Рукоjob пен РыбаКөп: бизнес неге ерсі аттарға ден қойды?

4388

Бұл креативке жалпақ жұрт не күлерін, не жыларын білмей дал.  

Рукоjob пен РыбаКөп: бизнес неге ерсі аттарға ден қойды?

Кейінгі кездері қалаларда дүкендердің, мейрамхана-дәмханалардың маңдайшаларын, тауарлар маркасының атауларын оқыған адамдар жаға ұстап, айран-асыр болып жүр. Жуырда елордалық тұрғындардың бірі әкімге "Понаехали" барлар желісінің атауына шағымданыпты. Бұл кейіс сөз қазақтың "қаңғып келгендер" деген мағынасында өзге өңірлерден көшіп келгендерге бағытталатыны мәлім.

Ал 2015 жылдың басында елордада "ЯБВДУЛ" бары өз атауын өзгертуге мәжбүр болды. Қала тұрғыны Ермек Темірбаев Астана әкімдігінің ресми сайтына шағым жазып қалдырғаннан кейін әлеуметтік желіде қызу пікірталас туды. Осы әдепсіз сөздің жанында қазақтың бұрымды оқушы қызының үлкен суреті орналасты. Ол баннер бұрын сол жерде болған дүкеннен қалыпты. Ақыр соңында қоғамның қысымымен және жергілікті шенділердің ескертуіне орай кальян барының иесі бірер әріп қосып, атауын "Абдула"-ға ауыстырған. 

Сарапшылардың айтуынша, қисынсыз, оғаш, тіпті, ұятсыз атауларды таңдау жөнінен барлар алдына қара салмайды. Мысалы, "БарСук", "Пасижу", "Ты уху ел?", "Мам я в хлам", "Без шнура" деп кете береді. Халық мұндай атауларға жергілікті жауапты органдардың қалайша рұқсат беретінін түсінбейді.

"Күлкілі, келеңсіз, оғаш атауларды кәсіпкерлер әдейі таңдайды. Бұл – тамаша маркетингтік тәсіл. Сол арқылы лезде ел есінде қалады, халық талқылап, танымалдылығын арттырады. Тек тым шектен шығып кетуге болмайды. Онда қоғамның қатаң сынына ұшырап, жергілікті билік брендті күштеп өзгертуге мәжбүр етеді. Жалпы бұл тәжірибе посткеңестік елдерде көп тараған. Еуропада, АҚШ-та сирек. Оның үстіне бизнесте әзіл-қалжыңға әрдайым орын бар. Онсыз қызу жұмыстан, әр жақтан төнген қысымнан жынданып кетуге болады. Сонымен қатар клиенттер түнгі барға, мейрамханаға тек тамақ, арақ ішу үшін ғана емес, көңіл көтеру үшін келеді. Маңдайшадағы езу тартқызар жазуға көзі түсіп, көңілі көтерілсе, онда бас сұғады, біраз отырады, көбірек тапсырыс береді деген сөз", – дейді белгілі ресторатор Алексей Васильчук.

Бұдан өзге салалар да қалыспайды. Нәтижесінде, "РукоJob" сантехника және электрика дүкені, "РыбаКөп" балықшылар дүкені "Заводные яйца", "Между ног", "Шашлық-машлық", "Суши-Муши", "Сушняк" (суши) дәмханалары, "Ганибал" бистросы секілділер пайда болған.

Шығысқазақстандық бизнесмен Лариса Куропаткина әріптестерін бұған шенеуніктер де итермелейтінін айтады. Себебі дені дұрыс брендтердің бәрі (жөндем домендік атаулар секілді) жекешелендіріп алынған. 

"Мен, мысалы, 2019 жылдың 17 қыркүйегінде Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институтына "Вкуснодел" тауарлық белгісін тіркеуге өтініш жолдадым. Алдын ала іздеу нәтижесінде бұл белгі бұрын тіркелуі мүмкін деген қорытынды келді. Бірақ бұған дейін болған "Вкуснодел КЗ" сауда маркасының әрекет ету мерзімі 2018 жылғы 29 маусымда біткенін анықтадым. Яғни содан бері бір жылдай өткен. Соған қарамастан биылғы 2020 жылғы 14 сәуірде Ұлттық зияткерлік меншік институтынан бас тартқан хат келді. Біз сұрап отырған "Вкуснодел" басқа бір компанияның – "Constant-A" ЖШС-ның өтінішіндегі маркамен ұқсас болып шығыпты", – дейді Лариса Николаевна.

"Constant-A" осынау есте тез сақталар "дәмді" атауды иеленуге 2019 жылғы 24 маусымда өтініш берген. Тиісінше басымдыққа ие. 

"Сорақысы сол, бұл жауап өтініштерді қарауға бөлінген мерзім аяқталып қалған тұста келді. Әділет министрлігінің әлгі орталығы неге бірінші жүгінгенімізде "Вкуснодел" сауда маркасына өзге компания бұрын өтініш беріп қойғанын хабарламаған? Бұл масқара ғой. Егер алдын ала тексеруден өту кезінде осылай ұзақ сергелдеңге салатын болса, кәсіпкер қалайша өз ойына келе қалған әдемі атауды жедел тіркеле алмақ? Біз жауапты бір жылдай зарыға күттік. Оң жауап келер деп, үміттендік. Енді бетімізді қайтарып отыр. Салдарынан бізге жаңа сауда маркасын ойлап табуға тура келеді", – деп қамығады кәсіпкер.

"Сол да қиын болып па?" деуіңіз мүмкін.

"Бұл оңай шаруа емес. Өйткені ол атау қолданыстағы және тіркеліп қойылған бірде бір атауға ұқсамауға тиіс. Бізге айтқаны: ол тыңнан құрастырылған, фантазиядан туған болуы қажет. Ол өте күрделі. Тіркелген сауда белгілері сансыз көп, тұтас мұхит. Қазіргі кезде біз басқа тауарлық белгіні тіркеу үшін тағы бір өтініш беріп қойдық", – дейді кәсіпкер Л.Куропаткина.

Бизнесмендер отандық бюрократияның оралымсыздығынан зардап шегіп жүр. Өйткені орыс тіліндегі "өтімді" атауларды – Ресей, шет тілдегісін – жер-жаһандағы өзге бәсекелестері секунд сайын талап әкетіп жатыр. Нәтижесінде тек қазақша атауларға таласу немесе шетелден франшизбен сатып алу қалады.

Кәсіпкерлердің байламынша,біріншіден, Үкімет сауда белгісінің алдын ала сараптамасының мерзімін мейлінше азайтып, шектегені жөн.

Екіншіден, тауар белгісін тіркеу туралы өтініш неғұрлым қысқа мерзімде қаралып, бекітілгені абзал. Үшіншіден, жаңа тауарлық белгілерді тіркеуге арналған іріктеу критерийлерін шенеуніктер жасырын ұстамай, елге жариялап, жалпыға қолжетімді форматта ұсынуы керек.  

Бұған қоса, сауда маркасын алдын ала іздеуге мүмкіндік беретін ресми портал не сервис ашса, артық болмас еді. Мұның үлгісін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мысалы, Gmail, Mail.ru секілді тегін пошта сервисінде тіркелгенде пайдаланушылар ең алдымен өзіне ұнаған электронды пошта атауын меншіктеуге тырысады. Әйткенмен егер ондай атаудағы е-пошта бар болып шықса, сервис ол жайында лезде хабарлап, өзге нұсқаларды ұсынады.

Ұқсас қызметті Әділет министрлігі көрсете бастаса, бизнес нысандары уақытын да, ақшасын да үнемдер еді.

Құлаққа жағымды, ақылға қонымды атаулар таба алмаған соң, кәсіпкерлер қиялға қанат қақтыруға мәжбүр. Ал қиялдың бәрі әдепті емес...

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу