Рикардо Кака: "Финалдық кезеңге жолдама алуға үміттіміз"

1482

Футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінің жеребесіне қатысты пікір білдірді.

Рикардо Кака: "Финалдық кезеңге жолдама алуға үміттіміз"

Құрлық чемпионатының жеребе тарту рәсімі УЕФА-ның штаб-пәтерінде өтті. Жеребе қорытындысы бойынша қатысушылар сегіз топқа бөлінді. Бесінші топқа түскен Қазақстан құрамасының қарсыластары Венгрия, Беларусь және алдын-ала іріктеу кезеңінде ойнайтын Израиль/Кипр жұбының жеңімпазы болмақ.

"Ең алдымен Қазақстан құрамасының ойыншыларының ойын тәжірибесі жоқ екенін айту керек. Ал, Беларусь елінде жарыс тоқтатылған жоқ. Олардың дайындығы жақсы болмақ. Венгрия құрамасының деңгейі көтерілгенін атап өткен жөн. Ойыншыларының техникалық шеберлігі жоғары.  

Үшінші қарсылас болуы мүмкін үміткерлердің арасында Кипр құрамасын атап өтуге болады. Бұл елде көптеген бразилиялық ойыншылар доп теуіп жүр. Жергілікті ойыншылардың шеберлігін арттыратыны сөзсіз. Қиындықтарға қарамастан топтан шығуға ниеттіміз. Халықаралық ойындар басталғанға дейін оқу-жаттығу жиынын дұрыс құрамыз деген ойдамыз.

Осы сәтті пайдаланып, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен жастар құрамасының алдағы ойындарына сәттілік тілеймін. Біздің құрамалар алға қойған міндеттерді орындай алады деп ойлаймын", - деді футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Кака.

Футзалдан Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінің топтық ойындары 2020 жылдың қарашасы мен 2021 жылдың сәуірі аралығында өтеді. Топтың сегіз жеңімпазы мен екінші орын алған алты үздік команда Нидерландыда өтетін финалдық кезеңге қатысады. Соңғы жолдаманы екінші орын алған қалған екі құрама сарапқа салады.

Еуропа чемпионаты 2022 жылдың 9 қаңтары мен 6 ақпаны арасында Амстердам және Гронинген қалаларында өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу