Рикардо Кака шәкірттері Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Венгриямен кездеседі

1376

Бүгін кешке футзалдан Қазақстан мен Венгрия құрамалары арасындағы ойын өтеді. Кездесу Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінің алғашқы туры аясында болмақ.

Рикардо Кака шәкірттері Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Венгриямен кездеседі

Ойын кестесі бойынша Қазақстан құрамасы алғашқы іріктеу ойынында Венгрия құрамасын қабылдайды. Осыған орай Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков ойыншылармен кездесу өткізіп, бірқатар жетекші ойыншының қатардан шығып қалғанына қарамастан, оң нәтижеге жету үшін бар күш-жігерді салу керек екенін айтты. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

"Қазақстан футбол федерациясы команданың дайындығы үшін қолайлы жағдай жасып, жақсы алаңдарды ұсынды. Қатардан шығып қалған ойыншылардың орнын басатын қосалқы құрамның ынталы ойыншылары шақырылды. Ертең Қазақстан құрамасы жаңа іріктеу кезеңін сәтті бастайды деп сенеміз. Қазақстан құрамасының қалыптасқан сапалы ойыны, сонымен қатар бапкерлер мен ойыншылардың кездесуге жауапкершілікпен қарауы табысты нәтиженің кепілі болмақ. Ақ жол, іске сәт, қымбатты достар!", - деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков.

Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасының қақпашысы Леонардо Игита ойынға қатыса алмайды. Оның Covid-19 тапсырған сынағы оң нәтиже көрсетті. Негізгі құрамның қатарынан осымен төрт ойыншы шығып қалды. Бұған дейін Леонардо Мендонка, Қайрат Иманалин және Тайнан Рего жарақаттарына байланысты ойынға қатыспайтыны белгілі болды. Біздің құрама жеңіске жету мақсатын алға қояды. Қосалқы құрамнан шақырылған ойыншылардың ерік-жігері басты кепіл болмақ.

Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны Нұр-Сұлтанда өтіп жатыр. Ойынды елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешені қабылдайды. Матчтың тікелей көрсетілімі "Qazsport" телеарнасында сағат 19:20-да басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу