Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Олег Болякин құрама хоккейшісі Роман Старченко жайлы маңызды жаңалықпен бөлісті.
– Роман Старченко жақын арада құрамамызға қосылады. Біз жақында онымен сөйлесіп, кеңейтілген тізімге қостық. 25-26 сәуірде ол мұз айдынына шығады деп жоспарлап отырмыз және оны әлем чемпионатына командамен бірге жібереміз деп ойлаймыз. Бұл біз үшін, команда үшін, жанкүйерлер үшін жақсы жаңалық деп санаймын. Роман ота жасатып, қазір оңалту кезеңінен өтуде, жағдайы жақсы. Рома – нағыз көшбасшы ойыншы ретінде бізге қажет. Мұндай ойыншылар киім ауыстыратын бөлмеде де, мұз айдынында да жұмысқа қалай қарау керектігін, қалай ойнау керектігін көрсетеді, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Роман Старченко әлем чемпионатына дайындық аясында кеңейтілген тізімге енбеген болатын.
Роман Старченко – Қазақстан құрамасының рекордсмені және үздік бомбардирі. Соңғы төрт әлем чемпионатында оның еншісінде 22 (9+13) ұпай бар. Бұл көрсеткіш бойынша командада ешкім одан озған жоқ. Алдағы әлем чемпионаты Роман Старченко үшін 17-ші болмақ.
Элиталық дивизиондағы әлем чемпионаты 9 мамырда басталады. Қазақстан "B" тобында Данияның Хернинг қаласында ойнайды. Біздің команда алғашқы ойынын 10 мамырда Норвегияға қарсы өткізеді.