Рыбакина әлемнің екінші ракеткасына қарсы тұра ала ма?

1899

9 шілде Қазақстан теннисінің тарихында қалады. Бүгін еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина "Уимблдон 2022" турнирінің финалында өнер көрсетеді.

Рыбакина әлемнің екінші ракеткасына қарсы тұра ала ма?

23 жастағы Рыбакинаның қарсыласы "Үлкен дулыға" турнирінің финалының тағы бір дебютанты, әлемнің екінші ракеткасы, 27 жастағы Онс Жабер болмақ. Елена мен Онс өзара үш рет ойнап, соңғы екі матч Тунис өкілі үшін жеңіспен аяқталды. 2019 жылы Ухань қаласында (Қытай) 1/16 финалдық кезеңде Рыбакина 6:1, 6:7 (3), 6:2 есебімен жеңіске жетті. Қалған екі кездесу былтыр 2021 жылы өтті. Дубайда (БАӘ) өткен турнирдің 1/16 финалында Жабер есе қайтарды - 7:6 (6), 4:6, 6:2. Ал Чикагодағы (АҚШ) жарыстың жартылай финалында қазақстандық теннисшінің жарақат алуына байланысты ойын мерзімінен бұрын 6:4, 3:2 есебімен Онстың пайдасына аяқталды. Ал "Уимблдондағы" финал Елена мен Онс арасындағы жасыл төсенішті еуропалық корттардағы алғашқы кездесу болмақ. Сондай-ақ бұл олардың кәсіби мансабындағы ең маңызды матч.

Жабер қазіргі таңда мансабындағы ең сәтті маусымды өткізуде. Биыл ол алғаш рет үздік ондыққа енді және қазір әлемдік рейтинг кестесінің екінші қатарында тұр. Онсты әмбебап ойыншы деуге де болады. Ол өзінің мансабында тоғызыншы рет WTA турнирінің финалына шықты. Осы маусымда ол Мадридте (Испания) және "Уимблдон" алдында Берлинде (Германия) өткен беделді турнирде жеңіске жетті. Сонымен қатар Чарлстон (АҚШ) мен Римде (Италия) финалға дейін жетті.

Рыбакина үшін де бұл WTA аясында өтіп жатқан турнирлердегі мансабындағы тоғызыншы финал екен. Жабер осы турнирде алты қарсыласын сеттерде жалпы 12:2 есебімен жеңді. Рыбакинаның нәтижесі сәл жақсырақ - 12:1. Қарсыластардың орташа рейтингі: Онс - 89-шы орындағы, Елена - 67-ші орындағы теннисшілерді жеңген. Қос тениисшінің қарсыластарының әлемдік рейтингтегі орындарын салыстырсақ, қазақстандық теннисшінің қарсыластары әлдеқайда мықтырақ болды. Жалпы, Тунис өкілі осы турнирде кортта 8 сағат 22 минут, ал Рыбакина алты кездесуде 9 сағат 42 минут өткізді. Себебі, қазақстандық спортшының тай-брейкте шешілетін немесе 7:5 есебімен аяқталатын ойындары көбірек болды. Салыстыра кетсек:

Жабер 6:1, 6:3 Бьорклунд.
Жабер 6:4, 6:0 Кава.
Жабер 6:2, 6:3 Парри.
Жабер 7:6(9), 6:4 Мертенс.
Жабер 3:6, 6:1, 6:1 Боузкова.
Жабер 6:2, 3:6, 6:1 Мария.

Рыбакина 7:6(2), 7:5 Вандевеге.
Рыбакина 6:4, 7:6(5) Андрееску.
Рыбакина 7:6(4), 7:5 Чжэн.
Рыбакина 7:5, 6:3 Мартич.
Рыбакина 4:6, 6:2, 6:3 Томлянович.
Рыбакина 6:3, 6:3 Халеп.

Айта кететін жәйт, Елена "Үлкен дулыға" турнирінің екі жеңімпазы – Андрееску мен Халеп сияқты танымал қарсыластарды жеңді. Ал Жабердің қарсыластары арасында бұрын соңды мұндай турнирлердің финалына шыққандар да болған жоқ. Осы турнирде эйс бойынша Рыбакина көш бастап тұр. Жаберге келер болсақ, жетінші орында. Сонымен қатар Елена допты ойынға қосу бойынша ең мықты теннисшілердің бірі. Оның көрсеткіші 196 км/сағ. Ал Онсты Еленамен мұндай көрсеткіштер бойынша тіпті салыстыруға да келмейді. Себебі бұл тунистік теннисшінің осал тұсы.

Финалға шыққаннан кейін Рыбакина Қазақстан Республикасы президентінің құттықтауын алды. Турнир аяқталған соң қомақты ақшалай жүлдеге де ие болып, әлемдік рейтингте көшбасшы теннисшілердің қатарынан орын алары сөзсіз.

Финалдық матч бүгін Лондонда елорда уақытымен 19:00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу