Рим папасы Лев XIV Украинада соғысты тез арада тоқтатуға шақырды. Ол бұл үндеуін Ватикандағы Әулие Петр алаңында дұғаны оқу кезінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Понтификтің мәлімдемесі Ресейдің Украинаға басып кіруінің төрт жылдығына бірнеше күн қалғанда жасалды. Рим-католиктік шіркеуінің басшысы Ресейдің Украинаға қарсы соғысының өлім-жітім, қирандылар мен қайғы-қасірет қалдыратынын, салдары бірнеше ұрпаққа әсер ететінін жеткізді. Оның сөзінше, бітімге келуді кейінге қалдыруға болмайды, сол себепті ол тараптарды диалогқа шақырып отыр.
"Қару-жарақтың үні өшіп, ал бомбылауды тоқтату қажет", – деді Рим папасы.
Ол бүкіл әлемдегі христиандарды соғыстан қажыған әрі одан жапа шеккен Украина халқы үшін дұға жасауға үндеді. Бұған дейін Рим папасы Лев XIV қысқы Олимпиада ойындары алдында олимпиадалық бітімге шақырған болатын.
"Бейбітшілікті аңсаған әлемде билікті асыра пайдалану, күш көрсету және заң үстемдігін елемеу сияқты әрекеттерге тосқауыл қоятын тетіктер керек", – деді ол.
Понтификтің айтуынша, Халықаралық олимпиада комитеті мен БҰҰ Бас ассамблеясы да мұндай бастаманың маңызын бірнеше рет атап өткен.