Рыбакина испаниялық теннисшіден айласын асыра ала ма?

1333

Цинциннатидегі (Огайо штаты, АҚШ) беделді WTA 1000 турнирінің екінші кезеңінде Уимблдонның екі чемпионы – қазақстандық Елена Рыбакина мен испаниялық Гарбинье Мугуруса кездеседі.

Рыбакина испаниялық теннисшіден айласын асыра ала ма?

Бір күн бұрын әлемнің 25-ші ракеткасы атанған 23 жастағы Рыбакина мысырлық қарсыласы Майяр Шерифті 6:3, 6:2 есебімен ұтып, жарыстың алғашқы кезеңіндегі кедергіден сүрінбей өтті. Бұл қазақстандықтың Уимблдонның жартылай финалындағы табысынан кейінгі екі сеттегі алғашқы жеңісі.

Ал әлемнің тоғызыншы ракеткасы осы турнирдің сегізінші ракеткасы болып тіркеліп, жоғарғы орында болуына байланысты автоматты түрде екінші кезеңге өтті. 28 жастағы Гарбинье Цинциннатидегі турнирді Рыбакинаға қарсы кездесуден бастайды. Ол да Елена секілді Уимблдонның чемпионы. Испаниялық бес жыл бұрын, 2017 жылғы маусымда аталған турнирде жеңіске жеткен болатын.

Бұл Рыбакина мен Мугуруса арасындағы үшінші матч болады. Алдыңғы екі кездесу 2021 жылы өткен. Алдымен Берлиндегі (Германия) жарыста Испаниядан келген әлемнің экс-бірінші ракеткасы жеңіске жетті – 6:4, 6:3. Алайда араға бір жарым ай салып Елена Токиода (Жапония) өткен Олимпиада ойындарының ширек финалында есе қайтарды – 7:5, 6:1.

Уимблдондағы жеңістен кейін Елена небәрі төрт кездесу өткізді. Әзірге жеңіс пен жеңілістер саны тең – 2:2. Рыбакинаның мансабындағы ең үлкен жеңісінен кейін әзірге оның ойынында тұрақтылық жоқ. Бірақ Мугуруса қазіргі таңда бабында деп айта алмаймыз.  

Биылғы Уимблдонда Гарбинье бірінші айналымда-ақ жеңіліп қалды. Ол рейтингте екінші жүздіктен орын алған бельгиялық Гретье Минненге есе жіберді – 4:6, 0:6. Содан кейін Торонтодағы (Канада) турнирде өнер көрсеткенімен, екінші кездесуінде швейцариялық Белинда Бенчичтен жеңілді 1:6, 3:6.

Енді екі теннисші де US Open турнирінде бәсекеге қабілетті болу үшін барын салуға тырысады. Биылғы соңғы "Үлкен дулыға" турнирінің басталуына екі аптадан аз уақыт қалды. Алдағы ойында қазақстандық теннисші айқын фаворит. Уимблдоннан кейін жанкүйерлердің үмітін ақтау оңайға соқпасы анық. Бірақ Мугурусаның жағдай өте нашар. Себебі соңғы 11 матчта тек үш жеңіске жетті. Ал біз Рыбакина жеңіске жетіп, Цинциннатидің 1/8 финалына жолдама алады деген сенімдеміз. Қос теннисші арасындағы кездесудің жеңімпазы параллельді матчта Элисон Риск Мария Буузкова жұбының жеңімпазымен сынға түсетін болады.

1/16 финал аясында Рыбакина мен Мугуруса арасындағы текетірес елорда уақытымен бүгін 23:40-та басталады.  

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу