Ролан Гаррос. Қазақстандық теннисшілердің қатысуымен өтетін матчтардың кестесі

1120

Ролан Гаррос турнирі 1891 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Франция ашық чемпионаты.

Ролан Гаррос. Қазақстандық теннисшілердің қатысуымен өтетін матчтардың кестесі

Бүгін, 24 мамыр Парижде Ролан Гаррос-2022 турнирінің алғашқы кезеңінің финалдық ойындары өтеді. Елена Рыбакина мен Александр Бублик кеше, 23 мамырда кортқа шықты. Спортшыларға да, көрермендерге де кедергі келтірген нөсер жаңбырдың кесірінен қазақстандық теннисшілер ойынды аяқтай алмады. Енді олар кездесулерін бүгін жалғастырады. Сонымен қатар Юлия Путинцева да кортқа шығады. Оның қарсыласы румыниялық Ирина Мария Бара.

Бублик – Риндеркнех және Рыбакина – Рус арасында өтетін матчтар Нұр-Сұлтан уақыты бойынша шамамен 16:30-да басталады. Кешегі ойындар қазақстандықтар үшін жақсы өтті. Бублик француздан 6:2, 4:2 есебімен алға шықты. Ал Рыбакина бірінші сетті сенімді бастап (6:1), екінші сетте 2:4 есебімен жеңіліп қалды.

Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен Путинцева мен Бара арасындағы кездесу Иржи Лехечка мен Давид Гоффеннің кездесуі аяқталғаннан кейін елорда уақытымен 19:00-де басталады.

Жекелей матчтардан бөлек бүгін жұптық сында да алғашқы кездесулер өтеді. қазақстандық Андрей Голубев француз Фабрис Мартинмен дуэтте аргентиналық-бразилиялық жұп Себастьян Баес пен Фелипе Алвеске қарсы шығады. Матч 18:20-ға жоспарланған.

Аталған теннисшілерден бөлек ерлер арасындағы жұптық сайыста Бублик Аустралия ашық чемпионатының (2022) жеңімпазы Танаси Коккинакиспен бірге, ал Александр Недовесов пәкістандық Айсам-Уль-Хак Курешимен бірге өнер көрсетеді.

Әйелдер арасында жұптық сайыста үш қазақстандық теннисші бақ сынайды. Australian Open финалистері Анна Данилина мен Беатрис Хаддад-Майя осы турнирдің 12-ші ракеткалары болып тіркелді. Рыбакина ресейлік Людмила Самсоновамен, ал Путинцева америкалық Даниэль Коллинзбен ойнайды.

Аралас жұптық сайыста (микст) Голубев пен Данилина қазақстандық дуэт құрып, алтыншы нөмірмен кортқа шығады. Бублик ресейлік Натела Дзаламидземен ойнайды. Олардың матчтары алдағы күндері өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу