Рыбакина әлемнің "Жыл ойыншысы" атағына үміткер атанды

1210

Еліміздің бірінші ракеткасы, Уимблдон-2022 чемпионы Елена Рыбакина "Жыл ойыншысы" аталымы бойынша үміткерлер қатарына кірді.

Рыбакина әлемнің "Жыл ойыншысы" атағына үміткер атанды Фото: ktf.kz

Жоғары марапатқа әлемнің бірінші ракеткасы, "Ролан Гаррос", US Open және тағы алты жарыстың жеңімпазы, Польша өкілі Ига Швентек, дүниежүзілік рейтингіде екінші тұрған US Open және Уимблдон финалисі, Мадрид пен Берлин чемпионы, тунистік Онс Жабер таласпақ. Бұдан бөлек, америкалықтар, әлемнің жетінші ракеткасы, Ролан Гаррос финалисі Кори Гауфф, рейтингіде үздік үштіктегі Гвадалахара чемпионы Джессика Пегула, сонымен қатар биыл WTA қорытынды турнирінде топ жарған франциялық Каролин Гарсия тізімге іліккен.

Биыл тамаша нәтижеге қол жеткізген Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина отандастарының қолдауын үнемі сезінетінін айтып, ҚТФ баспасөз қызметіне сұхбат берді.

-2022 жыл аяқталып келеді, бұл жыл өзің үшін табысты болды ғой, Елена, солай ма?

- Иә, тұтастай алғандай, сәтті болды. Әсіресе, Уимблдондағы жеңісім талайлар армандайтын титул екендігі анық. Командалық жарысты алсақ, біздің ұлттық құрама алғаш рет әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде өнер көрсетті. Бұл – біз үшін үлкен тәжірибе, келесіде бұдан да табысты ойнаймыз деп үміттенемін.

-Биыл Уимблдонда жеңіске жеттің. "Үлкен дулыға" турниріндегі жеңістен кейін өміріңде не өзгеріс болды?

- Елдің назарына ілігіп, міндет пен жауапкершілік жүгі ауырлай түсті. Әрине, бұл жеңістің тың серпіліс бергені анық. Дегенмен түбегейлі өзгеріс болды деп айта алмаймын.

-Елена, өткен жылы Токио Олимпиадасында сәтті ойнап, жартылай финалға дейін жеттің. Сен үшін "Үлкен дулыға" жарысындағы жеңіс пе, әлде Олимпиада ойындарының "алтыны" маңызды ма?

- Бұл күрделі сұрақ екен. Сөз жоқ, Олимпиадада да, "Үлкен дулыға" додасында да жеңіске жеткім келеді. Олимпиада ойындарынан кейін барлық қазақстандық жанкүйерлердің орасан зор қолдауын сезіндім. Уимблдоннан кейін де солай болды. Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде көптеген тілектер жазылды. Бұл маған күш береді, қай турнир болмасын жеңіске жеткім келеді (күлді).

-Ұлыбритания ашық чемпионатынан кейін мол табыс таптың. Осыған байланысты қарыз сұрап немесе көмек көрсетуді өтінген адамдар көбейді ме?

- Иә, жәрдем сұрайтындар бар, мүмкіндігіме қарай қолұшын беруге тырысамын.

-Қазақстан намысын абыроймен қорғап келесің. Жанкүйерлерің үшін қызық қой – қазақ тілінде үш сөз айтшы?

- Сәлем, рахмет және алға!

-Әйелдер арасындағы жарыстарда әлемнің маңдайалды теннисшілерімен сынға түстің. Біразын жеңдің. Егер жігіттермен ойнауға мүмкіндік болса, кімді таңдар едің?

- Маған Роджер Федерердің ойыны ұнайды. Онымен кортқа шыққым келеді. Өкінішке қарай, ол кәсіби мансабын аяқтады. Мүмкін, алдағы уақытта кездесіп, шеберлік байқасып қалармын.

-Уимблдонда ерлер арасында Новак Джокович жеңіске жетті. Ол – "Үлкен дулыға" турнирлерін 21 рет ұтқан ойыншы. Осындай атақты теннисшімен қатар алғашқы титулға ие болу сен үшін қаншалықты маңызды?

- Иә, әлемдегі ең байырғы да беделді жарыста Новакпен бірге жеңіс тұғырында тұру – мен үшін үлкен құрмет. Марапат тапсырылған салтанатты рәсімде онымен қатар тұрып, аздап әңгімелесудің сәті түсті. Толқыдым әрі ерекше қуаныш құшағында болдым.

-Кәсіби ойыншы болғандықтан, үнемі жол үстінде жүресің, сондықтан Қазақстанға келуің де сирек. Бос уақыт болып, елге келгенде, қай қалада боласың, қай жерлер көбірек ұнайды?

- Астанада жиірек боламын. Алматыға да жол түсіп жүр. Астаналықтар өкпелемес, әзірге Алматы ұнайды (күлді).

-Сұхбат соңында өз жанкүйерлеріңе не айтар едің?

- Жеңіс кезінде ғана емес, ұтылып қалған сәтте де мені қолдайтындардың бәріне риясыз алғыс айтқым келеді. Мен әрқашан сіздердің қолдауларыңызды сезінемін. Бұдан былай да солай болады деп үміттенемін. Келесі жылы кездескенше! Алға, Қазақстан!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу