Ролан Гаррос. Қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды

849

Жексенбі, 22 мамыр күні Парижде Ролан Гаррос-2022 турнирі басталады. Жекелей сында Қазақстан намысын үш спортшы қорғайды.

Ролан Гаррос. Қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды

Ерлер арасында қазақстандық теннисшілерден Александр Бублик өнер көрсетеді. Әлемнің 41-ракеткасы жергілікті теннисші Артур Риндеркнешке қарсылас атанды. 24 жастағы Бублик пен 26 жастағы Риндеркнеш осы уақытқа дейін бір-бірімен екі рет кездесіп, екеуінде де Александр қарсыласына жол берген. Өткен жылдың қыркүйегінде олардың жолдары Стокгольмде (Швеция) тоғысты. Ол уақытта Бублик есеп 1:6, 0:2 болғанда ойынды жалғастырудан бас тартты. Сондай-ақ 2022 жылдың ақпан айында олар Дохада (Катар) кездесіп, француз теннисшісі тағы да мықтырақ болып шықты – 6:7(5), 6:1, 6:4.

Ал әйелдер арасындағы жекелей сында еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина голландиялық Аранча Руспен кездеседі. 22 жастағы Рыбакина "Ролан Гаррос" турнирінде 16-нөмірмен өнер көрсетсе, ал оның 31 жастағы қарсыласы рейтингте 76-орында. 2018 жылдың тамыз айында олар US Open турниріне іріктеуде жартылай финалда кездесіп, 19 жастағы Елена тәжірибелі спортшыға 2:6, 2:6 есебімен жеңілген. Бірақ үш жарым жылдан кейін бұл текетірестің басты фавориті Елена Рыбакина болмақ.

Сонымен қатар әйелдер арасындағы жекелей сында Юлия Путинцева да өнер көрсетеді. Алайда оның қарсыласы әзірге белгісіз. Юлияға іріктеуде жақсы нәтиже көрсеткен спортшылардың бірі қарсылас атанады. Матчтардың кестесі мен нақты уақыты сәл кейінірек белгілі болады.

Естеріңізге сала кетейік, "Ролан Гарростың" іріктеу кезеңіне тағы үш қазақстандық – Тимофей Скатов, Дмитрий Попко және Зарина Дияс қатысқан болатын. Биыл 29 жасқа толатын Зарина Дияс жыл басында өткен Аустралия ашық чемпионатынан кейін жарақат алып қалып, төрт айдай ойнаған жоқ. Өкінішке орай аталған спортшылар негізгі кезеңге өте алмады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу