Рыбакина әлемдік рейтингте тағы бір саты жоғарылайды

779

Ролан Гарростағы сенсация Рыбакинаның рейтингіне әсер етті.

Рыбакина әлемдік рейтингте тағы бір саты жоғарылайды

Әлемнің 3-ракеткасы америкалық Джессика Пегула Франция ашық біріншілігі Ролан Гарростың төртінші кезеңіне өте алмады. Үшінші айналымда оны Бельгия өкілі Элиз Мертенс жеңді. Бұл нәтиже Париждегі Үлкен дулыға жарысының қорытындысы бойынша қазақстандық Елена Рыбакинаның рейтингіне қалай әсер етпек?

Пегула мен Мертенс арасындағы кездесу екі сетте Мертенстің сенсациялық жеңісімен аяқталды - 6:1, 6:3. Өткен жылы Джессика Ролан Гарростың ширек финалына шықты. Ал бұл жолы өткен маусымдағы ұпайларын сақтап қала алмады. Сондықтан америкалық теннисші аз да болса ұпай саны бойынша Рыбакинаға ұтылады.

Әлемдік рейтингте Рыбакинаның Пегуладан басымдығы 185 ұпай болса, Францияның ашық чемпионатында да жеңіліп қалған француз Каролин Гарсиядан (№5) 65 ұпайға озып кетті. Нәтижесінде Елена турнир соңында өзіне осы екі теннисшіден жоғары орынға ие болады.

Енді Рыбакина 12 маусымда Ролан Гаррос қорытындысы бойынша рейтингтерді жаңартқаннан кейін әлемнің үшінші ракеткасы атануы мүмкін. Үздік екілікте тұрған Ига Швентекке де, Арина Соболенкоға жету үшін қазақстандық теннисшінің ұпайы әзірге аздық етеді.

Бұл ретте Рыбакинаның төртінші орында қалуының шамалы математикалық ықтималдығы да бар. Ол үшін осы турнирде Онс Жабердің (№7) жеңісі қажет және Рыбакина жартылай финалға шықпауы керек. Онс титулды жеңе алмаса, Елена әлемнің жаңа үшінші ракеткасы болатыны сөзсіз. Рыбакина "Ролан Гарростан" кейін төртінші орыннан төмен түспейді. Ал оның үздік үштікке енуіне тек Жабер кедергі келтіруі мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, Рыбакинаның 3 маусымда елорда уақыты бойынша 15:45-те үшінші кезеңдегі кездесуін өткізеді. Оның қарсыласы испаниялық Сара Соррибес Тормо болмақ. Сараның рейтингі (әлемдік рейтингте 132-орында) Еленадан әлдеқайда төмен екенін ескерер болсақ, үшінші кезеңде де Еленаның жеңіске деген мүмкіндігі айтарлықтай жоғары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу