Ролан Гаррос: Рыбакина екінші айналымға шықты

1135

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина теннистен Францияның ашық біріншілігінің екінші айналымына өтті.

Ролан Гаррос: Рыбакина екінші айналымға шықты

"Ролан Гарростың" 1-турында әлемдік рейтингте 18-ші орында тұрған Рыбакина әлемнің 83-ші ракеткасы, румыниялық Сорана Кырстьямен кездесті. Қазақстандық теннисші бірінші партияда есепті 6: 0 дейін жеткізіп, жеңіске жетті. Ал екіншісінде Сорана ұпай жинауға қанша тырысқанымен, бірақ Рыбакина 6: 3 есебімен қарсыласынан басым  түсті.

Теннисшілер кортта бір сағат бес минут өткізді. Осы уақыт ішінде 21 жастағы Рыбакина бес брейк және екі эйс жасады. Допты ойынға қосу барысында жеті рет қателік жіберді. 30 жастағы Кырстья екі рет қателікке жол берді. "Ролан Гарростың" екінші айналымында Рыбакина Фиона Ферро (Франция) - Хизер Уотсон (Ұлыбритания) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик "Ролан Гарросты" сәтті бастады. Бірінші айналымда қазақстандық француз Гаэль Монфилсті 3: 1 (6: 4, 7: 5, 3: 6, 6: 3) есебімен жеңіп, сенсация жасады. Себебі Монфилс ATP рейтингінде тоғызыншы орында болса, ал Бублик тек 49-шы орында. Келесі турда, 30 қыркүйек күні Бублик эквадорлық Эмилио Гоместі жеңген италиялық Лоренцо Сонегомен ойнайды - 3: 2 (6: 7, 6: 3, 6: 1, 6: 7, 6: 3).

Бұған дейін турнирдің екінші айналымына тағы бір қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин жолдама алған болатын. Ол италиялық Фабио Фогниниден мықты болып шықты - 3: 1 (7: 5, 3: 6, 7: 6, 6: 0). Кукушкин келесі кездесуді 30 қыркүйек аустралиялық Александр Вукичтен басым түскен испаниялық теннисші Педро Мартинеспен өткізеді - 3: 0 (7: 5, 6: 4, 6: 0).

"Ролан Гаррос" биыл коронавирус пандемиясына байланысты 21-қыркүйек пен 11-қазан аралығында өтуде.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу