Елена Рыбакина Дүниежүзілік теннис лигасының (WTL) турниріне қатысады. Бұл бейресми жарыстың бірінші маусымы Дубайда (БАӘ) 19-24 желтоқсан аралығында өтеді. Біз осы жаңа турнир, Рыбакинаның командасы және оның қарсыластары туралы толығырақ айта кетуді жөн санадық.
Бұл жаңа турнир 2014-2016 жылдар аралығында өткізілген International Premier Tennis League (IPTL) командалық жарысын еске түсіреді. Бірақ ол жарыспен салыстырғанда форматы қарапайым және күнтізбесі қысқарақ болмақ. Жалпы турнирге төрт командаға бөлінген 18 теннисші қатысады - "қырандар", "сұңқарлар", "қаршығалар" және "батпырауықтар" командасы. 23 жастағы Уимблдон чемпионы "қаршығалар" сапында өнер көрсетеді және оның әріптестері Александр Зверев (№12), аустриялық Доминик Тием (№106) және эстониялық Анет Контавейт (№17) болмақ. Елена қазіргі таңда әлемдік рейтингте 22-орында тұр.
"Қырандар" сапында Ник Кирьос, Каролин Гарсия, Рохан Бопанна, Бьянка Андрееску және Андреас Сеппи өнер көрсетеді. "Сұңқарлар" үшін - Новак Джокович, Арина Соболенко, Григор Димитров және Паула Бадоса ойнайды. "Батпырауықтар" командасында Феликс Оже-Альяссим, Ига Швентек, Хольгер Руне, Сания Мирза және Евгений Бушар сияқты теннис жұлдыздары бар.
Барлық топтар бір-бірімен ойнайды және кездесулердің қорытындысы бойынша ең үздік нәтиже көрсеткен екеуі финалда қайта кездеседі Командалар арасындағы әрбір кездесу үш матчтан тұрады - бір ерлер, бір әйелдер және аралас жұптық (микст) финалы. Алдын ала ойындардың да кестесі шығып үлгерді. Сонымен, 20 желтоқсанда Рыбакина әлемнің бесінші ракеткасы беларусь қызы Соболенкомен өзара мықтыны анықтайды. 22 желтоқсанда Елена Зверевьпен бірге канадалық Оже-Альяссим мен Бушарға қарсы ойнайды. 23 желтоқсанда қазақстандық спортшы жекелей сында екінші кездесуін әлемнің төртінші ракеткасы, француз Гарсияға қарсы өткізеді.
Бұл матчтардың барлығы Дубайдағы 17 000 орындық Coca-Cola аренасында өтеді. Теннистен бөлек, осы WTL үшін арнайы келетін әртістердің өнерін де тамашалауға болады. Олардың арасында танымал диджейлер Тиесто, Деадмаус және Армин ван Бюрен, нигериялық әнші Визкид, мысырлық әнші Мохамед Рамадан және америкалық автор Ни-Йо бар. Олардың әрқайсысы 19-24 желтоқсан аралығында жеке-жеке өнер көрсетеді (алты ойын күні – алты өнерпаз).
Рыбакина үшін бұл жаңа маусымға жақсы дайындық, сонымен қатар тәжірибе болмақ. Айта кету керек, биылғы маусымаралық кезең қазақстандық теннисшілер үшін ерекше болмақ. Өйткені, отандық спортшылар бұрын қатысып көрмеген түрлі командалық турнирлерге тарихта алғаш рет қатысуда.