Рыбакина эйс жасаудан әлемдік рейтингте көш бастады

1537

Елена 31 матчта 168 эйс жасады.

Рыбакина эйс жасаудан әлемдік рейтингте көш бастады

Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина әлемде эйс жасаудан көш бастап келеді. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Биыл Елена 31 матчта 168 эйске қол жеткізді. Бұл үздік көрсеткіш. Ресейлік Екатерина Александрова екінші орында. Ол 33 ойында 160 эйс жасап үлгерді. Грекиялық Мария Саккари (38 бәсеке, 151 эйс) үздік үштікті түйіндеп тұр.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик әлемде сегізінші орында тұр. Оның еншісінде 386 эйс (31 матч) бар.

Айта кетейік, күні кеше Елена Уимблдон турнирінің екінші айналымына шыққан болатын. Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 157-орында тұрған америкалық Коко Вандевегемен кездесті. Бірінші партия тағдыры тай-брейкте шешіліп, онда Рыбакина айқын басымдылық танытты – 7:6 (7:2). Екінші партияда есеп 5:5 болған мезетте Елена брейк жасай алды – 6:5. Содан кейін өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 7:5. Бір сағат 40 минутқа созылған матч барысында қазақстандық спортшы 11 эйспен бірге 1 брейк-пойнтты пайдалана білді. Қарсыласы 8 эйс жасағанымен, 9 брейк-пойнттың бірде-біреуін іске асыра алған жоқ. Елена екінші айналымда ертең әлемнің 56-ракеткасы, 2019 жылғы US Open жарысының жеңімпазы, канадалық Бьянка Андреескумен шеберлік байқасады. Ол 224-орындағы америкалық Эмина Бектасты оңай ұтты – 6:1, 6:3.

Ал бүгін қазақстандық теннисшілерден Андрей Голубев Уимблдон турнирінде жұптық сайыста дебют жасады. Голубев украиналық серіктесі Денис Молчановпен бірге испаниялық-аустралиялық дуэт Педро Мартинес/Джон Патрик Смитке қарсы ойнап, жеңіліп қалды. Екі сағат 10 минутқа созылған кездесу үш сетте 3:6, 6:7, 4:6 есебімен аяқталды.

Сонымен қатар Уимблдондағы фаворит теннисшілерден әлемдік рейтингте алтыншы орында тұрған норвегиялық Каспер екінші айналымда француз Уго Умберге сенсациялық түрде жеңіліп қалды. Кездесу 6:3, 2:6, 5:7, 4:6 есебімен Умбердің пайдасына аяқталды. Матч екі сағат 36 минутқа созылды. ATP рейтингінде 112-орында тұрған Умбер келесі айналымда аргентиналық Себастьян Баезді 6:1, 6:2, 6:4 есебімен ұтқан бельгиялық Давид Гоффинмен кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу