Робот-таксилер қытайлық жүргізушілерді жолаушы мен нәпақадан айыра бастады

776

Технологиялық компаниялардың бірі 2030 жылға дейін 100 қалаға пилотсыз машиналарын енгізуді жоспарлап отыр. Ал үкімет бұл қарқынды тежеуге мәжбүр болуы мүмкін.

Робот-таксилер қытайлық жүргізушілерді жолаушы мен нәпақадан айыра бастады Фото: Baidu

Лю И – Қытайдағы 7 миллион такси жүргізушінің бірі. Ухань қаласының 36 жастағы тұрғыны бұрын құрылыста істеген. Бірақ бүкіл елде сатылмаған пәтерлер тым көбейгендіктен, машина айдауға кірісіпті. Күніне жарты күн ғана.

Оның сөзінше, қазір көршілері пилотсыз, өз бетімен қозғалатын такси  жалдауға көшкендіктен, Қытай жүргізушілері үшін жаңа дағдарыс басталып келе жатыр.

"Бәріміз аш қаламыз", - дейді ол "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында әйгілі Baidu технологиялық алыбының еншілес кәсіпорны - Apollo Go робот-таксилерімен бәсекеге түскен жүргізушілердың болашағына алаңдап.

Экономистер мен осы сала сарапшыларының сөзінше, такси жүргізушілері әлемде жасанды интеллект салдарынан алғашқылардың бірі болып жұмыстан айрылу қаупіне душар болып отыр. Ал Қытай көшелеріне бүгінде пилотсыз тасылмаушылар мыңдап шығып жатыр.

Жүргізушісіз көлік технологиясы - әзірге тәжірибеден өту кезеңінде. Қытай болса, оны агрессивті түрде сынап, қолдануға тездетіп жол ашуға кірісті. АҚШ-та мұндай машиналар апатқа ұшыраса, дереу тергеу жүргізіліп, рұқсатынан айрылады.

Соңғы мәліметке қарағанда, қазіргі таңда Қытайдың кем дегенде 19 қаласында робот-таксилер мен робот-автобустар сынақтан өткізіліп жатыр. Солардың жетеуінде осы саланың лидерлері саналатын бес компанияның көліктеріне адамның басқаруынсыз жүруге рұқсат берілген. Олар: Apollo Go, Pony.ai, WeRide, AutoX және SAIC Motor.

Apollo Go мамыр айында мәлімдегендей, ол жыл соңына дейін Ухань көшелеріне 1000 робот-такси шығаруды жоспарлап отыр. Болжамдарға қарағанда, 2030 жылға қарай бұл компания Қытайдың 100 қаласына пилотсыз такси енгізбек.

Pony.ai болса, жапонның Toyota Motor концернінің қолдауымен 300-дей робот-таксиді басқарып, олардың санын 2026 жылы 1500-ға дейін жеткізуді көздеп отыр.

WeRide компаниясы өзінің автономдық таксилерімен, фургондарымен, автобустарымен, көше тазалаушы машиналарымен танымал. Ал  AutoX фирмасы электрондық сауда лидері Alibaba Group-тың көмегімен Бейжің мен Шанхайға робот-таксилер жіберген. SAIC болса, мұндай көлікті 2021 жылдан бері қолданып жатыр.

АҚШ-пен салыстырсақ

"Біз Қытайда робот-таксилерге рұқсаттың жылдам беріліп жатқанын байқап отырмыз. Ал АҚШ-та бұндай мәселе біртіндеп шешіледі", - дейді Boston Consulting Group тобының басқарушы директоры Августин Вегшайдер.

Alphabet компаниясының Waymo-сы — пилотсыз таксилерді қолданысқа енгізген жалғыз ғана америкалық фирма. Оның бас-аяғы 700-ге жуық автомобилі Сан-Францискода, Лос-Анджелесте, Фениксте және Остинде жұмыс істеп жатыр. Бірақ олардың барлығы бірдей үнемі қызметте емес.

Cruise компаниясы болса, General Motors автоконцернінің жәрдемімен сәуірде адам қағып кеткен робот көлігін қайта сынауға кірісті.

"АҚШ пен Қытай арасында айқын контраст бар. Америкада робот-такси жасаушылар жіті назарға ілігіп, үлкен кедергілерге тап болып жатыр", - дейді Waymo компаниясының бас директоры Джон Крафчик.

 Робот-таксилер қауіпсіздік тұрғысынан Қытайда да алаңдаушылық тудырып отыр. Бірақ, соған қарамастан, бұл мемлекетте мұндай машиналарға арналған парктер көбейіп келеді. Былтыр президент Си Цзиньпин "жаңа өндірістік күштер" құруға шақырғаннан кейін, аймақтар арасында экипажсыз көлік жасау бәсекесіне жол ашылған.

Кейбір қытайлық фирмалар пилотсыз автомобильдерді АҚШ-та да сынауға әрекеттенген. Бірақ Ақ үй бұған рұқсат бермеді деген мәлімет бар.

"Қытайлықтар өздеріне міндеттеме алғаннан кейін бірден әрекетке көшеді", - дейді Вегшайдер "Рейтер" тілшісімен болған әңгімеде.

"Төменгі тапқан арналған жұмыс"

Ресми деректерге қарағанда, Қытайда екі жыл бұрын 4,4 миллион таксиші тіркелсе, бүгінде олардың саны 7 миллионға жеткен. Экономистердің ойынша, экономикалық құлдырау кезінде такси қызметі - адамдар үшін соңғы үміт. Сондықтан робот-тасымалдаушылардың жанама әсері келешекте үкіметті тежегішті басуға итермелеуі мүмкін.

Шілде айында әлеуметтік желіде "Жүргізушісіз көліктер таксишілердің нанын ұрлап жатыр ма?" деген хэштег бойынша талқылаулар қыза түскен.

"Такси қызметі – төменгі тапқа арналған жұмыс. Егер сіздер бұл саланы жойсаңыздар, кедейлер не істеуі керек", - дейді уханьдық 63 жастағы жүргізуші Ван Гоцян.

"Біз қазірдің өзінде алдамыз"

Экономистер халық санының азайып жатқанын ескере отырып, жұмыс орындарын автоматтандыру Қытайға ұзақ мерзімдік перспективада пайда әкелетінін айтады.

 "Қысқа мерзімдік перспективада жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен ескілерінің жойылуы арасындағы жылдамдықта тепе-теңдік болғаны абзал. Бізге асқан жылдамдықпен ілергерілеудің қажеті жоқ, өйткені қазірдің өзінде алдамыз", - дейді Пекин университетінің қолданбалы экономика кафедрасының доценті Тан Яо.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу