Бұл туралы Румынияның сыртқы істер министрі Дан Некулэеску Берлинде Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефульмен келіссөз жүргізгеннен кейін мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты BILD басылымына сілтеме жасап.
Бухарест мұндай өтінішті Қара теңіз аймағындағы жағдайдың шиеленісуімен түсіндірді. Некулэескудің айтуынша, Ресей тарапынан аймақтағы қауіпсіздікке әсер ететін әрекеттер жиілеген. Олардың қатарында әуе кеңістігін бұзу, азаматтық кемелерге шабуыл жасау және диверсиялық әрекеттер бар.
НАТО елдерінің арасында Украинамен ең ұзын құрлық шекарасы Румынияға тиесілі. Сондықтан бұл ел соғыстың салдарына жиі ұшырап отыр.
Румыния Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Ресейдің Украинаға кең ауқымды басып кіруі басталғалы бері ресейлік дрондар елдің әуе кеңістігін 33 рет бұзған. Оның 18-і 2026 жылы тіркелген, 3 дрон атып түсірілген.
Биыл мамыр айында дрондардың бірі Галац қаласының халық тығыз орналасқан ауданына құлап, 2 адам зардап шеккен.
Сонымен қатар Румыния Германияның Қара теңіздегі теңіз қауіпсіздігі орталығын құруға қатысуына мүдделі. Орталық Румыния аумағында орналасып, аймақтағы жағдайды бақылау мүмкіндігін арттыруға тиіс.
Некулэеску Берлиннің бұл жобаға қатысуын қажет деп санайтынын жеткізді.