Рубльдің құны өсуде, теңгенің жайы не болады?

Ресей рубльдің, Қазақстан теңгенің бұдан әрі күшеюіне мүдделі емес. 

Рубльдің құны өсуде, теңгенің жайы не болады?

Ресейде рубльдің құны күн сайын нығаюда, деп хабарлайды inbusiness.kz.

25 мамыр күні Мәскеу биржасындағы доллар курсы 2018 жылдың ақпанынан бері тұңғыш рет 56 рубльден төмендеп, 55,8-ге тең болды. Еуро да рекорд жаңартты. 2015 жылдың 1 маусымынан бері тұңғыш рет 58 рубльден төмендеп, 57,1 көрсеткішіне жетті. 

Сарапшылардың айтуынша бұл соңғы меже емес. 

"Алдағы маусым-шілде айларында доллардың бағасы 50 рубль деңгейіне түсуі мүмкін", – дейді  SberCIB Investment Research сарапшысы Юрий Попов. 

Алайда мұндай пікір айтып отырған сарапшы санаулы.

Рубльдің күшеюі соңғы 9 аптадан бері байқалып отыр. Ақпанда Украинаға қарсы әскери операция басталған кезде құны құлдырап, 10 наурызда 1$/126 рубль болды. Бұдан кейін Орталық банк биржадан валюта сатып алуға арналған 12%-дық комиссияны алып тастау, шетелдік аударымдардың шекті мөлшерін арттыру сынды шектеу енгізді. Экспорттаушылар валюталық кіріс пен табыстың 80%-ын сатуға міндеттелді.

Осындай шаралардың нәтижесінде Ресей валютасының құны арта бастады. Наурыздың соңында доллар 83,6 рубльге тұрақтады. Содан бері өсіп, бүгінгі бағам 55,8 рубльге жетті.

Bloomberg рубльдің күшеюі қатаң валюталық бақылауға байланысты, экономикадағы нақты көріністі көрсетпейді десе де, долларға қарсы құны артқан ең үздік төл ақша, деп бағалады. Мұны Путин де мақтан тұтып, өткен аптадағы экономика мәселелері бойынша жиында "Ресей валютасы биыл әлемдік валюталар арасында ең үздік өсім көрсетті", деп салды.

Алайда мәселе Путин айтқандай қалыпты емес. Батыс сарапшылары бұл тақырыпқа ондаған сараптама жазып, рубльдің өсіміне экономикалық негіз жоқ екенін айтып отыр. "Қызыл қағаздың" қымбаттауына басты себеп – Ресей экономикасының оқшаулануы.

Рубльдің "қадірі артуына" себеп – Путиннің көмекшісі Максим Орешкиннің сөзімен айтқанда "доллар да, еуро да қазір елге керек емес, мемлекет олармен ештеме істей алмайды".

"Соңғы аптадағы рубльдің "секірісіне" басты себеп – салық төлеу кезеңінің өтіп жатуы. 25 мамыр күні Ресейде ауқымды салық төлемі күні, қатарынан бірнеше түрі төленеді", – дейді БАҚ-қа берген сұхбатында Альфа банктің бас экономисті Наталия Орлова. 

Ал еуропалық БАҚ "шетелдік импорттаушылар газ ақысын ресейлік шартпен төлеуге дайын, сонымен қатар капиталды бақылауды күшейту, импорттағы коллапс, энерготасымалдаушыларға бағаның төмендігі рубльді Украинадағы әскери жағдайға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 20%-ға күшейтуге себеп болды" деп түйіндеуде. 

Рубльдің нығаюы – уақытша құбылыс

Қазіргі жағдай уақытша деген сарапшылардың барлығы рубль енді қайта құлдырай бастайтынын ескертуде. 

Мұны РФ Экономикалық даму министрлігі де растайды. Олар маусымда доллар бағасы 70,5 рубль, желтоқсанда 76,4 рубль болады, ал казіргі бағам ең шарықтау шегіне жетті деген байламға келді. 

Ал 25 мамырда АҚШ Қаржы министрлігінің Ресейге берген бас лицензиясының жарамдылық мерзімі бітті. Бұл батыстық кредиторларға Ресейдің Қаржы министрлігінен валюталық қарыз бойынша төлем алуға мүмкіндік беретін еді. Bloomberg АҚШ лицензияны әрі қарай созбайды деп жазды. Егер мұндай жағдай болса Ресей ресми түрде дефолтқа ұшырайды. Бұл жағдайды 180 градусқа өзгертуі мүмкін.

Мұндай сценарий болмаған күннің өзінде салық төлеу мерзімінің аяқталуы да рубль бағамының төмендеуіне әсер етпек. Әрі рубльдің бұдан әрі күшейе беруі Ресейдің өзіне де тиімсіз. Ресей бюджеті үшін тиімдісі – әлсіз рубль, өйткені табыстың басым бөлігін валютамен алады, рубльмен жұмсайды. 

Бұған қоса 2022 жылдың бюджеті 1 доллар үшін 72,1 рубль бағамымен бекітілген. Қазіргі бағам бюджет үшін қолайсыз. Сондықтан мемлекет рубльдің құнын төмендетуге кіріседі. Сарапшылар жыл соңында ол 70-75 деңгейінде болатынын айтуда. 

Теңгенің күйі не болады?

Рубльмен қатар қазақстандық теңге де долларға шаққанда қымбаттай түскені белгілі. 25 мамыр KASE-дегі сауда-саттық нәтижесінде теңге құны 0,4% ( 1,79 теңге) артып, 415,12 теңге болды. 24 мамыр бағам 416,91 теңгені құраған еді. Теңге құнының артуына бірнеше фактор әсер еткен.

"Сәуірде шетел валютасына сұраныс төмендеді. Қазақстан қор биржасында орташа сауда-саттық көлемі 179 млн доллардан 92 млн долларға азайды. Бұл логистикалық көлемнің азаюымен, жүк жеткізудегі кедергілерден пайда болған импорттың азаюымен байланысты. Жеке тұлғалардың теңгеге сұранысы артты", – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Сонымен қатар сарапшылар теңге құнының өсуін салық төлеу мерзімімен байланыстырады. Сондықтан теңге құнының артуы да Ресейдегідей уақытша құбылыс болуы мүмкін. 

"Бюджет 1 доллар 460 теңге болжамымен бекітілгенін ескерсек, бюджеттегі "тесікті" жабу үшін мұнайды көбірек сату, қарыз алу немесе Ұлттық қорға қол салуға мәжбүр болады", – дейді сарапшы Арман Бейсембаев.

Бүгін мұны Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та журналистерге берген сұхбатында атап өтті.

"Наурызда Үкімет бюджетті қайта қарап, доллар бағамын 460 теңге болжамымен бекітті. Сондықтан осы бағамға бағыт ұстайық", – деді министр. 

Бұл мемлекеттің құнды теңгеге құмартпайтынын білдірсе керек. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу