Қытайдың Шеньчжен қаласында өткен ашық турнирде отандасымыз финалға дейін жетті. Жарыстың жүлде қоры 775 мың АҚШ долларын құрады.
Қыздар теннисінің рейтингісі бойынша (WTA) Елена Рыбакина қазір 36-орында тұр. 2020 жылдың алғашқы турнирін сәтті бастаған ол бірінші айналымда қытай теннисшісі Сайсай Женгті жеңді. Екінші айналымда Елена тағы бір қытайлық теннисші Яфан Вангты ұтты. Ол рейтингте 48-орында тұрған еді. Сосын әлемдік рейтингтің 17-сатысында тұрған бельгиялық Элиза Мертенстің де Рыбакинаға шамасы жетпеді.
Ал жартылай финалда Рыбакина чехиялық Королина Плишкованы екі сетте жеңді. Есеп 6:2, 7:5. Осы жеңістің арқасында Елена Рыбакина Қазақстанның нөмірі бірінші ракеткасы атанды. Жаңартылған рейтингте ол енді алғашқы болып тұрады. Ең соңғы кездесуде Елена ресейлік теннисші Екатерина Александровадан жеңіліп қалды.
Ал осы кезге дейін бірінші ракетка болған Юлия Путинцева Аустралияның Аделаида қаласында өтіп жатқан теннис турниріне қатысуда. Бұл жарыстың жүлде қоры 886 мың долларды құрайды. Юлия іріктеу айналымынан өтсе, одан ары қарай чехиялық Маркета Вондорусовамен кездесу керек болады.
Ермұхамед Мәулен