- Ертеңгі ойын жасанды алаңда өтеді. Сіздің командаңыз оған қаншалықты дайын.
- Әлбетте, бұл біз үшін қиындық тудыртатыны анық. Ойыншыларымыздың көбісі 16-17 жаста болған кезде жасанды алаңда ойнаған. Футбол деген өзі сондай ғой. Бір күні керемет жасыл алаңда доп тебесің, үш күннен кейін басқа жағдайға дайын болуың қажет. Біздің футболшылар бұл алаңға да үйренісіп алады деген ойдамын. Дегенімен жасанды алаңда доп өзгеше жүретінін байқадық.
- Қақпашы Тибо Куртуа осы іріктеуде 1 ғана гол жіберді. Ал "Реал" сапында ойнаған ойынында міндетті түрде қателіктер жіберіп, ұятқа қалады. Оның себебі неде?
- Куртуа өткен жылы Әлем чемпионатының үздік қақпашысы атанған. Қазір де керемет бабында. "Реалдағы" жағдайды барлығымыз білеміз. Ол жақта команда қайта жасақталынып жатыр. Бәлкім Куртуа қорғаушылармен үйлесімді қимылдай алмай жатқан шығар. Құрамада оған тең келер ешкім жоқ.
- Клубтық жұмысқа қайта оралу ойыңызда бар ма? Қауесеттер Сізді "Барселона" бапкері болады деп жатыр ғой.
- Мен қазір құрама команданың бас бапкерімін. Одан өзге клубтар, құрамалар туралы ойым жоқ. Мақсатым Бельгияны баптап, жетістікке жету. Өйткені менің келісім-шартым Еуро 2020 додасының соңына дейін созылған.
Ермұхамед Мәулен