Рикардо Кака: "Біз 100 пайыз нәтиже көрсеттік"

1083

Қазақстан құрамасы іріктеу турнирінің алты кездесуінің барлығында жеңіске жетті.

Рикардо Кака: "Біз 100 пайыз нәтиже көрсеттік"

Футзалдан Қазақстан құрамасы 2022 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінің барлық ойынында жеңіске жетіп, 18 ұпаймен өз тобында бірінші орын алды. Топтық кезеңнің соңғы ойынында біздің ойыншылар өз алаңында Израиль құрамасын қабылдап, 4:0 есебімен жеңіске жетті. 

Матчтан кейін футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака Еуро-2022 додасының іріктеу кезеңіндегі ойындарды қорытындылады.

"Мен іріктеу кезеңіне қатысқан барлық ойыншыларға, команда штабына, сондай-ақ клуб пен ұлттық құрамада да қызмет еткен жаттықтырушылар құрамына алғыс білдіргім келеді. Дайындалуға барлық жағдай жасағаны үшін Қазақстан Футбол Федерацисының басшылығына алғыс айтамын. Осындай адамдармен жұмыс жасап жүргеніме қуаныштымын. Иә, біз 100 пайыз нәтиже көрсеттік. Біз аз гол жібердік. Енді бұдан кейін де жұмыс жасау керек. Командада дебютанттар да болды және Жаманқұловпен қоштасу матчы  тамаша өтті.

Жаманқұлов – аңыз спортшы. Ол мұндай қоштасуға лайық. Өкінішке орай, жанкүйерлер болмады. Бірақ, Серік бәріміздің оны қалай жақсы көретінімізді және құрметтейтінімізді сезген болар. Мен оған тек сәттілік тілеймін!", - деді Рикардо Кака.

Бұл кездесуде қазақ футзалының ардагері Серік Жаманқұлов үлкен спортпен қош айтысып, соңғы ойынын өткізді. Ол алматылық "Қайраттың" қатарында еліміздің он дүркін чемпионы атанып, екі мәрте УЕФА Кубогын иеленді.

Қазақстан құрамасының сапында 2016-жылы Сербияда өткен Еуропа Чемпионатының қола жүлдегері атанды. Турнирде өткен бес ойында қарсыластарының қақпасына (Ресей, Хорватия 2 гол, Италия, Испания және Сербия) алты гол соғып, турнирдің үздік сұрмергендерінің бірі атанды. Ойыншы ұлттық құраманың жейдесімен 58 рет алаңға шығып, 22 гол соққан.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін өткен кездесулерде Қазақстан Израильді (4:1), Беларуссияны (5:2, 6:1) және Венгрияны (5:0, 6:1) жеңген болатын. Қазақстандық ойыншылар Еуропа чемпионатының финалдық бөлігіне іріктеу аяқталғанға дейін екі тур қалғанда жолдама жеңіп алды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу