Елена Рыбакина әлемнің үздік 10 теннисшісінің қатарынан шығып қалды. Әзірге бұл live-рейтингте. Бірақ Штутгарттағы WTA 500 турнирі аяқталғаннан кейін ресми түрде кестеде 11-сатыға жайғасады.
Өткен жылы Рыбакина Штутгарт турнирінде жеңіске жеткен еді. Ал биыл турнирді өткізіп алды. Себебі Қазақстанның бірінші ракеткасы Билли Джин Кинг кубогының 2025 жылғы финалдық кезеңіне шығуға көмектесу үшін ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, Аустралия мен Колумбияға қарсы екі матчта жеңіске жетті.
Нәтижесінде, Штутгарттағы турнирге қатыса алмай, 500 рейтингтік ұпайынан айырылды.
Рыбакинаны америкалық теннисші Эмма Наварро басып озды. Турнир қорытындысы бойынша, егер ресейлік Диана Шнайдер Штутгартта жеңіске жетсе, қазақстандық теннисші тіпті 12-орынға дейін төмендеуі мүмкін.
Қазақстанның бірінші ракеткасы 2023 жылдың 6 ақпанынан бері WTA рейтингінің үздік ондығында болды. Оның ең жоғарғы рейтингі – үшінші орын. Үздіктер қатарына қайта оралу үшін Еленаға ірі турнирлерде жеңіске жетіп, қажырлы еңбек етуге тура келеді. Теннисшіміз енді үздік үштік қатарына қайта орала ала ма?... Мұны уақыт көрсетеді.