Рикардо Кака: "Әлем чемпионатын жеңгіміз келеді"

1353

Қазақстан топтық кезеңде Коста-Рика, Литва және Венесуэла құрамаларымен күш сынасады.

Рикардо Кака: "Әлем чемпионатын жеңгіміз келеді"

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака қыркүйек айында Литвада басталатын 2021 жылғы Әлем чемпионаты қарсаңында баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сауалдарына жауап берді:

- Ұлттық құрама – халықтың командасы. Сол себепті кез-келген сауалға жауап беруге дайынмын. Біздің дайындық 9 тамыз күні Алматыда басталды. Оқу-жаттығу жиындарында жоспарланған жұмыстың 80 пайызын орындадық. 

- Келесі аптада жаттығу жиыны Мәскеуде жалғасады. Сол жақта жолдастық кездесулер жоспарланған. Қарсыластар қалай таңдалды?

- Ең басты таңдау географиялық орналасуы арқылы жасалды. Осы жағынан Ресей жерінде ойнау ыңғайлы болды. Әрі қарай қарсыластарға таңдау түсті. Ең бастысы дүбірлі дода алдында жақсы тәжірибе жинау маңызды. 

- Топтық кезеңдегі қарсыластардың деңгейін бағалай аласыз ба?

- Рейтинг бойынша Қазақстан – фаворит. Соңғы бес жыл ішінде футзалдың қарқыны үдей түсті. Көптеген спорттың даму деңгейі бірқалыпты болса, футзал жылдам дамыды. Сол себепті рейтингке қарамай, ойынның сапасына баса мән берген абзал. Коста-Рика іріктеу кезеңінде топ жарып шықты. Жарыс иелері Литва да күшін арттыра түседі. Жылдам ойыншылардан құралған Венесуэла кез-келген қарсыласқа қиындық тудырады. Біздің топты әлсіз деп айтуға болмайды. 

- Қазақстан құрамасы үшін ширек финалға шығу басты міндет пе?

- Кез келген бапкер ширек финалға шығу жоспарын қоймайды. Біз Әлем чемпионатын жеңгіміз келеді. Біздің міндет әр ойынды жеңіспен аяқтау. Әр ойын – финал. Әрине, әр кездесудің оңай болмайтыны анық. 

- Жарақатына байланысты Лео Әлем чемпионатына қатыса алмайды...

- Лео – көшбасшы. Оның командада болмағанына өкінеміз, алайда біз тек алға жүреміз. Ең бастысы ұжымдық ойын көрсету. Ұжымдық рух арқылы қиындықтарды жеңе аламыз. 

- Әлем чемпионатының фавориттері кімдер?

- Бірінші – Ресей мен Бразилия. Испанияны ешқашан көшбасшылардың қатарынан шығаруға болмайды. Төртінші фаворит – Португалия. Әрі қарай тізімді Аргентина, Қазақстан және Иран жалғастырады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу