Риэлторлық компанияның тұзағына түскендер

2169

700 мың теңгеден 15 млн теңге дейін ақша жоғалтқан.

Риэлторлық компанияның тұзағына түскендер

Кеншілер қаласында риэлторлық компанияның тұзағына түскендердің қарасы күн санап көбейіп жатыр. Бүгіннің өзінде 54 адам азды-көпті ақшаларын әлдекімдерге беріп қойып, зар илеп жүр.

Қарағандыда емін-еркін кәсібін дөңгелеткен "Нұр-Сәт-Т" ЖШС банкте кепілдікте тұрған пәтерлер мен көліктерді арзан бағаға сатып әпермекші болып, талайларды тақырға отырғызған.

Жылдар бойы жалдамалы пәтер жағалап жүрген Әзілхан Жақанов "Нұр-Сәт-Т" ЖШС -ның өкілдерінен арзан бағаға пәтер сатып аламын деген қиялдың кесірінен 1,5 млн теңгесінен айырылып қалған.

"Үш бөлмелі пәтер алмақшы болдым, оны 7 млн 600 мың теңгеге бағалады. Нарықтағы бағадан арзан болған соң еш ойланбастан 1 млн теңгені алғашқы жарна ретінде ұсындым. Ал 500 мың теңгені риэлторларға  банкте кепілде тұрған пәтерді шығарып алу үшін бердім. Олардан бұған дейін үй алғандар туралы сұрап едім, маған баспаналы болғандар жайлы бейнеролик пен түрлі  құжаттарды көрсетті. Мен сендім, өйткені банктен ипотека рәсімдеуге жағдайым жетпейтін. Олар маған: "үйді әзірге көрмей ақ қойыңыз, қазір бос емес, кейін хабарын береміз" деді. Содан кей үшті-күйлі жоқ болып кетті" – деді ол.

Бізге берілген мәлімет бойынша, сан соғып қалғандар сотқа шағымданған.

"Бір жылдан бері бізді алдап соққандар бостандықта жүр. Құзырлы органдар нақты шара қолданған жоқ", – деп кейіді олар.

"Нұр-Сәт-Т" ЖШС-ға алданып қалғандардың арасында 700 мың теңгеден 15 млн теңге дейін ақша жоғалтқандар бар екен. Ал "Нұр-Сәт-Т" ЖШС мекенжайын ауыстырып, қарапайым халықты теспей соруын жалғастырып жүрген көрінеді.

Аты аталған серіктестіктен toyota camry  көлігін  сатып аламын деп 4 млн 700 мың теңге ақшасынан көз жазып қалған Валерий Бушов есімді азамат: "Неге күні бүгінге дейін серіктестіктің басшылары қамауға алынбады. Бұл сұраққа кім жауап береді?" – деп налыды.

Былтырдан бері қарағандылықтар азаматтық іс бойынша сотқа жүгініп, "Нұр-Сәт-Т" ЖШС-ны жеңіп шыққан. Алайда зардап шеккендердің ешқайсына қаржылары қайтарылмаған.

"Мұндағылардың  тілдерінің майдалығы соншалықты, қалай келісіп қойғаныңды білмей қаласың. Мен зейнеткер болсам да, бөліп төлеу арқылы пәтер сатып алу мүмкіндігін ұсынды. Осыған есім шығып, 1 млн 600 мың теңге  беріп қойдым. Енді не істерімді білмей жүрмін", – дейді зейнеткер Кәбира Жақанова.

Осыдан екі күн бұрын өткен сот отырысында серіктестіктің бір қызметкерінің қолына сот залында кісен салынды. Зардап шеккендердің айтуынша, компания басшысының бірі қыркүйекте ұсталған, содан бері  түрмеде отыр. Қылмыстық іс бойынша тергеліп жатқан тағы бір қызметкер бостандықта жүр.

Қарағанды облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Жанатай Сембеков "Нұр-Сәт-Т" компаниясына қатысты abctv.kz жолдаған сауалға: "Қылмыстық істің аяқталуына бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде", – деп жауап берді.

Бұл әліптің артын бағу керек деген сөз болса керек.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу