Бүгін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннатиде (АҚШ) WTA 1000 - Western & Southern Open турниріне қатысады. 24 жастағы теннисшінің жарыстың екінші айналымындағы қарсыласы латвиялық Елена Остапенко болмақ. Әлемнің төртінші ракеткасы рейтингінің жоғары болуына байланысты жарысты бірден екінші айналымнан бастайды. Ал әлемдік рейтингте 20-шы орында тұрған 26 жастағы Остапенко чехиялық Каролина Плишкованы 1:6, 6:3, 6:4 есебімен ұтып, турнирдің бірінші айналымындағы кедергіні еңсеріп үлгерді.
Енді көрермендер Рыбакина мен Остапенконың текетіресін күтуде. Оған қоса қыздар бесінші рет өзара ойнайды. Қазіргі таңда жеке кездесулердегі есеп тең – 2:2. Олардың жолдары алғаш рет 2019 жылы Аустрияның Линц қаласында өткен турнирде тоғысты. Одан кейін Остапенко екі сетте жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты – 7:5, 6:1. Екі жылдан кейін олар Англияның Истборн қаласында жартылай финалдық кезеңде кездесті. Бұл жолы тағы да латвия теннисшіге сәттілік серік болды - 6:4, 6:1.
Ал ағымдағы жылы Австралия ашық біріншілігінің ширек финалында Рыбакина 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Римдегі (Италия) турнирдегі кездесуі де дәл осындай есеппен аяқталды. Бұл жартылай финалдық кезең аясында болды. Оның үстіне сол матчта жанжал шықты: Остапенко Рыбакинаға балағат сөздер айтып, мұны қазақстандық теннисшінің бапкері естіді.
Рыбакина Цинциннатиде бес рет ойнады және жыл сайын оның Огайо штатындағы турнирдегі көрсеткіштері жақсаруда. Өткен жылы Қазақстанның үздік теннисшісі ширек финалға шықты. Остапенкоға келер болсақ, ол мұнда алты рет өнер көрсетіп, үшінші кезеңнен әрі асқан емес.
Рыбакина мен Остапенко арасындағы кездесу үшінші кортта өтеді және Астана уақытымен 03:00-де басталады. Үшінші айналымдағы матчтың жеңімпазы Ясмин Паолини (Италия) - Кристина Буча (Испания) жұбының жеңімпазымен ойнайды. Бұл кездесу де ертең түнде өтеді.