Рикарду Кака: "Қайраттың" чемпион болуы қиындап барады

1317

Бразилиялық бапкер қазақ футзалында бәсекелестік артқанын айтады.

Рикарду Кака: "Қайраттың" чемпион болуы қиындап барады

"Қайрат" футзал клубының бас бапкері Кака карантинді отбасының қасында өткізді. Алматы командасының ойыншылары бабын жоғалтпау үшін жеке дайындықтарын пысықтады. Алайда қашықтан жаттығу толыққанды оқу-жаттығу жиынына жетпейді. Кака қазір клубтың ресми сайтында "Кака шақырады" атты жобаны жүргізеді. Бразилиялық маманның бағдарламасы интернеттегі сапалы контентке айналды әрі көп қаралады. Мұндай жобаны жүзеге асыру туралы ұсыныс қайдан түсті екен?

"Футзал – менің өміріме айналған. Сондықтан ойындар тоқтатылғанда осы футзал спорты үшін пайдалы іс қылуға тырыстым. Бұл айдардың көпшіліктің көңілінен шыққанына қуаныштымын", - дейді Паулу Рикарду Кака.

Кака карантиннен кейін футзал әлемінде айтарлықтай өзгеріс болатынына сенбейді. Тек, аталған спорт түрінде қауіпсіздікке аса мән беріліп, тиісті шаралар қолға алынады. Жақында Алматы командасы Иран ойыншысы Хусейн Тайебимен қош айтысты. "Қайрат" бас бапкері оның орнына кім келуі мүмкін екенін тілге тиек етті.

"Бізге жақында Алекс қосылды. Ол Бразилияда аса танымал командада ойнаған жоқ. Қазір Алекс команда қатарында, бірақ пандемия жоспарымыздың бәрін бұзды. Ол жеткілікті деңгейде дайындалып үлгермеді. Алайда бұл біз үшін кедергі емес. Уақыты келгенде бабына келеді", - дейді "Қайраттың" бас бапкері.

"Қайрат" төртеудің финалынан сырт қалды. Бұл клуб үшін сәтсіздік. Жанкүйерлер мен мамандар тарапынан да жиі сынға ұшырады. Әрине айтылған сын орынды. Себебі алматылық команда құрамында мықты ойыншылары бола тұра, іріктеуде әлсіз топтан озып шыға алмады.

"Команда өткен маусымдағы деңгейін сақтап қала алмады. Оған ішкі көңіл-күй әсер етті. Екіншіден, қорғаныста жылдағыдан нашар ойнадық. Шабуылға қатысты да осыны айтуға болады", - дейді бас бапкер.

Футзалдан Қазақстан чемпионаты әлдеқашан "Қайраттың" жеке турниріне айналған. Алматы клубы қатарынан 16 жыл ішкі біріншілікте топ жарып жүр. Бұрын-соңды Қазақстанның шағын футболында мұндай көрсеткіш тіркелген емес.

"Өткен жылмен салыстырғанда алға жылжу байқалады. "Жетісу", "Аят" секілді командалар біздің басты қарсыласымызға айналды. "Атырау" да жақсы қырынан танылды. Бұл командалар чемпионатта лайықты қарсылық көрсетті. Бірақ олар мықты болу үшін әлі де өсе түсу керек", - дейді Кака.

Қазір жанкүйерлердің көпшілігін бразилиялық жаттықтырушы "Қайратпен" арадағы келісім-шартты соза ма деген сауал алаңдатады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу