"Ротор" клубы Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Юрий Логвиненкомен келісім-шартты бұзды. Бұл туралы волгоградтық клубтың ресми сайты хабарлады.
"Қорғаушымен келісім-шарт қос тараптың келісімі бойынша қосымша төлемдерсіз бұзылды. Юрийдің денсаулығы оның жаттығу процесіне толық қатысуына мүмкіндік бермеді. Сондықтан ойыншы мен клуб келісім-шартты бұзу туралы шешім қабылдады", - деп жазылған мәлімдемеде.
Логвиненконың айтуынша, ол мұндай шешімді өзі қабылдаған:
"Мен өзім келісім-шартты бұзуды өтіндім және менің бұл шешімімді қолдағаны үшін клуб басшылығына алғыс айтқым келеді. Осындай командада жұмыс істегеніме қуаныштымын және "Роторға" сәттілік, жеңістер мен алға қойған мақсаттарын орындауды тілеймін!" - деп түсіндірді футболшы.
Еске салайық, Логвиненко "Роторға" маусымаралық үзіліс кезінде ауысқан. Бірақ жарақатына байланысты дебют жасай алмады. 32 жастағы қорғаушы – "Ақтөбенің" түлегі. Оның соңғы командасы "Астана" болды. Онда ол 98 ойын өткізіп, 11 гол соқты.
Сонымен қатар биылғы маусымда Ресей премьер-лигасына ауысқан тағы бір қазақстандық футболшы Абат Айымбетов жақын арада "Астана" командасына ауысуы мүмкін. "Крылья Советов" клубында ойнайтын Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов елордалық клубқа ауысуға өз келісімін берді, тек құжаттарды реттеу ғана қалды. "Астана" өз кезегінде ойыншыны маусымның соңына дейін жалға алғысы келеді.
Абат өткен маусымда "Қайрат" сапында 20 матч өткізіп, 10 гол соқты. Ойыншы "Ақтөбенің" түлегі болып табылады (123 ойын, 25 гол). Айымбетов "Крылья Советов" сапында бірде-бір ресми матчқа қатысқан жоқ. Осыған қарамастан шабуылшы Қазақстан құрамасының алдағы ойындарына шақырту алды.
Ермұхамед Мәулен