Ролан Гарроста өнер көрсететін қазақстандық теннисшілердің есімдері белгілі болды

685

Биылғы Ролан Гарростағы фавориттер арасында Елена Рыбакина да бар.

Ролан Гарроста өнер көрсететін қазақстандық теннисшілердің есімдері белгілі болды

Ролан Гаррос 2023 турнирінің негізгі матчтары 28 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Турнирдің қазіргі чемпиондары – польшалық Ига Свентек пен испандық Рафаэль Надаль.

Жеребе нәтижесі бойынша еліміздің бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі немесе арнайы шақырту алған теннисшімен ойнайды. Әлемнің 58-ракеткасы Юлия Путинцева дүниежүзілік рейтингте 88-орында тұрған бельгиялық Марина Заневскаямен шеберлік байқасады.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Александр Бубликтің де Рыбакина сияқты, қарсыласы кейін анықталады. Сонымен қатар әлемнің 147-ракеткасы Тимофей Скатов та жарыстың негізгі бөлігінде өнер көрсетеді. Оның қарсыласы барлық іріктеу матчтары аяқталғаннан кейін белгілі болады.

23 жастағы Рыбакина биыл "Ролан Гарростың" негізгі жеребесіне бесіншірет қатысады. 2019 жылы ол бірінші айналымда жеңіліп, бір жылдан кейін екінші айналымға өтті. Оның ең жақсы көрсеткіші – 2021 жылы ширек финалға шығу, ал өткен жылы ол үшінші айналымда сүрінді. Турнир қорытындысы бойынша оның әлемнің үшінші де, екінші ракеткасы да атануы мүмкін екені белгілі болды. Ал 28 жастағы Путинцева оныншы рет Париж турнирінің негізгі кезеңінде өнер көрсетеді. Сондай-ақ 25 жастағы Бублик Рыбакина сияқты Франция ашық біріншілігінің негізгі матчында бесінші рет өнер көрсетеді. Ол былтыр екінші кезеңнен әрі аса алмады.

Жарыстың жалпы жүлде қоры өткен жылмен салыстырғанда 12,3 пайызға артып, қазір 49,6 миллион еуроны (23,7 миллиард теңге) құрап отыр. Жекелей турнирдің бірінші айналымында жеңілгендердің өзі 69 000 еуро жүлде (3,3 миллион теңге) алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу