Ол – Португалияның "Спортинг" клубында ойнайтын 17 жастағы футболшы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Спортинг" футбол клубы ел чемпионатының 16-турында "Бенфиканы" қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Жалғыз голды Мозамбик өкілі Жени Катаму салды.
Осы ойында алаңға "Спортинг" сапында Жеовани Кенда шықты. Ол – 17 жастан 8 ай асқан футболшы. Осылайша, бұл оқиға клуб тарихында алаңға шыққан ең жас футболшы ретінде рекордтар тізіміне еніп отыр.
Осыған дейінгі рекорд Криштиану Роналдуға тиесілі болатын. Ол 2002 жылы 17 жастан 10 ай асқанда клубтағы дебюттік ойынына шыққан-ды.
Кенда – Гвинея-Бисау елінің тумасы, кішкентайында Еуропаға қоныс аударған. 2016 жылы "Дамайенсе" клубында доп тепсе, 2017 жылы "Бенфика" академиясынан табылды. Ал, 2019 жылдан бері "Спортинг" сапында жүр.
Еске салайық, Криштиану Роналду "Спортингте" 2002-2003 жылдар аралығында ойнады. Сондай-ақ, әр жылдары "Манчестер Юнайтед", "Реал" және "Ювентуста" доп тепсе, қазір Саудияның "Әл-Наср" клубының намысын қорғайды.