

3230

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына қанша күн қалғанын көрсетіп тұратын кері санақ тақтасын салтанатты түрде іске қосу рәсіміне қатысты. 

Режеп Тайып Ердоғанның ұлы Қазақстанға келді Фото: Мәжіліс

Бүгіннен санап бастасақ, Қазақстанда өтетін көшпенділер ойындарына 171 күн қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жиынға Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықбаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов қатысты.

Салтанатты рәсімді ашқан Мәжіліс спикері жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтап, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны түркітілдес халықтардың ғана емес, әлемнің назарын аударған байрақты бәсеке екенін атап өтті.

Ерлан Қошанов қазіргі уақытта елімізде әлемдік жарысқа дайындық қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты.

– Осы дүбірлі жарысты Қазақстанда абыроймен өткізу – баршамыз үшін үлкен мәртебе, зор жауапкершілік. Мемлекет басшысы бұл доданы жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Біз Көшпенділер ойынын сән-салтанатымен лайықты деңгейде өткіземіз деп зор сеніммен айта аламын. Бұл сайыс бауырлас түркі халықтары арасындағы өзара ынтымақтастық пен мәдени қарым-қатынасты арттыруға тың серпін береді. Елдеріміздің арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайта түседі деп сенемін, – деді Мәжіліс төрағасы.

Қазақстанда өтетін Көшпенділер ойынына әлемнің 100 елінен өкілдер қатысады деп күтіліп отыр. Қазірдің өзінде 60 елдің келісімі бар. Спорттың 20 түрінен 4 мыңға жуық қатысушы сынға түседі. Ұлы Дала төсін дүбірге бөлейтін мереке бір аптаға созылады.

Салтанатты рәсімнен соң меймандар "Наурыз мейрамы Астана 2024" қолөнершілер жәрмеңкесін аралап, Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік концертті тамашалады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу