Рината Сұлтанова: "Басты мақсатым – Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысу"

1558

Қазіргі таңда Рината Сұлтанова трек велоспортынан әлемдік рейтингте үздік ондық қатарында. 

Рината Сұлтанова: "Басты мақсатым – Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатысу"

2021 жыл қазақстандық велошабандоз Рината Сұлтанова үшін жемісті жыл болды. Ағымдағы маусымда спортшы қыз тек еліміздің ең мықты шабандозы атанып қана қоймай, таңдаулылар санаты бойынша әйелдер арасында халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алды. Оған қоса Рината Сұлтанова трек велоспортынан қыздар арасында әлемдік рейтингтің алғашқы ондығына енді. Ол мансабының қалай басталғанын және алға қойған мақсаттары жайлы Қазақстан велоспорт федерациясына берген сұхбатында әңгімеледі.

Рината велоспортқа неше жаста келдіңіз? Спорттық мансабыңыз қалай басталды?

- Велоспортпен 2008 жылы айналыса бастадым. Ол кезде 9 жаста едім. Ұзақ уақыт бойы ыңғайлы велосипед таба алмадым. Алты айға жуық жалпы дене шынықтырумен айналыстым. Ойын жаттығулары, жүгіру болды. 12 жасымда бірінші рет оқу-жаттығу жиынына барғаным есімде. Ол кезде оңай болған жоқ. Өйткені күніне екі жаттығу болды. Мен алғашқы үлкен жаттығуымда 100 шақырым, содан кейін бір рет 120 шақырым жүріп өттім. Біраз уақыт спринтпен айналыстым. Содан кейін трекке қатыса бастадым. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына бардым. Ол жарыс Астанада өтті. 2017 жылы Астананың кәсіпқой "Astana Women’s Team" командасына қосылдым. Андер санатында топтық жарыста Азия чемпионатының қола жүлдегері атандым. Ал қазір мен трек велоспортында өнер көрсетемін. Бұл маған өте ұнайды. Бұл спорт түрінде барлығы жоғары қарқында өтеді және әрбір іс-әрекетің жарыс барысына әсер етуі мүмкін. Трек велоспортының ішіндегі менің сүйікті сайысым омниум. Жарыс қиын болғанымен, бар қызығы да осында.  

Қазіргі таңда сіз қыздар арасында халықаралық деңгейде веложарыстарға қатыса алатын Қазақстандағы жалғыз спортшысыз. Мұндай дәрежеге қалай жеттіңіз?

- Мұның барлығы бірте-бірте болды. Элиталық санаттағы алғашқы жарыс мен үшін Азия чемпионаты болды. Бәсекеге қабілеттілігімді көрсетіп, бесінші орынға ие болдым. Төрт кезеңнің бірінде жеңіске жеттім. Бұл көрсеткіш мені әрі қарай дамуға ынталандырды. Осыдан кейін жолдасым маған іріктеу жүйесін түсіндірді. Халықаралық жарыстар арқылы әлем кубогіне ұпай жиналатынын, содан кейін кубок арқылы әлем чемпионатына қатысуға болатынын айтты. Мұның барлығы маған өте қызықты болды. Оған қоса бұл жарыстарда тәжірибе жинадым. Осы бағытта дами бастадым. Кейіннен әлем кубогіне алғаш рет жолдама алдым. Бұған өте қатты қуандым. Міне, нәтижесінде бірте-бірте осы дәрежеге дейін жеттім. Менде үлкен қызығушылық пен құштарлық болғандықтан осылай болды деп ойлаймын.

- Велоспорт әйелдер спортына жатпайды деген пікір бар. Осыған қалай қарайсыз?

- Негізінен спортта ешкімге оңай емес. Иә, ерлер мен әйелдер физиологиялық жағынан да, психологиялық тұрғыдан да әртүрлі. Бірақ бұл әйелдер спорты емес деп ойламаймын. Қазіргі таңда әйелдердің спортпен айналысуы ешкімді таңқалдырмайды. Мұндай ешқашан пікірді естіген емеспін. Естіген жағдайда да оны елемеуге тырысамын. Мен тек өз жұмысымды жасап жатырмын.

- Сіздің әдеттегі күніңіз, аптаңыз, айыңыз қалай өтеді? Сіз қаншалықты жиі жаттығасыз? Демалуға, оқуға, басқа нәрсемен айналысуға уақыт қала ма? Велоспорттан басқа хоббиіңіз бар ма?

- Негізінен уақытымның басым бөлігін жаттығумен өткіземін. Бос уақытымда фильмдер, телешоулар көрем, кітап оқимын. Үй шаруасымен айналысамын. Себебі мен отбасылы адаммын. Күйеуіммен бірге әртүрлі тамақтану орындарына барамыз. Өйткені біз дәмді тамақтанғанды ​​жақсы көреміз. Мен ас әзірлегенді де ​​жақсы көремін. Хоббиім десем де болады. Әсіресе таңғы ас даярлағанды ұнатамын.

- Спорттық мансабыңыздағы жетістіктердің қайсысын ең маңыздысы деп санайсыз? Болашақта қандай мақсаттарға жетуді жоспарлап отырсыз?

- Әрине, спортта осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімнің барлығын бағалаймын. Азия чемпионатының 3 дүркін жүлдегерімін, түрлі халықаралық жарыстарда жүлделі болдым. 2021 жылы еліміздің абсолютті чемпионы атандым. Трек бойынша әлемдік рейтингте үздік 10 шабандоздың қатарындамын. Биыл Чемпиондар лигасына шақырту алдым. Бірақ мен үшін бәрі енді ғана басталып жатыр деп ойлаймын. Өзіме деген сінімділік пайда болды. 2021 жылғы әлем чемпионатынан кейін әлемдік аренада сынға түсуге бел байладым. Парижде өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алғым келеді. Бұл менің мақсатым. Ал басқа да мақсаттарыма келер болсақ, олардың бірі Азия чемпионының жейдесін кию. Сондай-ақ Азия ойындарында жеңіске жету.  Себебі бұл маңыздылығы жағынан Олимпиада ойындарынан кейінгі екінші жарыс.

 Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу