Ринат Зайытовтың Мәжіліс мінберінен айтқаны жалған болып шықты

15345

Мәжіліс депутаты көтерген "компьютер дауын" бірнеше құрылым тексерді. 

Ринат Зайытовтың Мәжіліс мінберінен айтқаны жалған болып шықты Фото: parlam.kz

Кейінгі кезде жаңа Парламент депутаттарының лоббизмге шектен тыс бой ұрғанына депутаттардың өздері, жалпы отырыстарында ашық айтып жүр.

Осы орайда Президент жаңа депутаттық корпусқа ескерту жасаған болатын. Қ.Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік мүдде бірінші орында тұруға тиіс. 2023 жылғы 29 наурызда, VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Қасым-Жомарт Тоқаев заң жобаларын жазу кезіндегі өнеркәсіптік топтар мен ірі бизнестің лоббиін шектеуді тапсырды. Әйтпесе, оның айтуынша, "Заңдар мен түрлі ережелерді әзірлеген кезде қаржы-өнеркәсіп топтары, ірі бизнес өкілдері шешім қабылдауға зор ықпал етеді".

Мәжіліс депутаты Ринат Заитовтың 2024 жылғы 29 мамырда жариялаған депутаттық сауалы қоғамдық резонанс тудырған болатын. Онда мәжілісмен, актер Қорғаныс министрлігін айыптады.

Ринат Рифхатұлы "Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі халыққа жолдауында отандық өнімді дамыту бойынша нақты тапсырма бергеніне" сілтеме жасай келе, "өкінішке  қарай, ведомоство ұлттық өнім өндірушілерді қолдап, дамыту бағытындағы нақты әрекеттер жасамай отырғанын" бетіне басты.

"Керісінше, отандық өндірушілерді барынша аяқтан шалып, ілгері бастырмай жатқан бюрократия мен заңсыздықтарға жиі куә болып жүрміз! Атап айтар болсақ, солардың бірі – қазіргі таңда банкрот болуға шақ қалып отырған "BSB Trade" кәсіпорны. Таратып айтсам, 2022 жылы тапсырыс беруші ретінде Қазақстанның Қорғаныс министрлігі өнім беруші ретінде "BSB Trade" компаниясымен компьютерлермен қамтамасыз ету жөнінде 724 миллион теңгеге жуық қаражат көлемінде шарт жасасқан", – деп депутат бұлайша ауыр айыптауына не негіз болғанын түсіндірді.

Ринат Заитовтың айтуынша, тапсырыс аясында компания министрлікке 2 368 арнайы компьютер беріпті.

"Алайда тапсырыс беруші "BSB Trade" компаниясына талапты күшейтіп, тауарды қабылдаудан бас тартқан. Шарт "Алматы қаласының Сот сараптамасы институты" және "Атамекен" ҰКП-ның оң қорытындысына қарамастан, тапсырыс беруші тарапынан бұзылған. Бұл жағдайдың ең қиыны, тапсырыс берілген 2 368 компьютер арнайы ақпараттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында жабдықталғандықтан, көптеген ерекшелігіне байланысты жалпы қолданысқа жарамсыз. Ал, бұл дегеніміз – оларды басқа жаққа сату мүмкін емес деген сөз! Ерекше тапсырысты орындап, далада қалған "BSB Trade" компаниясы заңды құқығын қорғауда әділдік таба алмай, меморгандардың босағасын тоздырып жүр. Салдарынан компанияның жұмысы тоқтап, 150 адам жұмыссыз қалды", – деп дабыл қақты мәжілісмен.

Әріптесін Мәжіліс депутаттары Мақсат Толықбаев, Гауһар Танашева қолдапты.

Депутаттар Үкімет басшылығынан "ұлттық өнім өндірушілерді құрдымға кетірмей, өтініштеріне назар аударып, заң шеңберінде әділетті шешім табуына жәрдемдесуді" қиыла сұрады.

Бұл мәлімдеме Үкімет басшылығын дүрліктірді. Содан депутаттардың дабылдатуымен бірнеше құрылым бұл мәселенің мәнісін тексереді. Ақырында депутаттың айтқаны жалған екені анықталып отыр.

Бұл туралы Премьер-Министрінің орынбасары–Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жауап хатында Мәжілісті хабардар етті.

Мысалы, оның айтуынша, Р.Заитовтың 150 адам жұмыссыз қалды дегені өтірік болып шықты. Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпаратына сәйкес "BSB Trade" компаниясында 150 жұмыскер жоқ, тек 7 жалдамалы жұмыскер тіркелген. Онда "сондай-ақ мүлкінің бары да анықталмады".

"Қазақстанның Қарулы Күштерінің мұқтажы үшін компьютер сатып алу мәселесі жөніндегі депутаттық сауал қаралды. Бұл ретте 2022 жылы 2 368 жиынтық компьютер мен қосалқы керек-жарақ сатып алғаны да расталмады. Қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша 2022 жылғы 30 қарашада "BSB Trade&Advertising" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Қорғанысмині арасында жалпы сомасы 729 344 000 теңгеге 2 368 жиынтық компьютер жеткізуге мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шарты жасалған. Сонда жеткізу мерзімі – Қазынашылық органында тіркелген сәттен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде деп белгіленген. Бірақ Қорғаныс министрлігі комиссиясының қабылдауы барысында техникалық ерекшелік талаптарына сәйкессіздік анықталды", – деді вице-премьер.

Қорғаныс ведомствосы әшкереленген олқылық туралы серіктестікті 2022 жылғы 19 желтоқсанда белгіленген тәртіппен хабардар етіпті. Хабарламаға сәйкессіздік анықталғанын растайтын акт қоса берілген.

Қабылдау комиссиясы қабылдаудан бас тартқан өнімді министрлік армияға енгізе алмайды.

"Осыған байланысты тауарды Қорғанысмині қабылдамады және 2022 жылғы 20 желтоқсанда серіктестікпен арадағы шарт біржақты тәртіппен бұзылды. Сондай-ақ ондай өнімді жеткізген "BSB Trade&Advertising" ЖШС-ін мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушы деп тану және одан тұрақсыздық айыппұлын өндіріп алу үшін сотқа талап-арыз жіберілді. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 8 ақпандағы шешіміне сәйкес, ЖШС мемлекеттік сатып алуларға жосықсыз қатысушы деп танылды. Компанияның қарсы талаптарын сот қабылдаған жоқ", – деді Нұрлан Байбазаров.

Демек, компанияға қарсы соттың тиісті шешімі болса, оны барлық тараптар орындауы керек. Жалпы, сот пен Парламент – биліктің әртүрлі, тәуелсіз тармақтары болғандықтан, депутаттарға соттардың ішіне араласуға, олардың шығарған үкімін даулауға, басқа да қысым көрсетуге тыйым салынған.

Компания болса, өзіне Конституциямен берілген құқығын пайдаланып, бірінші инстанцияның шешімін жоғары тұрған инстанцияларда даулаған. Оның үстіне мұның бәрі мәжілісмен Заитов Мәжіліс мінберін пайдаланып, шу көтергенге дейін, былтыр болған.

"Бұл мәселеге байланысты Астана қаласы сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2023 жылғы 14 шілдеде қаулы шығарды. Онда ол бірінші инстанциядағы соттың аталған ЖШС-ін мемлекеттік сатып алуларға жосықсыз қатысушы деп тану және одан тұрақсыздық айыппұлын өндіріп алу бөлігіндегі шешімін жойды, бірақ қалған бөлігіндегі шешім өзгеріссіз қалдырылды. Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қазандағы қаулысымен ЖШС-нің кассациялық тәртіппен қарау үшін берген өтінішхаты қабылданған жоқ", – деді Үкімет басшысының орынбасары–Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Оның айтуынша, мәжілісмен Ринат Заитовтың депутаттық сауалында айтылып отырған дәлелдерді бұрын сот инстанциялары қараған және оған түбегейлі құқықтық баға берген. Іс Жоғарғы сотқа дейін жеткен, оны не шешім шығарғаны әлгінде айтылды.

Сондықтан Мәжіліс депутаты бұл дауды ары қарай қуаламай, қоя қойса, Парламент атына кір келмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу