Бұл турнир Ролан Гаррос алдында маңызды дайындық кезеңі. 1/8 финалдық матчтар аяқталып, ширек финалға шыққан теннисшілер анықталды. Алда жанкүйерлерді тартысты кездесулер күтіп тұр.
Ширек финал жұптары:
Кори Гауфф (АҚШ, №3) – Мирра Андреева (Ресей, №7)
Гауфф топырақ төсенішті кортта тамаша ойын көрсетіп, Эмма Радукануды 6:1, 6:2 есебімен жеңді. Ол WTA 1000 турнирлерінде төрт ширек финалға жолдама алған ең жас спортшы атанды. Андреева да Карла Таусонды сенімді түрде жеңіп, мықты қарсылық көрсетуге дайын.
Арина Соболенко (Беларусь, №1) – Чжэн Циньвэнь (Қытай)
Соболенко Мартa Костюкты 6:1, 7:6 (8) есебімен жеңіп, мықты ойынымен көзге түсті. Чжэн Циньвэнь Бьянка Андреескуге қарсы матчта сет-пойнттарды қайтарып, жеңіске жетті. Енді ол әлемнің бірінші ракеткасына қарсы ойнайды.
Диана Шнайдер (Ресей) – Жасмин Паолини (Италия)
Жас теннисші Шнайдер тамаша ойынымен таң қалдыруда, ал Паолини өз елінде жанкүйерлерінің қолдауымен WTA 1000 турниріндегі алғашқы жартылай финалға шығуға талпынуда.
Элина Свитолина (Украина) – Пейтон Стирнс (АҚШ)
Свитолина Даниэль Коллинзді сенімді түрде жеңсе, Стирнс Наоми Осаканы үш сетте жеңіп, денсаулығындағы мәселелерге қарамастан шын мықты екенін көрсетті.
Ширек финалдық ойындар 13 және 14 мамырға жоспарланған.
Өткен жылғы чемпион польшалық Ига Швентек бұл жолы күтпеген жерден екінші айналымда жарыстан шығып қалды. Ол америкалық Даниэль Коллинзге 1:6, 5:7 есебімен есе жіберді. Бұл нәтиже жаңа чемпион атануға үміткерлердің жолын ашты.
Айта кетейік WTA 1000 санатындағы турнирде Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина жарыс жолын үшінші айналымда аяқтады. Ол канадалық Бьянка Андреескуге 2:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалды. Матч 1 сағат 27 минутқа созылып, бұл нәтиже көптеген жанкүйерлер үшін күтпеген жағдай болды. Себебі Рыбакина кездесудің айқын фавориті саналған. Турнирдегі үшінші айналымға дейін жеткені үшін Елена жүлде қорынан 38 313 еуро үлес алып, WTA рейтингінде 65 ұпай жинады.
Бұл жеңіс Бьянка Андрееску үшін маңызды болды, себебі ол осыған дейін Мадридтегі турнирде Рыбакинадан жеңілген еді. Бұл жолы Андрееску қарымта қайтарды.